ӘЛИМА АҚЫН: АҢЫЗБЕН ШЫНДЫҚ

Заманында Кіші жүз, Қоңырат еліне өзінің туған жерге деген сағынышты, назды өлеңдерімен танымал болған, рухын ел сыйлаған ақын Әлима Қабылқызының асыл сүйегі жатқан Бесқаладағы «Тоғыз төре» қорымындағы бейітіне 2018 жылы қазан айының 1 жұлдызында «Жарас мерген Пұсырманұлы» қоғамдық қорының атынан белгі тас қойылды.
Әлима — аты аңызға айналған адам. 2017-2018 жылдар аралығында ақын тарихын нақтылау барысында ауқымды деректерге қолымыз жетіп, республикалық «Ана тілі», Маңғыстаулық «Мұнайлы», аудандық «Шалқар» газеттерінде зерттеу жұмыстарына байланысты мақалаларымыз жарық көрген болатын. Көпшілікке түсінікті болу үшін, сол деректерге қысқаша тоқтала кетсек: ақын 1872 жылы қазіргі Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы Ұлы Борсық құмының бір бөктеріндегі Жіңішкенің бойында дүниеге келген. Тегі — Алшын, Алты Ата Әлім ішіндегі Қабақ руының Жарас мерген Пұсырманұлынан тарайтын Қорлыбай аталығынан. Қабыл бай қызын Қоңырат еліндегі ертеректегі бір жолдасы (руы Күлік), Бекпанның Ниязбек есімді баласына алдын ала келісілген уәдеге байланысты бел құдалық жолмен ұзатады. «Уәде — құдайдың сөзі» демей ме, қызының қалауынсыз некеге ата-анасы онша ықыласты болмағанымен, қазақ құдайшыл халық қой, көнуге тура келеді. Қызы қаншалықты қарсылығын білдіргенмен, әкесі бата бұзуға қорқады. Ақын қыз Арыстан жырау арқылы елге жолдаған хатында оны былай келтіреді:
Алдынан ата-анамның қырын жүрдім,
Қырын жүріп анамның жүгін жидым.
Бұрын-соң білмеуші едім бұл сұмдықты
Әкемнін ұзатарын кейін білдім.
Әлима ақын 1944 жылы 72 жасында өмірден озып, Қазақдариядан 10 шақырым жердегі «Тоғыз төре» қорымына жерленеді. Балаларының үлкені Мамық, Жазық деген қыздар, тете екі ер баласы Бөгенбай, Сәлік және Қалбике, Сырғабике есімді қыздары болған.
Қоңырат еліндегі ізденіс амалдарының нәтижесінде, былтыр, яғни 2018 жылғы маусым айының 21-де ақынның бауырына басқан 92 жастағы немересі Сарбике апамен (Бөгенбайдың тұңғышы) және де 84 жастағы Өтепберген ақсақалмен (Ниязбек жездемізге аталастық жағынан жақын) жүзбе-жүз әңгімелестік. Кешегі күнге дейін бізге аңыз боп жеткен көптеген деректердің басы ашылып, көп затқа нақтылы көзіміз жетті.
Сол сапары Сарбике апамен жас жағынан тетелес, Әлима апаның екінші Жазық деген қызынан қалған жалғыз тұяқ Жылқыбай ақсақал елде болмай, кездесудін реті келмеген-ді. Әңгіме арасында, «Ол кісі әжесі туралы көп біледі» дегенді де естіген едім. Осы мойынға алған жуапты іске кіріскеннен бері бір сезгенім — шындық ашылған сайын алдыңнан жаңа көкжиектер айқындала түсетінін байқайды екенсің. Орайы түскенде, қыркүйектің 17 күні Жылқыбай ақсақал Ақтөбеге ағайындарына келіп, іздегенге сұраған дегендей, сәлемдесу сәті де түсе қалған-ды.
Қартаңдау ақ-сары ақсақал бізді бар ықыласымен, бұрын көп жылдар көрмеген бауырларын тапқандай құшақтап қарсы алды. Амандық сұрасып, келген сапарларына оң болсын айттық. Қасымдағы ағамыз Бисенов Серікбай Әпуұлымен таныстырдым (Әлима ақынның жақын бауыры болып келеді). Жылқыбай ақсақалдың осыдан біраз уақыт бұрын құдасы қайтып, бата оқуға келіпті. Түскен үйі күйеу баласы Жанкелді мен немересі Бағыланның шаңырағы. Қоңырат еліндегі Әлима әжесінің ұрпақтарына іздеу салғанымызды естіп, біздермен де кездесе жақ екен.
Үй иелері әзірлеген дастарханға жайғасқан соң әңгімемізді жалғастырдық. Өз анасы Жазық 1936 жылы тамыз айында қайтыс болып, әжесі (әкесінің шешесі) Төртқара қызы Нақтын қолында тәрбиеленгенін айтты.
— Мен 1928 жылы туғанмын, қай айда екенін білмеймін, бірақ жылың ұлу дейтін еді. Әжем документ алған уақытта 1930 жылы атың Жылқыбай, жылқы жылы туған болсын деп кейінге өзгерткен екен, дейді. Сөз арасында Серікбай ағамыз — мен, Әлима әжеңіздің әкесі Қабыл байдың ұрпағымын, «Әжеңіз туралы не айтасыз?» деген сұрағына, сәл ойланып, – аққұба, ажарлы адам еді, руы Қабақ екенін білетінмін, әкесінің аты Қабыл екенін білмеппін, баламыз ғой, керек қылып сұрамаппын да, — деп жауап берді. Сөзін сабақтап: «Өлең айтады екен, біреуге бірдеңе айтса табиғи ақыншылығы, шайырлығы болған» деп Нақ әжемнен еститінмін, әңгімелесіп отырғанда талай қастарында да отырғанмын. Ол бір түрлі қиыншылық кездер еді ғой… Біз жалғыз нарымызды Тоғыз Төреге апарып, жертөледе Әлима әжеміздің нарымен бірге ұстайтынбыз… Шыбын-шіркей көп маза бермейтін. Бір зат есіне түскендей сәл күңіреніп: — Ашаршылық, арғы жағы ұрыс болды, халықтың жағдайы нашар… кеше ғой, 50 жылдары ғой, ел болып есімізді жинағанымыз. Әлима әжем 1944 жылы дүниеден озды».

Ұрпақтары туралы айтқаны: Бөгенбай мен Сәлік әкелері Ниязбек сиқты еңселі, ірі адамдар екен. Ұрыс жылдары екеуі де броньмен елде қалыпты. Сол кездері балық шаруашылығында 7 адам,күні-түні 14 адамның қыз
метін жасапты, — Бір Қайып деген қарақалпақ шал: «Ой, Бөгенбай ағамда екі кісінің қуаты бар еді, балықты трёмнен сүзіп, бір көсіп алып тәшкіге салғанда 100 келә беретін» деп, марқұм күні кешеге дейін есіне алушы еді», — деді. Сәлік ағасы ұрыс жылдары елде ауыл совет болып жасапты. «Сом денелі, бойшаң, жауырыны кең, батыр тұлғалы, жалпақ адам еді», — дейді. Киіз үйге еңкейіп енген кезде, иығы кептеліп қалып жататынға ұқсайды. «Шынбай базарында топ адамдардың арасынан атқа мінген адамдай омырауынан көрініп, ерекшеленіп тұратын», — деп еске алды. Демек, «ат биеден, алып анадан туады» деп халқымыз бекерге айтпаса керек. Ақсақалдың айтуынша, Тақтакөпірде ең кенже қызы Сырғабикеден қалған Едіге, Ермек есімді екі жиен немересі тұрыпты. Едігеге уақыт болған. Алла қосса, Ермек ақсақалмен де жолығудың сәттері түсер деген үміттеміз.
— Әлима әжеміз көз жұмбай тұрып, біздің елден іздеп барған тумалары болды ма? — деген сұрағымызға, сәл бөгеліп: — Сол бір 1937-38 жылдар ма? Бір қараторы бала-жігіт әжемді іздеп келгенін білемін, жақын бауырларының бірі болуы керек, — деп жауап берді. Әрине, бұл уәжі бар, дәйекті әңгіме. Ол балаң жігіт Ұлы Отан соғысының ардагері, Қабыл байдың шөбересі, марқұм Әпу ақсақал болатын. Сонау 1938 жылы әкесі Бисенді «байдың баласы» деген желеумен большевиктер ұстап кетіп, тағдырдың айдауымен Қоңыратқа Әлима апасына барған сапары екен. (Бұл жөнінде қолымызда 2000 жылы бейне таспаға түсірілген Әпу ақсақалдын әңгімесі бар).
Жылқыбай ақсақал тағы бір зат есіне түскендей бізге туралап қарап: «Дегенмен, әжемнің біздің елге танымал Наурызбек жырау деген бауыры болды. Руы Қабақтың Қарабасы. 1958 жылдан бастап білемін. Дарияның бойындағы Шынашауыл деген жерде бірінші рет танысқанмын. Наурызбек жырау айтушы еді:
Ұлғайып қартаяды жастан адам,
Жас қартайса қалады астан адам.
Жеткенін кәріліктің ескермейді
Көңілі өсіп, мейманасы тасқан адам.
Кәрілік, қартайғанда бастан келер
Ағарып, басыңдағы шаштан келер.
Жасыңда қандай көркем болсаң-дағы,
Қыржиған қабақ, маңдай, қастан келер, — деп.
Өлеңнің кейбір тұстарында сөзі есіне түсіңкіремей тұттыққан сәттерінде, кемпірі Сайлау апа «үлкендік қой» деп қалжың ғып күліп қойды. Айтып болған соң, әттеген-ай, дегендей басын шайқап! — Көптеген термелерін білетін едім, міне, мен де алжасып жатырмын, жасым 90-ға келді, 91-ге қарап тұрмын! Осы Қабақтарда бар шығар шайыршылық? Менің енді әжеме ұқсап, Әлима кемпірге ұқсап шайыршылығым болмады, — деп әзілдеп қояды. Иә, Жылқыбай ақсақалға қарап, тек қана бәрекелді дегің келеді, кезінде халықтық мұраларды жатқа айтатын зерделі айтымпаз адам болғанына дауа бар ма? Оны тыңдап отырып жан дүниең бір жаңарғандай, іштей риза боласың.
— Әкем Тілеубайұлы Айтқұл деген кісі 1901-жылғы, 1951 жылы қайтты, руы Алтынбай. Сол Жазық шешем қайтқаннан кейін әкем Мақаш Балмағанбетов деген Совет Одағының батырының (руы Күлік) қызын алған. Есімі Мырза. 1917 жылғы Мырза шешемізден бала болмады, 1952 жылы қайтты. Мен кіндіктен жалғызбын. Жалпы айта кетейін, бізде қарақалпақта 2-ақ герой болған. Екіншісі Қарағұлов Жұмаш деген, руы Есенгелді, екеуі де қазақ.
Келесі күні ел үрдісімен ағамызға арнап, айналамыздағы жекжат-жұрақаттарымыздың басын қосып, қонақасы бердік. Үлкендеріміз бір-бірімен жақынырақ танысып, әңгімелесіп, ризашылықтарын білдіріп жатты. Көп жылдар бойы жұмбақ боп келген, көп сұраққа жауап тауып, көздерін жеткізгендей болды. Әрине, мұндай адамдар сол өңірдің шын мәнінде құты, берекесі десе де болады.
Арғы күні қонақтарымызға ақ жол тілеп, Қоңыратқа шығарып салдық. Қыркүйек айының соңына таман Әлима апамыздың әруағына арнап белгі тас қоятын ойымыз бар екенін айттық.
2018 жыл, кешкі уақыт, қыркүйек айынын 27 жұлдызында, №34 «Ақтөбе-Алматы» жүрдек поездына отырдым. Алдын ала ақылдасқан жол-жоспарымыз бойынша Ақтөбеден Шалқарға жетіп, түс ауа №377 «Алматы-Маңғыстау» бағытындағы жолаушылар пойызына отырып Бейнеу бекетіне жеттім. Мені Жанұзақ Өтесінов пен Қуанышбай Елдібаев күтіп алды. Сөз арасында айта кетейін, өткен мамыр айында осы азаматтардың көмегімен ақын Әлима Қабылқызының ұрпақтарын тапқан болатынбыз. Енді бірге зират етіп бармақшы. Таңғы сағат 4-тен өте №641 «Бейнеу-Нүкіс» бағытындағы пойыз қозғалды. Ақын өлеңдерінде айтылғандай, Қоңырат елі қазіргі біздер үшін «ат жетпес, атан жетпес»шалғай жер емес, дей тұрғанмен, жол кедергілері кездеседі.
Кешкілік Нүкіс қаласына келіп жеттік. Саламат есімді таныс інішегіміз күтіп алды. «Жол ақысы жету» демекші, алдымызда 100 шақырымнан астам жол күтіп тұр, сапарға шықтық. Түнделетіп Шақаман ауылына да жақындадық. Машина жарығынан жол шетіне қапталдаса орналасқан ауыл үйлері де байқала бастады. Қоршаулары тал шыбықтарынан күрмеп тоқылып, бір-бірінен алшақтау орналасқан қожалықтарға ұқсайды, түн тыныштығына қарап «шаруаға ыңғайлы маңғаз бір мекен» деп ойлайсың. Ауылға бұрылатын тұстан Махамбет бізді тосып алды. Міне, біз келіп тоқтаған үлкен үй кезінде Жылқыбай ақсақал мен Сайлау апанын ұрпақтарын қанаттандырған қара шаңырағы. Қазір екінші баласы Махамбеттің иелігінде. Аула шамдары жарқырап «қош келдіңіздер» дегендей ерекше көрініс береді. Өткен жолы мамыр айында келген сапарымызда уақыт тығыздығына қарамастан тоқтап, Махамбеттің отбасымен, бауырларымен танысқан едік. Қонағасы берген-ді, міне, біздің жолымыз екінші рет түсіп отыр. Бізді Жылқыбай ақсақал өзі бастап күтіп алып, қазақи ниетпен аман-саулық сұрасқан соң, бәрімізді үйге алып кірді. «Ағаның үйі кең жайлау» демекші сол кең жайлаудың бір бөлмесіне дастархан жайылыпты. Келіндері Сарыгүл, Зулфия, жиен немересі Гүлбану шай дайындауға кірісіп кетті. Біз суық суға жуынып-шайынып, күні бойғы кедендік, шекарашылар тексерістері, вагон ішіндегі аптап ыстықтан есімізді жиғанда, шай да дайын болды. Дастархан басына Жылқыбай ақсақалдың жақын-жуық жердегі бала-шағасы, немере-шөберелері түгелдей жиналыпты. Бізге арнап, мал шалып, қонақасы дайындаған екен. «Бір көрген біліс, екі көрген таныс» дегендей бір-бірімізбен жекжат адамдардай шүйіркелесіп, әңгімелесіп кеттік. Әңгіме арасында ағамыз: — Мен 1954 жылы әскерден келіп, мына кісіге үйлендім, — дейді кемпірі Сайлау апаға қарап. Қазір Аллаға шүкірміз, бес ер балам, үш қызым бар, немере-шөберелерім бар. Үлкен балам Кеңес пен мына Қожағали Алматыда тұрады. Біз Қожағалидың қолындамыз. Қалған балаларым Меңдіғали, Бақытгүл, Баян, кенже балам Асқар осы өңірде тұрады, — деді. Бір айдан соң қайтатындарын айтты. Біраз әңгімелесіп, шайға қанып, шөлімізді басып, қонағасы жеп, шұбатпен тоғымызды басқан соң, көп отырмай салынып қойған төсекке демала кеттік. Ертеңіне жақсы тынығып қалған екенбіз, далаға шығып үйге жапсарласа орналасқан шаруашылықтарын аралап көрдік, еңбекқұмар отбасы екені байқалады. Төрт түлік мал, құстың мен білмейтін түр-түрі бар. Ауланың екінші бір бөлігінде бау-бақша егіліпті, міне, екі ат байлаулы тұр. Сөз арасында айта кетейік, кешегі әңгімеде Жылқыбай ақсақалдың атбегілік өнері болғанын естігенмін. Демек, бұлардын бәрі атадан балаға мирас болып беріліп келген дүние екенін аңғару қиын емес-ті. Сәлден соң шәй дайын болды, дастархан үстінде жол жоспарымызды ақылдастық. Осыдан бірер күн бұрын Қожағали Нүкіс қаласынанмен тапсырыс берген Әлима әжесінің белгітасын әкеліпті. Астына қоятын қондырғыларын да дәнекерлеп дайындап қойыпты. Бәрі дайын. Бір сөзбен айтқанда, бізге қалған шаруа жоқ екен. Ертеңгі асқа дұға оқылып, сыртқа шықтық. Меңдіғали баласы Серік пен інісі Шыңғыс (ағасы Махамбеттің баласы) құрал саймандарды қамдап, «Нива» көлігінің тіркемесіне тиеп те үлгеріпті. Бүгін кешегіге қарағанда ауа-райы қағулау. Тоғыз төрені бетке ұстай жолға шықтық. Әр жерден жер өңдеп жүрген техникалар көрінеді. Тұрғылықты халықтың тіршілігі мал өсіріп, егін егу болған соң, келесі жылға дайындық болса керек. Жәй жолмен 25 шақырымдай жол жүріп «Тоғыз төре» қорымына да жеттік. Көлемі жағынан үлкен қорым. Бұрынғы бейіттерге қарасаңыз тал шыбықтарынан үш бұрышты пішінмен қаумалап тұрғызылыпты. Бертінгілері тас кірпіштерден соғылған. Жылқыбай ақсақал барша әруақтарға арнап құран оқыды. Мен де өз кезегімде Әлима апа мен Ниязбек жездемізге, ұрпақтарына, барша бақилық болған мұсұлман қауымына арнап құран бағыштадым. Жігіттер жұмысқа кірісіп кетті. Айналаға көз жүгіртіп, санаңа сан түрлі ой келеді… «Осынау жердің бір қиыры Тоғыз төреге біздің келуімізге не себеп болды?.. Қандай күш, қандай құдірет бізді осы араға жетелеген?» — дейсің… «Мүмкін, бұл апамыздың туған жерін шексіз сүйіп, соған орай жүрегінен өшпестей орын алған назды өлеңдерінің құдіреті болар… Әлде ол, елдегі бауырларының ардақ тұтып, көңілінде жүрген, бірақ кезінде көзден таса қалған ақын апасына деген сағынышы шығар?.. Мүмкін, ол рухын ел сыйлаған апамыздың киесін қастерлеп әруағына бас июіміз болар?.. Айта берсең, ойды-ой қозғап, жалғасып кете береді.
Осы бір зерттеу жұмыстарын қолға алғаннан бері ақын апамызға қатысты көптеген еңбектермен танысыппын. Бұл деректердің бәрін дерлік тірнектеп жинаушылар да республикалық баспасөз беттеріне жариялап, енді бірінде жеке кітапшалар шығару арқылы ортақ игілікке жаратушылар да батыс өңірінің тумалары, зиялы қауым өкілдері.
Олардың ішінде республикаға танымал Тілеужан Шойғарин 1970 жылы Қоңырат елінің тұрғыны Емберген ақсақалдан жазып әкелген «Әлиманың шығарған әні» деп, елге тараған 15 шумақ өлеңі. Белгілі ақын, драматург Бәкір Тәжібаевтың «Жұлдыз» журналының 1985 жылғы №5 санында жарық көрген «Ару Әлима» атты деректі әңгімесі. Ақынмен рулас Амантай Шотовтың «Ақтөбе» газетінің 23.01.2005 жылғы санында басылған «Әлиманың әнін шығарған Арыстан ба?». Шалқарлық Тіркес Ахмедиевтің 2006 жылы аудандық «Шежірелі өлке» газетінде жарияланған «Әлиманың әнін шығарған — Әлима» атты мақаласы… Иә, айта бастасаң көп-ақ. Бәрі дерлік Әлиманың ақындығына оң бағасын берген, өзі ұнатқан жігітіне қосыла алмаған. Әлиманы сол замандағы әйел теңсіздігінің құрбаны ретінде бейнелеген. Осы арада Оспан Мақатұлының «Әлиманың әні» деп аталатын 144 беттен тұратын поэмасындағы мына бір шумақтарға еріксіз көңіл аударасың:
Бота көз, қиғаш қасты, ақ маңдайлы,
Әзілқой, өткір ойлы, жез таңдайлы.
Он саусақ ойнағанда пернелерде,
Ажары ақша беті гүл жайнайды…
Таңданды көрген жандар келбетіне,
Ақыл-ой, көрегендік әдетіне.
«Байдың қызы, сұлу қыз, әрі ақын қыз»…
— деп жалғасып кете береді (22-бет. «Әлиманың әні». «Үш Қиян», 2006 ж.) Оспан Мақатұлы ағамыз аталған поэмасын жазып, аяқтап, бірақ оқырман қолына жеткізе алмай өмірден озыпты. Әке аманатын баласы Мереке Оспанұлы баспаға дайындапты.
«Әлиманың тағдыры менің тағдырыма ұқсас», — дейді, марқұм Оспан ағамыз. Себебі, сонау қанды отыз жетінші жылы жалған жаламен 10 жыл бас бостандығынан айырылып, Ресейдің Воркута жеріне айдалады. Еріксіз елден кеткені есіне түскенде, қарағай ағашынан жасалған домбырасын қолына алып, Әлима апасының мұнды өлеңімен өзін-өзі жұбатып, жанына жалау еткенін айтады.
Иә, айта берсең әңгіме көп… «Әлима Қоңырат еліне келін боп түскен соң көп ұзамай жастай қайтыс болыпты» деген жорамалды негізге алып, «өлеңнің авторы Арыстан жырау екен» деген пікірдің кезінде біраз мақалаларда белең алғаны рас. Міне, зерттеу жұмыстары өзінің оң нәтижесін берді… Өлеңнің түп иесі анықталды.Оған дәлел: тоқсаннан асқан ұрпақтары оны «шайыр» дейді, ақынның қай өлеңі болмасын «Аққудай қалықтаған Әлима едім» деп, бірінші жақпен (Әлиманың өз атынан) айтылады. Қазір басқаша сыңай білдіретін адамдар байқалмайды. Дегенмен, 1998 жылы «Ақжар-АВК» баспаханасынан жарық көрген марқұм ағамыз Қосалы Аманұлының «Жарас мерген» атты кітабының мынандай жолдарына тоқтала кеткім келеді: «Әлиманың елді сағынып жүріп Арыстан жырауға кез келіп, жолдаған сәлемі» — деп басталып:
Арыстан алып келді жазған хатын,
Көзімен көріп келді қарындасын. — дегендей шумақтарға назар аударсақ, бәрі де өз орнын тапқандай болады.
Бірер сағат шамасында белгі тас та құтты орнына қондырылып, құран оқылды. Ақын апамызға: «Ауыр топырағың жеңіл болсын», «риза болыңыз», — дегеннен басқа не айтамыз… Иығымыздан жүк түскендей жеңілдеп сала бердік.
Біз тағы да он шақырымдай алға жүріп Қазақдарияға Сарбике апаға сәлем бере бардық. 94 жасқа қараған Сарбике апа келген сапарымызға ризашылығын білдіріп: «Мен әліде 98-ге дейін өмір сүремін» — дейді. Түсінде оған аян бергенге ұқсайды. Бізде уақыт тығыздау. Сарбике апаға аман-саушылық тілеп, Шақаман ауылына аялдап, ас іштік. Жылқыбай ақсақал бізге ақ батасын берді. Көрсеткен ықылас-ілтипаттары үшін алғысымызды айтып, елге қайттық.
Ия, бұл фәниде адамның қадыр-қасиеті қанша жыл ғұмыр кешкенінде емес, артына қандай із қалдырғанында болса керек. Ақын артына ұрпақтарын қалдырды. Ел санасынан мәңгілікке өшпейтіндей өлеңдерінқалдырды. Ал біздің мақсатымыз — зерттеп, осылардың бәрін бір жүйеге келтіріп, ұрпақ тәрбиесі үшін игілікке жарату ғана. Алла қаласа, 2022 жылы ақын Әлима Қабылқызының туғанына 150 жыл толғалы тұр. Осы мерейтой қарсаңында оның туған жері Шалқар қаласының бір көрнекті көшесін ақын атымен аталса нұр үстіне нұр болар еді. Әрине, мұндай үлкен шаруа туған жердің қадір қасиетін, ел ардақтыларын бағалай білетін бауырларымыздың ғана қолынан келетіні түсінікті де.
Әңгімемді қуанышты бір жаңалық хабармен аяқтағым келеді.
Биыл Ақтөбедегі №55 жалпы орта білім беретін мектебінің ұстазы Аманова Меруерт Есенқызының жетекшілігімен 10-сынып оқушысы Қайырбаева Ақнұр Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасы Кіші Ғылым Академиясының 23-ші облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясына «Ақын Әлима Қабылқызы» тақырыбына өз баяндамасын ұсынып, жүлделі II орынды алып, сонымен қатар 45-ші республикалық сайыста III орын иеленді. Ал Алматы қаласында өткен «Қазіргі заманғы ғылым: жаңа көзқарас» атты мектеп оқушыларына, студенттерге және жас ғалымдарға арналған V республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында осы тақырыппен жеңімпаз аталып, I дәрежелі Дипломға қол жеткізді. Ақнұр қызымыздың алар асулары әлі де алда. Ақын апамыздын әруағы желеп-жебеп, әрдайым жолың ашық болсын дегім келеді.

Мұздыбай Сәңкібаев,
өлкетанушы. Ақтөбе қаласы.