«ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫМЕН КӨРІКТІ БОЛМАҚ»

Тазалық — баршаға ортақ игілікті іс. Оған әрбір тұрғынның немқұрайлық танытпай, жауапкершілікпен қараса нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Күн санап көркейіп, дамып келе жатқан, отыз мыңға жуық халқы бар қаламыздың бүгінгі жалпы тазалығы қандай? Осы жөнінде қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Тұрлан Төлегеновке жолығып, әңгімелескен едік.
Сонымен…
— «Тазалық — саулық негізі» дегендей, қоршаған ортаның тазалығын сақтау маңызды. Туған мекеніміздің таза әрі әдемі болуы онда тұратын әрбір адамның сүйіспеншілігі мен жанашырлығын қажет етеді. Ол сол жердегі тұрғындардың өздеріне тікелей байланысты.
Қаланың келбетті көркі тек сәнді де сәулетті үйлер, зәулім ғимараттар және жасыл желекті саябақтармен өлшенбейді. Қаланың ажары оның тазалығына да байланысты. 7 мыңға жуық үйі, 165 көшесі бар аудан орталығының тазалығы — әрдайым біздің басты назарымызда. Күн тәртібінен түскен емес. Алайда, қоқыс, құрылыс, тұрмыстық қатты қалдықтарды белгіленбеген жерге ретсіз тастайтын азаматтар азаяр емес және кез келген жерге қойып кететінді әдетке айналдырғандар да бар.
Әрбір саналы азамат өзі тұратын қаланың таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек. Қаламыздың таза, әдемі болуын басты назарда ұстауымыз қажет. Оған үлес қосу — әрбір азаматтың міндеті. Тазалық мәселесіне барлығымыз атсалысуымыз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, оған жергілікті әкімшіліктің, оған жауапты мекемелердің шаруасы деп қарамаған жөн. Қоқысты ретсіз, көрінген жерге тастауға болмайды.
Жасыратыны жоқ, кейбір азаматтар оған немқұрайлы қарайды. Кез келген жерге қоқыс төгіп, тұрмыстық қатты қалдықтар шығарып, жұмысшылардың еңбегін еш кетіреді. «Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, туған жерге деген, табиғатқа деген жанашырлық, қамқорлық адамның сана-сезіміне тікелей байланысты екені белгілі.
Қала көшелеріндегі қоқыс, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинап, таза ұстау мақсатында аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілген жұмысшылар әрдайым өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарады. Сонымен қатар «Таза қала Шалқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылары мен автокөлік техникалары белгіленген кестеге сәйкес, уақытылы жинап, алып кетеді. Аталған серіктестік тұрғындармен келісім-шарт жасасады. Әр адамға — 110 теңге. Алайда, келісім-шартқа отырмаған абоненттер де бар. Бірақ оған қарамастан серіктестік өз жұмысын уақытылы атқарады. Тұрғындардың «Таза қала Шалқар» ЖШС-нің 61-0-81 телефонына қоңырау шалып, қай күні, қай көшенің қоқысы алынатындығы жөнінде сұрап білулеріне болады. Газшылар және Жұмысшылар қалашықтарындағы көп қабатты үйлердің маңында орнатылған арнайы қоқыс жәшіктері бар. Өкінішке орай, оған сол маңайдағы жеке үйлердің тұрғындары да үйлерінен шыққан күл-қоқыстарды, тұрмыстық қалдықтарды апарып төгеді.
Қала әкімі аппаратының әлеуметтік желідегі инстаграм парақшасы арқылы да тұрғындарға күл-қоқыс, тұрмыстық қатты қалдықтарды белгіленбеген жерге, ретсіз төгуге болмайтындығын, айыппұл салынатындығын ескертіп, жариялап отырамыз.
Осы орайда, қала әкімі аппаратының мамандары аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторларымен бірлесіп, рейдтік тексеру жұмыстарын жүргізеді. Онда тұрғындарға өз үйлерінің алдына төгілген құм, қайыр, т.б. заттарды белгіленген уақыт аралығында алып тастау туралы ескертулер берілді. Алайда ескертуді тыңдамай, орындамаған бірнеше үй иелеріне әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жүргізіледі.
Баршаға мәлім, өлкемізде жылына екі рет аудан әкімінің өкімімен санитарлық тазарту жұмыстары (сенбіліктер) жүйелі түрде ұйымдастырылып, оған меншік түріне қарамастан барлық мекеме, бөлім, кәсіпорын ұжымдары жұмылдырылады. Сенбілікте әр ұжым мүшелері өздеріне бекітілген аумақты тазартады. Сонымен қатар сенбілік аясында «Көл Шалқар, создым саған көмек қолын» атты акция ұйымдастырылып, айдын Шалқар көлінің жағасына тазарту жұмыстары жүргізіледі.
Жақында «Бірге — таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында айдын Шалқар көлінің жағасында сенбілік ұйымдастырылып, оған мекеме, бөлім басшыларынан бастап ерікті жастар да біркісідей атсалысты. Онда 22 тонна күл-қоқыс қала сыртындағы арнайы полигонға шығарылды. Қазір 35 жас «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша қаламызда еңбек етуде.
Көл жағасындағы «Солдат жағажайын» жеке кәсіпкер Р.Асанов биыл екінші рет 6 айға уақытша жалға алып, халыққа қызмет көрсетуде. Кәсіпкерге жағажай айналасын таза ұстау жөнінде алдын ала ескертіліп айтылды. Алайда көл жағасына демалуға барған кейбір тұрғындардың отырған жерлерін жинамай шашып кететіндері қынжылтады. Біз азаматтарға көл жағасына бармасын, демалмасын демейміз, тек тап-тұйнақтай етіп жинап кетсе болғаны. Осы сәтті пайдалана отырып, тағы да айтарым, көшеде ретсіз және таңертең малдарын күтуге қосып, кешкілік күтіп алмай, қараусыз жүретін малдар бар. Мамандарымыз олардың сырғалары бойынша аудандық ветеринарлық стансасы арқылы анықтап, иелеріне айыппұлдар салуда. Алда да рейд жұмыстары жалғасатындығын ескертеміз. Сондықтан үй иелері өз малдарына ие болулары керек.
Өкінішке орай, тұрғындар арасында: «Әкімшілік күл-қоқысты жинамайды…» — деген теріс пікір қалыптасқан. Халықтың осындай пікірлерден арылып, тазалықты сақтауға, өткізілетін сенбіліктерге ұйымшылдықпен атсалысуға шақырамын.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
«Шалқар».