35 жастағы шалқарлық Нұрбол Дүйісовтың арбаға таңылғанына екі жылдан асты. Ол аудандық ішкі саясат бөлімінің жастар орталығында кеңесші болып жұмыс жасайды. Дерті жанына батқан жоғары білімді маман қазірде көпшіліктің көмегіне мұқтаж. «Бойымдағы дерт бала күннен бар. Кішкентайымнан бүйрегім ауырады. Кальций жетіспеушіліктен сүйектерім бор секілді жұмсарып қалған. Екі аяғым содан қисайды. 1999 жылы Алматы қаласында ота жасатып аяқтарымды түзеттім. Аяғым қисық болғанға басында намыстанатын едім»,— дейді ол.
Өкінішке орай оның аяғындағы сырқаты бұнымен тоқтар емес. Жамбастағы ұршық майы таусылып «коксартроз» дертіне ұшыраған жігіттің бүгінде аяғын тең басып жүруі қиындаған.
— 2011 жылы аяғымды сылтып басатын едім. Ауырсынсам да бір қолыма таяқ ұстап жүре бердім. Кейін ауру жаныма батқан соң екі қолыммен балдаққа сүйенетін болдым. 2017 жылдан мүлде аяғымды басудан қалдым. Аурудан жаным қиналса да жұмыстан қалмауым керек деп жарты күндікке ауыстым. Себебі сырқат түнімен мазалайды, кейде таңда ғана көз ілемін. Басшылық жұмысымдағы бұл жеңілдікті қолдады, — дейді Нұрбол.
Ол «коксартроз» дертін Германияда инъекция жасау арқылы емдегісі келеді. Қазақстанда ота жасатуға жүрегі мен бүйрегі шыдамайтын көрінеді. Ал ол жаққа барып емделу үшін тоғыз миллион теңге қаржы керек.
«Айығып кетсем кәсіп бастағым келеді. Аудан басшысы әрдайым қолдауын маған аяған емес, кәсіп ашуға жер телімін де берді. Ол жерге жолаушылар аялдайтын кемпинг салғым келеді. Өзімше еңбектеніп, табыс тауып, шетелден ем алсам деймін. Мен бұл ауруға моральды тұрғыда шыдармын, физикалық тұрғыда көтере алсам алдыма қойған жоспарым да көп», — дейді қайсар жігіт.
Көмек көрсетемін деушілер болса Нұрболдың ұялы телефоны: 8-776-523-9353.
Халық банк: 5483 1919 3210 2884.
Киви кошелек: 8-701-453-4343
Каспи голд: 5169 4931 2032 3053
Қарындасы Таумашова Камила.
Жазып алған М.БОҚАН.