…ЖУСАНЫ МЕН ЖУАСЫ БҰРҚЫРАҒАН АУЫЛЫМ

Осы бір өлең жолдары тек ауылда туып-өскен, ой мен қырын жалаңаяқ басып жүгірген, құлағына кешкілік жамыраған малдың маңыраған азан-қазан шуы сіңген, ауыл баласы болып өскен адамдардың ғана көңілін бір селт еткізері анық. Өйткені ол — сағыныш. Ал сағыныш сезімі адамның өзімен әркез бірге жүрмек, ол өле-өлгенше кеудесін кернеп, ал сағынған жеріне ұзақ бармаса, ол ұлғая берері сөзсіз. Сондықтан әрбір адам уақыты келгенде сол сағынған жеріне арнайы барып, мауқын басып тұрғаны дұрыс-ау.
Кешегі кеңес заманында өзіміздің туған өлке Шалқар ауданының оңтүстік бетінде Қосқақ деген 70 үйлі ауыл болған, оны көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Татулық, бірлігі жалпақ жұртқа үлгі, бір-бірімен рулас, жекжат, айрандай ұйыған, малы теріс өрген бақуатты, құм іргесіндегі томпиған әд-әдемі ауыл болатын. Ырысты елді ыдыратпай ұстау үшін көп елді мекендерде жоқ, екі қабатты еңселі заманауи мектеп те салынды.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдары елді есеңгіреткен, тарихымызда «өтпелі кезең» деген атпен қалған қиын уақыт басталды. Елдің күйін көтеріңкі ұстап отырған төрт түлік құнсызданды, жалпы қай нәрсенің де берекеті кетіп, жұрт абдыраңқырап қалды. Қалай айтсақ та «сананы тұрмыс билейді» екен. Сол кезде қосқақтықтар ештеңеге қарамады, «қара қазан, сары баланың» қамы үшін туған жерін тастап Ақтөбе қаласының маңына үдіре көшті. Бас-аяғы екі-үш жылда ауыл түгел қозғалып, тек екі-ақ үй қазық болып жұртта қалды. Әрине, бұны көріп отырған айналадағы ел «бұл қалай болды?» деп тіксініп те қалған еді. Жанашыр жұртшылықты «осы кеткеннен бірін-бірі көрмей кетеді-ау» деген адам шошырлық ой торлады.
Бірақ, айтыскер ақынымыз Аян Сейітов жырлағандай «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» екен. Оның басты себебі — сағыныш. Адам бойын меңдеген аурудай туған елді, тіпті, ел жоқ болса қара жерді, оның ойын, қырын сағына бастайды. Осындайда ақын Төлеген Айбергенов айтқандай «Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те, адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте» деген ойлы жанға терең ой тастар өлең жолдары санаға орала береді.
Көшкен ауылдың халқы екі-үш жыл өтпей-ақ, сол туған мекендеріне шұбырып келе бастады. Жұртта қалған екі үйді темірқазық қылды. Бірі — Қаратөбел бейітінде жатқан ата-анасына ас берді, бірі бұзылған үйінің орнына барып айнала берді, бірі ауылдың құмына аунап, ал енді бірі кезінде өзі ойнап өскен, малын жайған ой-қырды, жайлауды аралап кетті. Тағы да бірде бірігіп келіп, балаларын ерте жүріп, ата-бабалары жатқан бейіттерді қоршады. Нансаңыз, көшкеннен бері 20 жылдан астам уақытта қосқақтықтардың туған жеріне деген сағыныштары күшеймесе, әлсіремей тұр. Адамның бойындағы сезімнің құдіреті деген осы болса керек.
Өмір болғасын қуаныш пен қайғы бірге жүретіні белгілі. Сондайда Ақтөбеге бара қалсаң бір кісінің, бір әулеттің баласындай болып жүрген бүкіл Қосқақ ауылының тұрғындарын бір жерден көресің. Көргенде айқара құшақтасып, арқа-жарқа боласың, бір таусылмайтын әңгімені бастап кетесің.
«Қызғалдаққа бір қуанып, сарғалдаққа бір қуанып, өмір өтті-ау сырғып ағып» деп ақын тебіренгендей, сол бір туған жерден балаларын ертіп кеткен алдыңғы буын әкелеріміз, ағаларымыз өмірден біртіндеп өтіп жатыр, тіпті, сиреп те қалды. Осындай жағдайда ортаңғы буын інілердің жақында ғана ұйымдастырған керемет бір бастама іс-әрекетінің куәсі болдық. Олар Ақтөбенің арқа бетіндегі табиғаты әсем Ақшат жеріне үш үлкен ақшаңқан үй тігіп, әсем сахна құрып, мәдени шаралар ұйымдастырып, барлық қосқақтықтарды еңкейген кәрісі мен еңбектеген баласына дейін жинапты. Ондағы мақсаттары — ұрпақтар сабақтастығын үзбеу, бұдан былай да бір ауылдан шыққандардың балалары бірін-бірі біліп жүрсін, алдағы буын ағалар, кейінгі буын інілер сыйластықта болып, үлкендердің өнеге-өсиеттерін бойларына сіңірсін деген талпыныс екен. Осындай әрекеттің арқасында бір ауылдан тараған Атасы — Баласы —Немересі — Шөбересі бір жерге бас қосып, жазғытұрым жамыраған төрт түліктей Ақшаттың бойын бір мезгіл шулатып тұрды. Бұл көрініске қарап тұрып, көңіл босады. «Мынау сенің атаң, мынау сенің ағаң, інің болады…» «Баяғы сенің есіңде ме…», «Ау, аға, аманбысың», «Қайным-ау қалайсың?…» деген ақжарқын амандасулар сырт қараған адамның жүрегін елжіретті. Биязы сәлемдескен келіндер, қос қолын ала жүгірген інілер, таусылмайтын естелік әңгімелер… Бір ауылдан шыққан жандардың шері бір тарқағандай болды.
Осы бір кездесуді ұйымдастырып жүрген Мұратбай, Мейрамбек, Есеней, Марал, Әмір, Елібай, Мәлік, т.б. сынды інілеріміздің ширақ қимылдарын, мінсіз әрекеттерін көріп сүйсіндік. Жас болса да бас болып жүрген Мейрамбек Тұяқов микрафонды қолына алып, шараны бас-аяғына дейін тап-тұйнақтай қылып басқарып шықты. Қосқақ сегізжылдық мектебін басқарған Серікбай Төлемісов сияқты ағаларымыз «менің шәкірт-терім, інілерім» деп көпке мақтанып жатты.
Әрине, ауылдың талапты жастарына дем беріп, рухани және моральдық жақтан әркез қолдап жүретін, 1967-68 жылдарғы Қосқақ ауылының Қызыл отау меңгерушісі болған Жұмабай Асарбаев, Ақылбек Дадин ағаларымыздың осындай игі істерді ұйымдастыруда ықпалы зор екені даусыз.
Шараның басы ауылда өмірінше зоотехник болған, қазір сексеннің сеңгіріне шығып, абыз ақсақал атанған Балқашбай атаның батасымен басталды. Қосқақтан шыққан, бұл күнде қанат жайып кеткен әулеттер біртіндеп сахна төріне шығып, жиналғандарға көрінді, естелік суреттерге түсті. Бұдан соң арқа тұсында «Туған жерім — Қосқағым!» деген жазуы бар үлкен сахнадан сол ауылдан шыққан өнерлі өрендер ән-жырдан шашу шашты, жиналғандардың көңілін марқайтты. Боз кілемнің үстінде қазақша күрес, сүр мергендердің садақ тартуы, гір көтеру, жаяу жарыс жұртшылықтың делебесін қоздырды. Әрине, жеңімпаздар сахнадан жүлделерін алды. Ақынжанды Болат, Жексенғали секілді інілеріміз туған ауылына арнаған жырларын төкті. Елібай Алдамбергенов сонау 1963 жылғы жалпақ қояннан кейін «Айшуақ» совхозының №2 фермасы болып құрылған Қосқақ ауылының тарихына тоқталып, баяндама жасады. Алғашқы ферма меңгерушілігіне Жүсіп Арынғазиев тағайындалса, кейін 30 жылдың үстінде Мырзабай Мұхамбедияров деген кісі меңгерушілік етеді. Құм іргесіндегі екі қақ тұратын жерден салынғандықтан ауылдың аты «Қосқақ» болып аталады. Ферманың алғашқы еңбеккерлері 1950-ші жылдардың аяғында Аяққұмда штаб бастығы, одан соң Қосқақта Қызыл отау меңгерушісі болған Дәде және Дүйсен, Мырзалы, Пархот, Қабақбай, Балқашбай, Бүркітбай, т.б. деген кісілер болады. Негізгі кәсіп — мал шаруашылығы болғандықтан «Ленин» орденді Жанықұл Сарниязов, «Еңбек Қызыл Ту» орденді Нұржан Қаражанов және атақты шопандар Тұяқ, Нұртиген, Есенғали деген кісілер ел байлығын еселеген. Шопандықты кейінгі толқындар Ысқақ, Мұқыш, Еріш, Қыдырбай, Отарбай, Таңжарбай, Аманжол, Уәли, Күмісқали, Спан, Кеңесбай, Ахметкерей, Әбіш, Сенбі, Бейсенбі, Оразғали, Сүндет, Омарғазы, Орынбасар, т.б. сынды ағалар жалғастырады. Соның ішінде Ысқақ Абдуллин «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегері атанса, Таңжарбай Алдамбергенов І және ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алады.
Жоғарыда аталған ферма меңгерушісі Мырзабаймен қатар иық тіресе Балқашбай, Кенен, Самбай, Ораз, Дүйсен, Сапа, Пархот, Сұраған, Құрман, Тауаш сынды ағалар ферманың басты шаруаларында жүреді. Әр кезеңде келіп веттехник болып еңбек еткен Өмірсерік Қорғанбаев, ферма меңгерушісі болған Бақыткерей Әдімановтар да көп еңбек сіңірді. Ол кездегі шалғайдағы Шағанның Әлітауынан шөп дайындаған механизаторлардың еңбегі де ерекше болды. Аға буын трактористер Мырзалы, Қартжан, Қабақтай, Бүркітбай деген кісілер болды, кейінгі буын Али, Мұқан, Кендебай, Алпысбай, Тоғызбай, Кенжетай, Тілегендер эстафетаны жалғастырды. Ал одан кейінгі кіші буын механизаторлар Нәдір, Аман, Рәт, Бейсен, Сүйеубай, Мысабай, Молдағали, Балғабай, Ақынғалилардың еңбектері де ерекше еді.
Сол Қосқақта бастауыш мектеп болды, алғашқы ұстаз Шәкет деген апай еді. Оның ізін Базар, Сағира, Нұрзада деген апайлар жалғастырды. Кейін сегізжылдық мектеп ашылып, алғашқы директоры болып Серікбай Төлемісов ағамыз тағайындалды, сол мектепте Нұрзада, Мирамкүл, Алма, Сұлу, Сұлушаш, Рамиза, Рысқали, Мейрамбек, Елібай, Бисенғали (Виктор) деген ұстаздар табысты еңбек етті. Сегізжылдық мектеп ашылғанда өзім осы мектепте алғаш интернат меңгерушісі болдым.
Айтқандай, осы басқосу шарасына бір кезде Қосқақ мектебіне басшылық еткен, марқұм Виктордың зайыбы Сұлу Қартбаева Тараздан және Нұр-Сұлтан қаласында тұратын баласы, кәсіпкер Айдын арнайы келіп, қатысты. Байқоңырда тұратын қосқақтық азамат Кәдіралы Нұржанов та сапар шегіп келіпті.
Әрине, Ақтөбе өңірінде бір-бірімен сағынысып көріскен қосқақтықтарға арнайы тігілген үйлерден ас берілді. Ас үстінде елдік, бірлік, жеті атаны білу, салт-дәстүріміз жөнінде әңгіме өрбіді. Асқа жиналған жұрт сол Қосқақ ауылының шыққан Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, Ғ.Жұбанова атындағы филармонияның әншісі Ғазиза Сарқытбаеваның жыр-термелерін тыңдап, бір сусындады.
Астан кейін бата жасалып, өмірден өткен әруақтардың рухына арнап Қазан діни университетінің магистранты, қосқақтық Ақылбек Дадин Құран бағыштады. Бұндай тәлімі мол шараға жиналған жұрт, яғни бір ауылдан шыққан әулеттер бір-бірімен қимай қоштасты. Ретімен осылай бас қосып тұру керек деп тарасты.

Қыдыралы ӘЛИН,
«Шалқар».