АҚТӨБЕЛІКТЕРДІ ҚУАНТҚАН «ШАЛҚАР АЛЛЕЯСЫ»

29 маусым күні Ақтөбе қаласының Әлия Молдағұлова даңғылы бойында облыс орталығының 150 жылдық мерейтойына арналып шалқарлықтардың тартуы есебінде салынған «Шалқар аллеясының» ашылу салтанаты болды. Бұл ресми шараға Ақтөбе қаласының тұрғындары, облыс орталығында тұратын шалқарлықтар, ауданнан арнайы барған ақсақалдар, ел ағалары, қарапайым тұрғындар қатысты. Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин бастаған қала басшылары бұл тартуды қуана қабылдады.
Облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин Ақтөбе қаласының 150 жылдығына осындай үлкен тарту жасап келген аудан әкімі және ел ақсақалдары бастаған шалқарлықтарға өңіріміздің көркеюіне қосқан үлестері үшін облыс басшысы Оңдасын Сейілұлының атынан алғысын білдірді. «Облыс орталығы дамыса аудандар да дамиды, бұл үрдісті тәуелсіздік алған жылдардан бері көріп, байқап келеміз. Сондықтан деніміз сау болып, сындарлы кезеңдерден сүрінбей өтіп, мемлекетіміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті елдер қатарына енуіне, қарыштап дамуына қарқынды үлесімізді қоса берейік» деді.
Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары елді жақсы істерге бастап, бірлік пен татулыққа үндеп, игі шараларға мұрындық болып жүрген шалқарлық ақсақалдар мен белсенді азаматтарды «Ақтөбе қаласының 150 жылдығы» мерекелік төсбелгісімен марапаттады. Бұндай марапаттарға Шалқар қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев, еңбек ардагерлері Аманғали Төлебаев, Ғанибет Төлеген, Қазыбек Муапиқов және аудан әкімі аппаратының инспекторы Дайрабай Өтешов ие болды. Құрметке ие болған ақсақалдар атынан сөз алған А.Қалыбаев «Ақ тілек бейбітшілік заман болсын, қадірлі ел-жұртымыз аман болсын. Береке, бірлігіміз әркез артып, достыққа берік, мықты адал болсын!» деп батасын берді.
Көрікті аллеяның ашылуында сөз сөйлеген Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев жиналған жұртшылықты Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейлі мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Шалқар халқының кішкене де болса тартуы құтты мекеннің көркіне көрік қосатынына қуанышты екенін жеткізді. — Облыс орталығы дамыса, әлеуеті артса аудандар да ілесіп дамиды. Шалқарлықтар бұны жақсы түсінеді. Облыс басшылығының Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейлі белеске жетуіне орай облыстың бас қаласының көркеюіне үлес қосу жөніндегі ұсынысын шалқарлықтар бірден қолдап, іске кірісіп кетті. Бюджеттен қаржы шығармай, барлық шалқарлықтар қал-қадірінше өздерінің үлестерін қосып, аз уақыттың ішінде және аудандардың арасында бірінші болып осындай әдемі аллеяны салып, Ақтөбе тұрғындарына тарту етіп отыр. Мен, осы мәртебелі де мерейлі іске өз үлестерін қосқан ауданымыздың азаматтарына, жалпы көңілі дархан шалқарлықтарға, сонымен бірге әсем аллеяны салуды ұйымдастырып, оны жүзеге асырып шыққан азаматтарға шын жүректен алғысымды айтамын. Шалқар халқының ауызбіршілігі мол, пейілі кең. Саяси науқан ел Президентін сайлау кезінде де шалқарлықтардың бірлігі берік көрінді. Аудандарға облыс орталығының қамқор көмегі көп. Дейтініміз, мемлекеттік бағдарламалар арқылы облыстан қаржы бөлінуде, елді мекендерімізге газ, су, жарықтар тартылуда, жолдарымыз жөнделуде, халыққа қызмет көрсететін объектілер, мектептер, ауруханалар салынып, жөнделіп жатыр. Сондықтан арайлы Ақтөбе қаласына осындай әдемі тарту жасағанымызға қуаныштымыз, — деді аудан басшысы.
Жалпы, Ақтөбе халқы көрнекті жерге салынып, пайдалануға берілген «Шалқар аллеясына» ризашылық кейіптерін, алғыс сезімдерін білдірді. Шындығында 13470 шаршы метр жерді алып жатқан жеті алаң: субұрқақ, балалардың ойын алаңы, үш күрке (беседка) және демалыс алаңдары бар. 10,5 мың шаршы метрге қара топырақ төселіп, оған газон (көгал), талдар егілген, 40 орындық қойылып, 30 фонарь орнатылған. 2,5 мың шаршы метр жер әдемі көркем тастармен көмкеріліп, төсеніш жолдар салынған. «Шалқар аллеясы» деп үлкен әріптермен латынша жазылған жарықтандырылған құрылғы алыстан көз тартады. Және Бершүгір тауынан қиыршық тас өндіретін «Ақшат — Ақтөбе», «Тау-кен», «Мұғаджар нефтестрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өз өнімдерін — үлкен жұмыр сәнді тау-тастарын тарту есебінде аллея ішіне орнатты.
«Шалқар аллеясының» құрылысы 2019 жылдың 19 мамырында аталмыш даңғыл бойында басталып, 28 маусымында аяқталды. Аллея құрылысына бюджеттен тыс 40 млн. 450 мың теңге қаражат жұмсалды. Оны мердігер «Назарова СС» жеке кәсіпкерлігі салып шықты. Бригадирлер Жанкелді Жетпісбаев, Кәдірбек Әбдікәрімовтың және Темірлан Назаровтың ел мерейін үстем ету үшін уақытпен санаспай жасаған еңбектерін атап өткен жөн. Және бұл көппен бітетін игі іске бөлім, мекеме, кәсіпорындардың жұмысшы-қызметкерлері, ауылдық округтердің халқы, кәсіпкерлер, «Қанағат құрылыс» ЖШС, «Ерзат» өндірістік кооперативі, «Мұғаджар нефтестрой», «Ақшат», «Тау-кен» қиыршық тас зауыттары, т.б. өз үлестерін аянбай қосты. Және аудандық жер бөлімінің басшысы Алтынбай Беркімбаев, білім бөлімінің басшысы Абзал Әбдіков «Шалқар аллеясының» көрікті де сәтті шығуына зор еңбектерін сіңірді.
Шалқар — Ақтөбе облысының құрамдас бір бөлігі. Олардың тарихы бір-бірімен сабақтас, ел экономикасының, әл-ауқатының дамуына өздерінің қосар үлестері бар. Сонымен бірге, Шалқар ұлылық пен батырлықтың, ақындық пен шешендіктің иесі болған ұлы халықтың мекені. Қазақтың біртуар ұлдарының кіндік қаны тамған, құмы — құт суы — байлық киелі Шалқар өлкесінің өнерпаздары осы өңіріміздің орталығындағы «Шалқар аллеясының» ашылуына орай «Құт берекем — Шалқарым!» атты концерттік бағдарламасын тарту етті.
Ақтөбе, сенсің менің сайран бағым,
Кетпестей кіндігіммен байланғанмын.
Табысың, тамашаң да толып жатыр,
Баяндап тауысайын қайдан бәрін.
Көркіңді досың түгел, жат мақтаған,
Жаныма сол бейнеңді сақтап бағам.
Төбе емес, тау тұлғалы биігімсің,
Арайлы, ақ босаға, аппақ қалам! — деген өлең жолдарымен бастап, концертті әнші Бақытжан Жанықұловтың «Ақтөбем» әнін шарықтатты. Сахнаға қазағымның қара домбырасымен шыққан дәстүрлі өнерімізді насихаттап жүрген Динара Шынарбаева жыр-термелерден шашу шашты. Бұдан соң әншілеріміз Асылхан Дәрібаевтың «Қымыз құйғыш», Несібелі Мұңайтбасованың «Кішіқұм келбеті» әндері тыңдарман жұртшылықтың көңілдерін бір көтеріп тастады. Тыңдаған көрермендердің рухын көтерер Саламат Ермағанбетовтың салған «Ел үшін туған ер болсаң», Көркем Мұхтарованың «Қызымын елдің» патриоттық әндері елім деген азаматтарға күш-жігер тарту еткендей болды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты қоғамдық сананы жаңғыртуды мақсат еткен бағдарламалық мақаласы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ауқымды және терең мағыналы бағдарға айналды. 2017 жылдан бастап еліміз жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған, еліміздің үшінші жаңғыруын іске асыруға кірісті. Бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламалар саяси және экономиканы жетілдіруге бағытталса, тұңғыш Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласы «Бес әлеуметтік бастамасы», «Ұлы даланың жеті қыры» тұтас бір қоғамның жаңғыруы мен әлеуметтік әлеуетінің өркендеуіне жол ашқаны белгілі. Сахна төріне шығып, «Рухани жаңғыру» әнін шарықтата салған әнші Нұрғали Сейдаховтың дауысы көптің көңілін дөп басып, ризашылық сезімдерін оятты.
Шалқар жұртшылығының тарту еткен «Шалқар аллеясының» көркіне, шалқарлық көркемөнерпаздарының өнеріне тәнті болған Ақтөбе қаласының тұрғындары:
Шалқарым, абыройың арта берсін,
Жұртшылыққа белгілі, дархан елсің!
Ақтөбенің 150 жылдығында,
Атағың мен мерейің арта берсін, — деген жыр-тілектерін арнады.

Қыдыралы ӘЛИН,
«Шалқар».