Бұқаралық ақпарат құралдарында қылмыс немесе өзге де құқық бұзушылық талқыланған кезде қоғам ішінде басты назар зорлық көрсетуші мен дене жарақаттарын алған немесе қаза тапқан, құрбан болған адамға аударылады. Ал балаларды мүлдем ұмыт қалдырады. Көбінесе, олар үнсіз құрбан болып, үйдің мүлкі немесе сырттан бақылаушы секілді тасада қалады.
Дегенмен, қазақ халқы бала тәрбиесін ұлт тәрбиесінің негізіне балап, зор мән берген. Бұл «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөзінен анық байқалады. Бабаларымыз осы екі ауыз сөзбен елдіктің негізгі діңгегі, өскелең ұрпақ балаларымыз екендігін нақты айта білген. Себебі ұрпақ тәрбиесіне мән бермеген көптеген ұлттардың ақырында жойылғандығы тарих беттерінде де айтылады. Елдігімізді, ұлтымызды сақтап қалу үшін бала тәрбиесі ешуақытта күн тәртібінен түспеуі тиіс мәселе. Сондықтан, бала тәрбиесі әрбір отбасымен қатар, мемлекеттің де назарынан тыс қалмауы қажет.
Осы мақсатта елімізде кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы жұмыс атқарады. Қазіргі уақытта оған аудан әкімінің орынбасары төрағалық етіп, комиссия мүшелігіне мемлекеттік құзырлы органдар өкілдері енгізілген. Комиссияның негізгі міндеттерінің бірі — өмірдің қиын жағдайына тап болған кәмелетке толмағандарға қол- ұшын беріп, құқығын қорғаумен қатар, құқық бұзушы не өзге де теріс қылықтар жасап тәртіп бұзушы кәмелетке толмағандарды тәртіпке шақырушы орган болып табылады. Көп жағдайда балалар құқығының аяқ асты болуына ата-аналары себепкер болып жатады. Бұнысын бір ата-ана білсе, бірі білмейді. Себебі ата-ана баласының «тамағы тоқ, көйлегі көк» болғанына мән беріп, олардың білім алу, тәрбие алу, ата-ана қамқорлығында болу секілді құқықтарын ұмытып жатады. Кейде ата-аналар балаларын мүлдем қарамай кететін деректері де кездеседі. Мұндай ата-аналарды тәртіпке шақыруды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиясы өз міндетіне алады.
Аудандық полиция бөлімімен 2018 жылы тәртіп бұзушы кәмелетке толмағандар мен ата-аналық міндеттерін орындамауы не тиісінше орындамауының 19 дерегі анықталып, тәртіптік мәселесін қарау туралы аталған комиссияға ұсыныстар жолданды. Нәтижесінде 2018 жылдың 12 айында Шалқар ауданы ПБ-нің тізімдік есебіне тәртіп бұзған 7 кәмелетке толмаған, профилактикалық есебіне ата-аналық міндетін орындамаған 11 ата-ана қойылып, бақылау жүргізіліп, ата-аналық құқығынан айыру туралы бір анаға қатысты шешім шығарылып, сотқа жолданды. Осы жұмыс 2019 жылы да жалғасын тауып, осы жылдың 3 айында полиция бөлімінің тізімдік есебіне 2 кәмелетке толмаған, ата-аналық міндетін орындамаған бір ата-ана профилактикалық есепке алынды. Сондай-ақ, ата-аналық міндетін орындамаған бір анаға ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім шығарылып, аудандық соттың қаулысымен айыппұл түріндегі жазаға тартылды.
Нұржан Сүлейменов,
аудандық ПБ-нің КТІЖ аға инспекторы, аудан әкімі
жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссия мүшесі.