Адасушылықтың алдын алудың жолы —ағартушылық

Қазақстан 130-дан астам ұлт өкілдері тұратын зайырлы мемлекет. Мемлекетіміз жүргізетін саясат ұлттар арасындағы татулықты сақтап қана қоймай, олардың өзара түсіністікте, тең құқықта өмір сүруін қамтамасыз етуде. Қазақстанда 18 қазан күні конфессияаралық татулықты ту еткен Рухани келісім күні аталып өтіледі. Еліміздегі этнобірлестіктер де әртүрлі конфессиялар арасындағы келісімнің нығайғандығын айғақтайды. Бір ғана Ақтөбе қаласындағы «Достық» үйінде 19 этнобірлестіктің тату-тәтті үйлесімді қызмет етіп келе жатқандығы осының бір айғағы.
Қазақстан — бір шаңырақ астында сан ұлттарды ұйыстырып қана қоймай, іргелес жатқан елдермен де етене араласып, бейбіт мәміледе, көркем қарым-қатынас жасап келе жатқан жасампаз ел.
Бүгінде жер-жерге үрейін сепкен діни экстремизм мәселесі әлемдік деңгейдегі проблемаға айналып отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің халыққа жолдаған бір Жолдауында діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу мәселесіне айрықша тоқталды. Менің ойымша, онымен күресудің ең басты тетігі — осы жолда күш біріктіріп, бірлесе әрекет ету болмақ.
Қазақстандағы бүгінгі діни ахуал тұрақты. Қазақстан мұсылмандарының басын біріктіру жолында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы аянбай еңбек етіп келеді. Бірнеше бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Соның ішінде 2015 жылы ҚМДБ жанынан құрылған Ғұламалар кеңесін атап өтуге болады. Бүгінде Ғұламалар кеңесі қоғамдағы күрделі тақырыптар бойынша пәтуалар шығаруда. Азаматтық неке, жыныс мүшесін ауыстыру, қабірді зиярат ету, «Такфир уал-хижра» ағымының адасушы екендігі және жалған жиһадшыларға ермеу жөнінде шариғат негізінде діни үкім берді.
Адасушылықтың алдын алудың бірден-бір жолы — ағартушылық. Сол себепті де Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жамағат арасында дәстүрлі Ислам құндылықтарын жайып, деструктивті теріс ағымдармен күресуді қолға алуда.
Исламда шектен шығудың себептерінің бірі — Исламды дұрыс түсінбеуден, яки танымаудан. Десе де, әрбір дерттің дауасы бар. Ал дінді ұстанудағы шектен шығудың дауасы — Құран мен сүннет құндылықтарын дұрыс үйрену және оған дұрыс амал ете білу. Қасиетті Құранда: «Мынау халал, мынау арам» деп, ауыздарыңа келген өтірікті айта бермеңдер. Алланың атынан өтірік айтқан адамдар мақсатына жете алмайды», — делінген («Нахыл» сүресі, 116-аят). Яғни, дін — адамзат ойлап тапқан дүние емес, ол Алланың діні. Оны өзгертіп, бұрмалау, өз пайымдауымен пәтуа шығару — парасаттылыққа жатпайды.
Шектен шығудың екінші бір себебі — дін ғалымдары мен ұстаздарынан шеттеп жүру. Бұл жайында Жаратқан Жаббар Иеміз: «Мұны білмесеңдер, ғылым иелерінен сұраңдар», — дейді («Нахыл» сүресі, 43-аят). Бірақ, өкінішке орай, адасушы топтың жетегінде кеткендердің ең үлкен қателігі — осы айтылған аятқа амал етпеуінде, ғылымдардың дәлелді сөздеріне тоқтамауында болып отыр. Өйткені, олар үшін өз әрекеттері мен сөздері ғана ақиқат.
Пайғамбарымыз соңғы өсиеттерінің бірінде: «Уа, адамдар! Мен сіздерге берік ұстасаңыздар еш уақытта адаспайтын дүние қалдырдым, ол Алланың кітабы мен Пайғамбар сүннеті», — деген болатын. Сондықтан бүгінгі мұсылманның ұстанымы осы екі қайнар бұлақтың аясында тоғысуы керек. Сол кезде ғана біз адасушылықтан аулақ бола аламыз. Алла біздің ақиқат жолында жүруімізді нәсіп етсін. Әмин!
Төлеби қажы ОСПАН,
Ақтөбе облысының өкіл имамы.

Мақала аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы негізінде жарияланды.