СПОРТ АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

ҚР Конституциясы күні мерекесіне орай Шалқар қаласындағы №8 орта мектеп ауласында шағын спорт алаңы ашылды. Ертемен оқушылар мен сол аумақтың тұрғындары осы алаңға жиналып, қуанышты сәтті бөлісті. Білім ошағының маңдай алдынан тұрғызылған спорттық нысанның ашылу лентасын қала әкімі Тұрлан Төлегенов пен қала тұрғыны, еңбек ардагері Ұзақбай Тарғынов қиды.
— Спорт елдің атын шығарады. Онымен жастайынан шұғылданса, адам баласының денсаулығы да бүтін болады. Бұл ретте елімізде бұқаралық спортты дамытуға толық жағдайлар жасалған. Осындай спорт алаңдары қаламызда күні бүгінге дейін салынып келді. Биылғы жылдың еншісінде 5 спорт алаңы ауданымызда бой көтерсе, солардың бірінің ашылуына бүгін бәріміз куә болып отырмыз. Талапқа сай жабдықталған бұл алаңның жалпы құны 5 млн. теңгені құрайды. Жастардың нұрлы болашағы үшін әлі де игілікті істер атқарыла береді, — деді құттықтау сөзінде Т.Төлегенов.
Осы рәсімде әкімнің қолынан мектептің бірқатар спортта белсенді оқушылары марапаттар алды.
Шара соңы жасыл реңктегі жаңа алаңда Конституция күніне орайластырылған мектепішілік шағын футболға ұласты.

М.БОҚАН.