Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы болып сайланғалы халыққа арнаған алғашқы «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуі» атты Жолдауының егеменді еліміздің саяси өмірінде алар орны ерекше. Аты айтып тұрғандай, бүгінгі Жолдау — елдің тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық дамуы және өсіп-өркендеуіне бағытталған бірден-бір кепіл болатын стратегиялық маңызы зор құжат.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы уақытқа дейінгі халыққа арнаған дәстүрлі Жолдаулары елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғаны баршаға белгілі. Міне, бүгінгі Жолдау — соның жақсы жалғасы іспеттес.
Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің алғашқы Жолдауында: «…Жұртшылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді.
Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді.
Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету — біздің міндетіміз», — деп ерекше қадап айтты. Әрине, Президенттің Тәуелсіз қазақ елінің кең байтақ жері шетелдіктерге сатылмайтындығы жөнінде айтқан нақты тапсырмасы қарапайым халықтың Мемлекет басшысына деген, Үкіметке деген сенімін арттырып, болашаққа деген үміт отын ұялатары сөзсіз.
Біздің ауданымызда да жерді тиімді пайдалану жөніндегі жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Шаруалар игілігіне шұрайлы жерлерді жарату үшін нақты жоспарларымыз бар.
Қорыта айтқанда, елдің ертеңгі жарқын болашағы мен игілігі жолында аянбай еңбек ете берсек, оның әл-ауқаты да жақсара бермек.
Алтынбай БЕРКІМБАЕВ,
аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы.