МӘМС жүйесініҢ ТИІМДІЛІГІ

Басты байлықтың бүтіндігі үшін денсаулық сақтау саласына үнемі өзгерістер енгізіп, жаңаша жүйелерге көшіру сала жұмысын ақсатпасы анық. Статистикалық деректерге сүйенсек, әлемде дерттің де түрі көбейіп, ол жас талғамайтын болып барады. Енді қайтпек керек?! Бұны қауқарлы медицинасы бар, салауатты өмір салтын ұстайтын мемлекеттер ғана жеңе алады деген жаттанды қағида қалыптасқан.
Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен кәнігі мамандар бұл ретте денсаулық сақтау саласына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МЭМС) жүйесін енгізу кезек күттірмейтін мәселе деп тануда. Қазіргі таңда елімізде осы жүйеге көшу тұрғысында тұрғындар арасында түсінік жұмыстары жүргізілуде. Отандық денсаулық сақтау саласы жалпы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне 2020 жылдан бастап толық көшеді, ал алдағы жылдан бастап аталмыш жүйенің қанат қақты жобасы жүзеге асырылады деп күтілуде.
Осы ретте МЭМС жүйесінің бұқараға тиімділігі мен артықшылығын түсіндіру мақсатында ауданымызға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАК Ақтөбе филиалы халықты ақпараттандыру және өтініштерін қарау бөлімінің сарапшысы Айгүл Жанасаева келді. Ол аудан орталығындағы бірқатар мекемелерде болып, ұжым мүшелерімен жүздесіп, жаңа жүйе туралы мағлұматтар берді. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимаратында өткен кездесуге қала тұрғындары белсене қатысты.
МЭМС — халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қол жетімділігін арттыруға бағытталған жүйе. 2016 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді медициналық қауымдастық және жұмыс берушілер мен тұрғындар арасында кең көлемді ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жаңа жүйенің енгізілуі денсаулық саласының ақылы қызмет көрсетуге толықтай көшуі дегенді білдірмейді. Мемлекет өз азаматтарының денсаулығына пайда табуды көздемейді, керісінше адамға қолайлы медициналық қызмет көрсетуді жетілдіреді. Бұл ретте жұмыс беруші мен қызметкердің арасында да берік түсіністік орнауы қажет. Жалақы төленетін қызметкері үшін міндетті сақтандыру жарнасында жұмыс беруші төлейді. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сай бірыңғай әлеуметтік төлем жасауы тиіс. МЭМС жарнасы осыған кіреді, — деді тұрғындардың сауалдарына жауап беру барысында Айгүл Қондыбайқызы.
Енді міндетті әлеуметтік төлемнен кімдер босатылады? Олардың қатарына: балалар; жұмыс ретінде ресми тіркелген адамдар; жұмыс істемейтін жүкті әйелдер; 3 жасқа толмаған бала (балалар) тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар; бала (балалар) туу немесе жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты баласы 3 жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыс алған адамдар; мүгедек күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар; зейнеткерлер, оның ішінде ҰОС-ның қатысушылары мен мүгедектер; көпбалалы аналар; мүгедектер; мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, т.б. жатады.
Науқастар үшін тиімділігі қандай дегенге келсек, осыған дейін Үкімет бекіткен тегін медициналық қызмет көрсетудің тізбесі бойынша тұрғындарға ем-дом жасалып келсе, жаңа жүйе сол тізбені толықтыра түседі. Яғни, қызмет көрсету сапасы арта түседі. Бұрынғыдай алғашқы медициналық көмек жедел жәрдем шақыру, санитарлық авиация т.б. тегін көрсетіле береді. Науқастардың дертін анықтау мен толықтай емдеуге қажетті шығынды жабу ендігі жерде МЭМС жүйесі арқылы жүзеге асады. Бұл дегеніміз бір жағынан емделушінің қалта шығынын азайтады, ем-дом жасайтын сауықтыру орталықтарының жұмыс сапасын жақсартып, бәсекелестігін арттырады дегенге саяды.
Жиында қойылған сауалдардың дені — салаға қандай жүйе енсе де қызмет сапасы артып, басы ауырып балтыры сыздағанға медициналық көмек қол жетімді болса дегенге тоғысты. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кеңесшісі Нұрболат Мұрсалов өзекті мәселеге орай толымды ақпарат берген Айгүл Қондыбайқызына алғысын айтты.
Халқымыз денсаулықты басты байлыққа теңеп, оның жолында барын аямаған. Ендеше, жаңа жүйе халық сеніміне кірбің түсірмейтіндей игілігі мол бетбұрыс болғай демекпіз.

Мұхтар Кәдірбердіұлы.