СОТ ЖҮЙЕСІН ЖАҢҒЫРТУ ЖҰРТ СЕНІМІН АРТТЫРАДЫ

«100 нақты қадам» Ұлт Жоспары, «Рухани жаңғыру» және Елбасының сот жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау барысында Жоғарғы соттың бастамасымен елімізде айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Сотқа деген сенім қалыптастыру сот қызметінің басты мақсаттарының бірі болып табылады.
Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты «Сот жүйесін жаңғырту» бағдарламасын әзірлеп, оны жүзеге асыру үшін алғы шарттар жасалып, мақсат- міндеттер белгіленді. Сот жүйесінің «7 түйіні» анықталып, оларды шешудің жолдары айқындалды. «Түнгі сот», «виртуальды сот» пилоттық жобалары жүзеге асырылды. Сот актілерін дайындаудың жаңа форматы енгізіліп, сот шешімін түсіндіру жұмысы жаңа сатыға көтеріліп, жандандырылды. Үстіміздегі жылдың 21 қаңтарында қабылданған Азаматтық- процестік кодекске және басқа да заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң судьялардың жүктемесін азайтуға, сот актілерінің сапасын арттыруға бағытталған. Азаматтық процесті, әкімшілік әділет саласын, судьялардың тәуелсіздігі мен жауапкершілігін, сот төрелігінің сапасын, цифрландыру және сервиске бағдарлану, кадрлық басқару және судьяларды іріктеу және қылмыстық процесті жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сол бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Жоғарғы сот тарапынан ұсыныстар белгіленіп, тиісті жұмыстар өз мәнінде жүргізілуде.
Азаматтық процесті жаңғырту бойынша даусыз істерді соттардың құзіретінен алып тастау, сот орындаушыларының әрекетін санкциялауды қысқарту, жекелеген функцияларды мемлекеттік органдарға беру, кейбір істерді нотариустардың қарауына беру, төрелік шешімдеріне шағым жасауды қайта қарау жұмыстары белгіленді. Азаматтық процестік кодекс шеңберінде басы артық әрекеттерді алып тастау, сотқа жүгіну нысандарын оңайлату, сот ісін жүргізу сатылары мен кезеңдерін оңтайландыру қарастырылатын болады. Судьяның процесте белсенді болуына рұқсат етіп, оның дәлелдеме жинақтау құзіретінің аясы кеңейтілетін болады. Істі кассациялық сатыда қарау тәртібі жетілдіру қарастырылады. Отбасылық соттар құрылатын болады.
Судья-медиатор қызметін енгізе отырып, міндетті түрде сот медиациясы жүргізілетін істер санатын айқындалады. Медиация саласындағы уәкілетті орган айқындала отырып, татуласу рәсімдерін дамыту тұжырымдамасы әзірленеді.
Әкімшілік әділет саласы бойынша Герман моделінің негізінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) қабылданып, әкімшілік әділет соттарының жаңа жүйесі құрылады. Судьяның осы санаттағы істерді қарау барысындағы белсенділігі арттырылатын болады.
Қылмыстық процесті жаңғырту бойынша прокуратура сотқа өтініш-хаттарды, материалдар мен істерді (оның ішінде теріс қылықтар туралы) өзінің атынан және өз қалауы бойынша жіберуге құқықты жалғыз орган ретінде белгіленеді және прокуратура бұл шешімдерді өзі дайындайды және олар үшін жеке-дара жауапты болатыны қарастырылған. Бұл қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында процеске қатысушылардың құқықтары мен бостандықтарын барынша қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.
Халықаралық стандарттарға және процестік үнемділікке қайшы келетіндіктен нақты деректер сотқа дейінгі сатылардың өзінде дәлелдемелер болып танылатын кеңестік доктринадан бас тартылады. Деректерді (бірінші рет және бір рет) бағалауды және оларды дәлелдемелер деп тануды сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары емес, тек қана сот жүзеге асыратын болады. Алқабилердің қатысуымен қаралатын сот істерінің аясын кеңейту арқылы, қарапайым адамдардың сот төрелігін жүзеге асыруға қатысуы арттырылады. Заңды елеулі түрде бұзу ғана ақтау үкімдерін қайта қарауға негіз бола алады деп белгіленіп, соттардың айыптауға бейімділік сипатынан арылуына заңдық негізде мүмкіндік жасалады. Бұл еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолындағы сот төрелігіне қатысты қарышты қадамдарының бірі болып табылады. Судьялардың кәсіптік бағалау және тәртіптік жауаптылық жүйесінен айыптауға бейімдікке ықпал ететін фактор ретінде сандық көрсеткіштер алып тасталатын болады.
Процестік нысандар мен рәсімдерді сақтау қылмыстық қудалауды тоқтату үшін жеткілікті негіз болып табылады деген қағиданың іске асырылуы қамтамасыз етілетін болады. Қылмыстық-процестік заңнамаға қорғау тарапының қорғау актісін жасауы және оны айыптау тарапы мен сотқа ұсыну құқығы енгізіліп, ол қарауға міндетті болып табылатындығы қарастырылады. Бұл халықаралық стандарттарға сәйкес сот процесінде тараптардың тең құқылылығын және олардың жарыспалылығын одан әрі жетілдіруге бағытталған нормалар болып табылады. Сот жүйесін жаңғырту аясында электронды сот төрелігі жандандырыла бастады. Сот төрелігін жаңғырту бағытындағы жұмыстар аясында істерді автоматты түрде бөлу жетілдірілетін болады.
Цифрлық талдау сервистері жасалып, сот отырысының электрондық залдары жасалды. Электрондық сот ісін жүргізу заң деңгейінде реттелді.
Сотқа талап арыздар толық электрондық түрде қабылданады. Оңайлатылған іс жүргізу тәртібіндегі, сондай-ақ сот бұйрығы шығарылатын істер толық электрондық форматта қаралады. Сонымен қатар қылмыстық құқық бұзушылық туралы істерді де электрондық форматта қарау жұмыстары қолға алынуда.
Енді статистикалық мәліметтерге қарайтын болсақ, аудандық сотта 2019 жылдың алғашқы жеті айында оңайлатылған іс жүргізу тәртібінде 58 іс, сот бұйрығы шығарылатын істер бойынша 53 іс, қылмыстық құқық бұзушылық туралы істер бойынша 52 адамға 50 іс электрондық форматта қаралды.
Міне, Жоғарғы сот тарапынан атқарылған осындай жұмыстар жұртшылықтың сотқа деген сенімін арттырады, судьялардың жүктемесін азайтады, сот істерінің тез шешілуіне ықпал етеді. Бұл жұмыстар Ұлт жоспарындағы сот жүйесіне арналған тапсырмалардың өз мәнінде атқарылып жатқанын айғақтайды. Осы жұмыстарды атқаруға тиянақтылықпен атсалысу әрбір судьяның міндеті болуы тиіс.

Оралбек Бақтыгереев,
аудандық соттың төрағасы.