БАҚ ӨКІЛДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ

28 маусым күні облыс орталығында бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтті. Мерекеде облыс әкімі Оңдасын Оразалин журналистерді құттықтап, марапаттар табыстады.
Облыс әкімі құттықтау сөзінде бұқаралық ақпарат құралдарының еліміздің ақпараттық саясатын жүзеге асыруда маңызы ерекше екенін айта келе, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мемлекеттік бағдарламаларды жүргізуде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ, облыс әкімі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен арнайы қаулы бекітіліп, биыл БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ерекше атап өтіліп жатқанын жеткізді.
— Облыстың дамуына, қоғамға қосып жатқан үлестеріңіз үшін сіздерге айтар алғысымыз шексіз, — деп жүрекжарды тілегін жеткізген облыс әкімі бір топ БАҚ өкілін марапаттап, арнайы сыйлықтар табыс етті. Олардың қатарында «Аудандық «Шалқар» газеті» ЖШС директоры Қыдыралы Әлин де бар.
Сондай-ақ, аудан әкімі Бауыржан Қаниев аудан активінің алдында «Аудандық «Шалқар» газеті» ЖШС директоры Қ. Әлинді 28 маусым — бұқаралық-ақпарат құралдары күні мерекесімен құттықтап, баспасөздің қоғамдағы рөлін атап өтті. «Шалқар» газетінің ұжымына шығармашылық табыс тілеп, алдағы уақытта еселі еңбек етіп, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосатындарына сенім білдірді. Және газет басшысына өз атынан Алғыс хат тапсырып, естелік сыйлық ұсынды.
Журналистердің кәсіби мерекесінде «Шалқар» газетінің қызметкерлерін «Нұр Отан» партиясы Шалқар аудандық филиалының бірінші орынбасары Жарылқасын Шамбалаев, аудандық сот төрағасы Оралбек Бақтыгереевтер де арнайы құттықтап, Алғыс хаттар тапсырды және ұжым мүшелеріне шығармашылық табыс тіледі.