БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ МӘН БЕРЕЙІК!

Жастар тәрбиесі — өзекті мәселе. Онымен қоғам болып айналысуымыз қажет десек те олқы тұстарымыз азаяр емес.
Соңғы кездегі шалқарлық жастардың арасында болған өзекті өртейтін оқиғалар жоғарыда айтылған сөздерімізге нақты айғақ болып тұр. Біз қай жерден қате жібереміз?! Сайып келгенде барлығымыз ата-анаға, мектепке, жастарға кінә артып жатамыз. Жастардың ылығатын тағы бір әлсіз тұсы — оның өзінің ортасы деуге болатын да шығар. Тұстастары жалған намыстың қайрағына қайраса, болашағын бүгінімен болжаған бозбалаларымыздың түрлі өрескел қадамдарға баруы бек мүмкін.
Атам қазақ жолдасына қарап-ақ баласының болашағын бағамдаған. Осы тұста айтылған қанатты сөздер де көп. Алайда қазір заман өзгерді дейміз, мансаптыға қарайлап, ауқаттыға алаңдайтынымыз бар. Заманнан бұрын адамның талғамы өзгеріп бара жатқандай ма деген ой келеді осы тұста…
Тәкаппарлық талғам, өзімшілдік өлшем, жалған намыс дегенге беріле берсе балаларымыздың ертеңгі болашағына төселген жолы тақтайдай тегіс бола ма? деген ой санаңды сығалайды. Осындай негізге құрылған мақсат пен таяуда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қорғанбек Исаев, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұрлан Майкөпов, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаевтар қаладағы бірқатар темір жол мекемелерінде болып, ұжым мүшелерімен кездесіп, пікірлесті. Үлкендер үлкендіктерін айтты, жастарға жасалып жатқан Үкіметтің нақты қадамдары баяндалды.
Еңбектің қара қазанында қайнаған шойынжолшы азаматтар, бір-бір шаңырақтың асқар тау әкелері жастардың қате қадамдарына қынжылатындықтарын жеткізді. «Барлығы да тәрбие тал бесіктен беріледі», — деп ата-аналар қауымы бала тәрбиесіне айырықша көңіл бөлсе екен деген тілекте.
Иә, дастархан басында баламыздың санасына құйылған тәрбие дәні оның өмір атты ашық айдынға шыққан кезде табан тірер бекеті бола алары сөзсіз. Олай болса, балаларымызды қаршадайынан қарапайымдылықтың қауғасымен суарып, бойына имандылық нұрын ұялата алсақ ұлт ұрпағының алдындағы ата-аналық борышымызды атқарғанымыз болары хақ.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.