БЖЗҚ жоғары технологиялық байланыс құралдарының көмегімен қашықтан байланыс жасау арналарын дамытып жатыр. Бұл қазіргі өркениеттің қарыштап дамып жатқан кезеңінде өте маңызды екені сөзсіз.
Интернет — белсенді қолжетімділік құралы, ал ұялы қосымша — ақпарат алудың заманауи тәсілі. Қазіргі уақытта олар көпшілік салымшылар үшін ең сұранысқа ие қызметтердің біріне айналған.
Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) мен құпиясөз немесе электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы кез келген уақытта www.enpf.kz сайтындағы жеке кабинетке кіріп, зейнетақы жинақтарының жай-күйін, табыстылығын көруге болады. ЖСН мен құпиясөз және ЭЦҚ ұялы телефонға жүктелген ENPF ұялы қосымшасында авторлану үшін де қолданылады. Ұялы қосымшаны Android және iOS базасында жұмыс істейтін кез келген смартфон немесе планшетке тегін жүктеп алуға болады. Пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін бұл қызмет қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істейді. Салымшылар ENPF ұялы қосымшасы арқылы: зейнетақы шоттарының жай-күйін, зейнетақы жинақтарын төлеу жөніндегі өтініштің орындалу барысын, зейнетақы жүйесіндегі барлық өзгерістерді, қордың жақын жердегі кеңсесінің мекен-жайын анықтап, байланыс орталығына хабарласа алады.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен қор қызметі туралы барлық сұрақтар бойынша жауап алу үшін БЖЗҚ байланыс орталығына 1418 нөмірі бойынша хабарласуға болады (Қазақстан бойынша телефон шалу тегін). Ағымдағы жылдың бес айы ішінде қор операторлары 171 290 қоңырауға жауап берген.
Қор сайты арқылы тиісті нысанды толтырып, кері қоңырау шалуға тапсырыс беруге болады. Қор мамандары өтініште көрсетілген уақытта хабарласып, барлық сұрақтарыңызға жауап береді. Бұдан басқа қор сайты арқылы жазбаша түрде сұрақ қойып, жауап алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ онлайн кеңес беруші қызметі арқылы да онлайн тәртібінде ақыл-кеңес алуға болады.
Жоғарыда аталған байланыс арналарынан бөлек, «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың жеке блогы үлкен танымалдыққа ие. Сол арқылы салымшылар қор басшысына тікелей хабарласып, жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен қор қызметі туралы өздерін толғандырған барлық сұрақтар бойынша жан-жақты жауаптар ала алады.
2019 жылдың қаңтар-мамырында осы блог арқылы 114 сұраққа жауап берілді. Ақпараттардың толыққандылығы және ашықтығы БЖЗҚ-ға деген сенімді арттыра түседі.
What’s Арp сервисі арқылы +7-777- 000-1418 нөмірі бойынша қор маманына хабарласып, өзіңізді қызықтырған ақпаратты ала аласыз.
Telegram-bot қызметі де салымшылар арасында сұранысқа ие болып отыр. Сол арқылы зейнетақы шотыңыздан кішігірім үзінді көшірме алып, оны электронды поштаңызға жібере аласыз. Айтпақшы, осы сервистің көмегімен жеке кабинетке арналған пароліңізді қалпына келтіріп, қордың маңызды жаңалықтарымен және ағымдағы көрсеткіштерімен танысып, жақын маңдағы кеңсесінің мекен-жайын анықтауға болады.
Қашықтан байланысу арналарын дамыту уақытты үнемдеп қана қоймай, сонымен қатар қазіргі жастарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тартуға септігін тигізеді. Ал олар әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушылары екені белгілі. Сәйкесінше Қордың «Одноклассники», «Facebook», «В контакте», «Twitter» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде ресми парақшалары жұмыс істейді. 2019 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша оларға жазылушылардың жалпы саны 38 мыңнан асты.
Осылайша қордың қашықтықтан байланыс жасау арналарын пайдалана отырып, салымшылар мен алушылардың жинақтары туралы мәліметтерді қоспағанда, БЖЗҚ қызметтері мен жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы ақпараттар және ақыл-кеңестер алуға болады. Бұл ретте салымшылар мен алушылардың жинақтары туралы мәліметтер құпия болып саналатындықтан, оны Жеке кабинет арқылы ЭЦҚ немесе ЖСН және құпия сөздің көмегімен анықтауға болады.