Шалқарлықтар өнерлі қызына құрмет көрсетті

Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде Шалқардың төл перзенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, жезтаңдай, күміс көмей әнші, термеші Айгүл Елшібаеваның концерті өтті.
Киелі Шалқар өлкесінде өмірге келіп, өнер саласында өзіндік орны бар таланттылардың бірі Айгүл Иманқұлқызы еліміздің төл мәдениетінің дамуына орасан зор үлесін қосып келеді. Ол — дәстүрлі ән өнерін дәріптеп, жыршы, термешілігімен ескінің жұрнағын жалғастырған жезтаңдай әнші.
Айгүл Иманқұлқызы 1999 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын әнші, оқытушы, домбырашы мамандығы бойынша үздік тәмамдаған. Қазақ өнерінің тарландары Бекболат Тілеуханов, Сәуле Жанпейісова, Болат Қарақұловтардан дәріс алған. 1999-2002 жылдары Алматы қаласындағы «Гүлдер» мемлекеттік ансамблінде еңбек етсе, 2002-2009 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінде оқытушылық қызмет атқарады. 2009 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Мәдениет орталығында театр және концерт қызметінің театр солисі болып еңбек етіп келеді.
Сахна төрінде А.Елшібаева қазақтың қара домбырасымен қазақ жырауларының және ақтөбелік жыраулық өнер мектебі өкілдерінің жырауларын нақышына келтіріп орындады. Өнерін тамашалауға келген халық қол соғып, қошемет көрсетті. Шалқарлық Түгелбай Құдайбергенов те жырдан шашу шашты. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев егеменді еліміздің мәдениет саласында өзіндік орны бар Айгүл Иманқұлқызының өнерін жоғары бағалап, аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің атынан Құттықтау хат табыстап, сый-сияпат жасады. Сонымен қатар «Шалқар ауданының Құрметті азаматы» атағының куәлігін салтанатты түрде табыстады. Өз кезегінде А.Елшібаева аудан басшылығы тарапынан көрсетілген үлкен құрметке шексіз алғысын білдіріп, қасиетті туған жерінде ел игілі үшін атқарылып жатқан жарқын істерге қуанып жүретінін жеткізді.
Тыл ардагері Оразбай Әділбаев өнер иесіне деген ыстық ықыласын білдіріп, аталық батасын берді. Тыңдарман қауым ризашылықтарын білдіріп, гүл шоқтарын ұсынды.
Шалқарлық өнер сүйер қауым дарынды қыздарының дәстүрлі ән-жырын тыңдап, бір серпіліп қалды.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
«Шалқар».