Өткен аптаның сенбісі күні «Бірге — Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Шалқар көлінің жағалауында тазалық сенбілігі ұйымдастырылды. Оған мекеме бөлім басшыларынан бастап, ерікті жастарға дейін тартылды. Ертемен басталған тазалық жұмыстарына қатысушылардың денін жастар құрады. Сенбілікке келгендер топқа бөлініп белгіленген аумақты күл қоқыстан тазартып, туған жер тазалығы үшін ізгілікті істер атқарды.
— Тазалық — баршаға ортақ іс. Осылай десек те оған немқұрайлы қарайтынымыз шындық. Салғырттықпен өзіміз тастаған заттарды жинау үшін ақырында осындай үлкен күш жұмсауға тура келеді. Сондықтан тазалық тәрбиесін де отбасынан бастаған жөн деп есептеймін. Бүгінгі өткен сенбілік жұмыстарына жүздің үстінде адам жұмылдырылды. Аға буын мен жастардың басы қосқылған бұл шара өте ұйымшылдықпен өтті. Алайда бір шарамен қаламыз, не болмаса көліміз тазарып қалмайтыны анық. Сондықтан бұндай жұмыстарды алда да жиі ұйымдастырып жалпы тазалық істеріне ерекше көңіл бөлу керек деп ойлаймын, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының заңгері Қанат Төлешов.
Шынында да өскен ортамыздың тазалығы өзіміздің мәдениетіміздің қаншалықты деңгейде екендігін көрсетеді. Олай болса азаматтық болмысымызға кір келтірмеу үшін туған мекен тазалығын да жоғары деңгейде ұстайық, өзімізді соған тәрбиелейік.
М. БОҚАН.