Көненің көзі —болашаққа мұра

Өткен тарихымызды танып білмей, болашағымызға бастар жолды айқындау мүмкін емес. Өз өлкесінің өткені мен бүгінгісін көзімен көріп, қолымен ұстаған әрбір адам ертеңге ұмтылары анық.

Заманымыздың біртуар, заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаев: «Кешегіміз түгенделмей, бүгініміз бүтінделмейді бұл — өмір ақиқаты» деген болатын. Ал кешегіні түгендеу ең алдымен барыңды бағалай білу, ата-бабадан қалған рухани мұраны жинау, сақтау, келешек ұрпаққа жеткізу. Міне, осы мақсатта қыруар еңбек ететін туған өлкедегі тарихи мұраларды жинап, сақтап, болашаққа жеткізер бірден-бір мәдени орын ол — музей. Көненің көзі болып саналатын әрбір зат болашақ үшін таптырмас қазына екенін музейге келіп көне жәдігерлерді көргенде, оның тарихымен танысқан жан ғана сақталар орынның музей екенін түсінеді. Әрбір адам үйде сақталып, бірақ көрінбей жатқан, ата-бабамыздың тұтынған заттарын музейге тапсырса, (мейлі ол тұрмыста пайдаланған зат болсын, құжат болсын бәрі де) ол ең алдымен халыққа қызмет етеді, көрермен назарына ұсынылады, тарихы баяндалады, болашаққа атадан балаға жеткен мұра болады. Міне, осылай бүгіннен болашаққа жетіп, құнын жоймайды және өткен өмірден сыр шертер дәлел болатыны анық. Яғни, өткенсіз болашақ жоқ екендігін көрсетеді.
Техника ғарыштап дамыған, компьютерленген ХХІ ғасырда болашақ үшін тарих болып қалмасына кім кепіл?! Сондықтан ата-бабамыз тұтынған әрбір затты бағалап, көздің қарашығындай сақтап, сақталар орнына дер кезінде тапсырсақ болашақ үшін құнды жәдігер санын арттыра аламыз. Сондықтан аудандық музей басшылығының жұмыс жоспарындағы «Көненің көзі — болашаққа мұра» атты акцияға белсене атсалысып, музейге жәдігер тапсыруға аудан, ауыл халқын шақырамыз!

Аудандық тарихи-өлкетану музейі. Шалқар қаласы, Есет Көтібарұлы көшесі, №35.
Тел: 8 (71335) 21-5-39.