«ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ» ТАҢДАУЫ —ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ

Әркімнің сырт болмысы сияқты   шаруаға да түрліше икемі болады. Алайда осы бір бойда бар талант пен шеберлікті күнделікті тірлікте жүзеге асыра алмай жүргендер қаншама?! 
Бүгінгі нарық талабы — талаптыны сүйіп, еңбекқордың бағын жағып жатқанына куә болып жүрміз. Осы тұрғыда Үкіметтен жасалып жатқан нақты қадамдар мен қолдаулар жетерлік. Соның бірі аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек деуге толық негіз бар. Бірақ бұған өмір бойы арқа сүйеп, үнемі масылдықтың диірменін тартып, жанұямды жеткізем деу — қате ұғым. 
Бұл пайыммен қала тұрғыны Ақтоты да келіспейді. Тұрақты жұмысы жоқ оның отбасына атаулы әлеуметтік көмек тиесілі. Алайда ол ай сайын келетін жәрдемақыны күнделікті тірлікке жұмсауды жөн көрмей аталмыш қолдаудың шартты ақшалай көмегінің бір жолғы жәрдемақысын таңдады, яғни, ақшаны жинақтап, кәсіптерін ілгерілетуге жұмсайды. Уақыттар өте қаланың орталығынан «Жібек жолы» атты тігін цехын ашып, онда түрлі тапсырыстар қабылдап, халық игілігіне қызмет ете бастайды. 
Цех бүгінде Шалқар жұртшылығына танымал болып келеді. Оның танымал болуының басты себебі — шағын шеберханада ұлттық ою-өрнегімізге негізделген қазақы салт-дәстүрімізбен астасатын қол өнер бұйымдарының әзірленуі. Атап айтсақ, қыз жасауларын, қазақы кәде сыйлықтарды, киім-кешектерді, бесік құралдарын, сәукелелерді, т.б. осы «Жібек жолына» келіп тапсырыс бере аласыз. 
— Біз тұрғындардың талғамына қарай тігіп береміз. Келушілердің көбі қазақы нақышқа негізделген бұйымдарды тіктірткенді жөн көреді. Қазір адамдардың талғамы өте жоғары. Біз сол үдеден шығу үшін бар шеберлігімізді ортаға саламыз. Бұл ретте маған анам және сіңілім Индира көмектеседі. Қазіргі таңда үш тігін машинамыз бар. Тапсырымыз ауданмен шектеліп қана қоймай, облысымыздың өзге аудандарынан да  түседі. Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан да бізге тапсырыс болды, оны сәтті орындадық. Кәсібіміздің өрлеуіне әлеуметтік желілердің де көмегі көп, өйткені жарнамамыздың басты құралы сол. Тауарларды облыс орталығына барып, өзіміз  әкелеміз. Алда ою-өрнектерді матаға сапалы түсіретін лазерлік станок алсақ деген ойымыз бар. Үкіметтің қолдауына дән ризамыз. Біз сияқты қолынан іс келетін отбасылар қай ортада да бар. Солар көмектерді тиімді пайдаланып, ойлаған істерін жүзеге асырып жатса, қаншама шаңырақтың әлеуметтік ахуалы жақсарар еді, — дейді 30 жастағы үш баланың анасы Ақтоты Жантілеуова. 
Аудандық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмекті 814 отбасы алып келеді. Оның үшеуі осы қолдаудың шартты ақшалай жәрдемақысының бір жолғы ақшалай төлемін алып, өз кәсіптерін жетілдіруді жөн санаған. Солардың бірі — бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз.
«Жібек жолы» атауы уақытында ісмер болған үлкен әжелерінің есіміне орайластырылған екен. Ендеше, шеберхана жұмысы ұрпақтан ұрпаққа жалғасатындай ғұмырлы болсын дейміз.
 

Мұхтар КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.