Шалқарда инватакси қызметі бар

Еңбегімен көпке үлгі болып жүрген І топ мүгедегі, «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығының төрағасы Ерлан Алдашевтың алға қойған мақсаттарының бірі — өз тағдырластарының тұрмысы түзу болуына көмек қолын созу. Ол осы мақсатта тынбай жұмыс істеп, үлкен бастамаларды жоспарына енгізіп отыр.
Таяуда сол жоспарларының бірі жүзеге асып, инватакси қызметі жұмысын бастады. Аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің тікелей қолдауымен мүмкін болған аталмыш қызмет қаладағы кресло арбаға таңылған, тірек – қимылы бұзылған І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар мен І топтағы зағип жандар, 16 жасқа дейінгі сал ауруына шалдыққан мүмкіндігі шектеулі балалар пайдалана алады. Бұл тегін қызмет түріне жүгіну үшін алдын ала жұмыс күндері сағат 09-00-18-00 аралығында 31-1-66 телефоны арқылы «Шалқар саясына» тапсырыс беру қажет.
Инватакси қызметін тасымалдайтын нысандар:
1) мүмкіндігі шектеулі жанды оқу орны немесе жұмыс орнына апару,
2) жергілікті атқарушы органдар
3) сот, прокуратура
4) әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары
5) заңгерлік қызмет көрсету орындары
6) нотариус
7) медициналық мекемелер
8) теміржол вокзалы, автовокзал
9) әлеуметтік қызмет көрсету орындары.
— Бұрын соңды ауданда бұндай қызмет түрі болған емес. Бұның біздің санаттағы азаматтар үшін маңызы зор. Жұмыс болған соң басында кемшіліктер болуы ықтимал. Әзірге біз тасымалдайтын көліктерді жалға алып отырмыз. Алда өзімізде болып, сандары да артатынына сеніміміз мол, — дейді «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Алдашев.

М.КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.