ОРАЗ БИГЕ елдің құрметі

Шалқар қаласындағы көшелердің біріне Алаш қозғалысының белсенді қайраткері Ораз би Тәтеұлының есімі берілді. Осы рәсімде қала әкімінің орынбасары Тұрлан Төлегенов сөз сөйлеп, тарихи тұлғаның өмір жолына тоқталып, Ә. Жангелдин қалашығы тұрғындарын аталған көшені таза ұстап, баба есіміне құрметпен қарауды сұрады. Ұрпақтары атынан сөз алған Аманғали Төлебаев игілікті іс жолында өздеріне қолдау көрсеткен ауданның атқамінер азаматтарына алғысын айтып, көше қиылысынан орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсімін жасады. Тыл және еңбек ардагері Оразбай Әділбаев Ораз би ұрпақтарының бабаларына деген бұл құрметін жоғары бағалап, ақсақалдық батасын берді.
Ораз би Тәтеұлы 1916 жылы Орынбор қаласында өткен Алаш партиясының І сьезінде алғашқылардың бірі болып сөз сөйлеп, Алаш мемлекетін құруға үндеу тастаған. Шалқар жерінде «Қабырға» болыстығының бас биі болады. Қазақ елінің жарқын болашағын аңсаған би 1917 жылдың желтоқсан айында ІІ сьезге бара жатқан сапарында бақилық болды деген тарихи деректер бар. Алаш арыстарының бірі Әлихан Бөкейхановтың да Ораз биге құрметі ерекше болғанын нақты деректерден көруге болады.
Ел тарихында елеулі жолы қалған баба есімін ұлықтауды қолға алған ұрпақтары оның рухына үлкен ас беріп, құран бағыштады.

М. КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.