КӨПТІ ҚЫЗЫҚТЫРҒАН ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ

Шалқар көлінің жағасындағы демалыс лагерінде қымызмұрындық мерекесі тойланды. Өткен жылы облыс орталығында бастау алған ұлттық мереке биыл аймақтағы аудандар арасында алғаш болып Шалқарда ұйымдастырылды. Ұлттық руханиятымызбен астасатын мерейлі шараға ауданға қарасты он ауылдық округтен бие байлап, қымыз сауатын шаруалар қатысып, көпшілікке өнімдерін ұсынды.
Аудан әкімі Бауыржан Қаниев Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген міндеттер осындай кенже қалған дәстүрлерді жаңғыртуға арналғандығын айтып, мәні зор шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық кезеңіндегі жеңімпаздары осы мерекеде аудан әкімі Б.Қаниевтың қолынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар алды. Елге белгілі еңбек ардагерлерінен құрылған әділқазылар бағасын беру үшін қаз-қатар тігілген шатырлар сөрелеріндегі қымыздардан ауыз тиді. Әр ауылдан келген қымыз әзірлеушілер бір-бірімен қымыздың дайындау барысындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Өткен жылы облыстық деңгейде тұңғыш өткен осы мерекеде бірінші орынды алған Шетырғыз ауылдық округінің тұрғыны Қайрат Жұмағалиев бұл жолы да қымыздарын ала келіпті.
— Өткен жылы «Даму» қоры арқылы 3 млн. теңге қаржыға 8 бас бие сатып алып, қазір солардан қымыз өндіріп отырмын. Бүгінде шаруалар малдың санына емес, одан сапалы өнім алуға бет бұрды. Соның ішінде жылқының қымызы мен түйенің шұбатына сұраныс жоғары. Ал қымызды дайындаудың тәсілдеріне ден қоймасаң жақсы өнім шықпайды. Біз соған көп көңіл бөлеміз, еңбегімізге қарай нәтижесі де жаман емес, — дейді ауылының үмітін арқалап келген Қайрат.
Айтпақшы, өткен жылы облыс орталығында өткен мерекеде:
— Үлкен істі бастау қиын. Мереке мазмұн алып, қанатын кеңге жаю үшін бұдан да жоғары, кең көлемде өтуі керек. Әрине, барлық аудан мерекеге ұйымшылдықпен қатысты, бәріміз де батыр мен бидің ұрпағымыз. Бірақ «сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, қай салада болмасын Шалқардың орны бөлектеу тұрады. Атақты батыр-билердің, әулие-әмбиелердің ұрпақтары жаздың тамаша күнінің бірінде қымызмұрындық мерекесін жұрт айтып жүретіндей деңгейде өткізеді деп шештік, — деп, әділқазылар бір ауыздан шалқарлықтарға үлкен сенім артқан еді. Осы шара сенімді ақтады деуге негіз болды. Айтулы күнге арналып тігілген ақшаңқан киіз үйлерде қонақтарға арналып ас берілді. Ардагерлер: «Өскелең ұрпаққа берері мол бұндай шаралардың жалғасы әрдайым болуы тиіс», — деп ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Ауданда тұңғыш өткізілген қымызмұрындық мерекесінде Жаңақоныс ауылдық округінен ұсынылған қымыздың дәмі тіл үйіретіндердің қатарынан табылып, І орынды иеленді. Жүлделі ІІ, ІІІ орындарды Айшуақ, Бершүгір ауылдық округтерінен келген шаруалар жеңіп алды. Жүлдегерлерге аудан басшысының атынан Алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды. Өзге де барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары берілді.
Ұлттық дәстүрімізді ұлықтаған шырайлы шарада аудан көркемөнерпаздары ән мен күйден жыр шашып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.