ШАЛҚАРЛЫҚТАРДЫҢ АРЫСҚА КӨМЕГІ

Таяуда әскери бөлімдегі жарылыс салдарынан зардап шеккен Арыс қаласы тұрғындарының ахуалына алаңдамаған жан болмады. Сын сағатта барша қазақстандықтар Арыс халқын қолдап, көмек қолын созуға асықты. Қашан да қайырымдылық істе алдыңғы шептен көрінетін шалқарлықтар да бұл жолы үрдістен жаңылмай, ауызбіршілік танытып, апатты аймаққа материалдық, қаржылай көмегін берді.
Оқиға болған күннен соң қаламыздың орталығындағы Мырзағұл Шыманұлы ескерткіші маңында қайырымдылық жәшіктері қойылып, аудан тұрғындары бір күнде ақшалай, заттай көмектерімен үлестерін қосты. Бұл жерде жиылған ауыз су, бұзылмайтын тамақ өнімдері, т.б. қажетті заттардың ауқымы әп-сәтте екі «Газель» жүк көлігіне жетті. Ал жиналған қаржының көлемі — 858 мың теңгені құраған.
— Бір күнде бұндай зат пен қаржының жиылуы шалқарлықтардың бірлігі бекем екендігін білдіреді. Осы жиналған заттар Шалқардан екі жүк көлігімен Арысқа жеткізілді. Арнайы құрылған комиссияның бағыттауымен біз жерлестеріміздің аманатын шын мұқтаж отбасыларға үлестіріп бердік. Тосыннан келген апатқа душар болған арыстықтардың шалқарлықтарға айтар алғысы шексіз. Адамның мейірімділігі, бір-біріне қамқорлығы осындай сәттерде айқын сезілетіні сөзсіз. Бұл тұста шалқарлықтардың ісі көпке үлгі дейді, — осы қайырымдылық істің басы-қасында жүрген Шалқардағы Мәтей Қоқанұлы атындағы мешіттің бас имамы Бақыт Тойшыбаев.
Көмектер бұнымен шектелмек емес. «Нұр Отан» партиясы Шалқар аудандық филиалының мұрындық болуымен қазіргі таңда қайырымдылық істер әлі де жалғасуда. Оған аудандағы барлық мекеме, кәсіпорын, ұжым қызметкерлері белсене қатысуда. Осы партия филиалының кеңесшісі Нұрболат Мұрсаловтың сөзінше, бүгінгі күні жиналған бір миллион теңге қаражат Арыс қаласына арнайы ашылған есепшотқа аударылған. Заттай, қаржылай жиналып жатқан әлі де көмектер бар. Олар жақын арада жеткізіледі екен.

М.КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.