Қоғам болып күресуіміз керек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөнінде ұсынған «100 нақты қадамының» он үшінші қадамында жемқорлыққа қарсы күресті күшейту шарасы атап көрсетілген. Онда жаңа заңнамалар әзірлей отырып, Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушы­лықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін арнайы бөлім құру да тапсырылды. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы биылғы ұлттық баяндамаға сүйенсек, осы саладағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары қолға алынған. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсету саласында бағалау қызметі, жылжымайтын мүлікке кепілді және құ­қық­тарды тіркеу, мұнай және газ саласында қызметті іске асыру, тиісті аумақтағы эпизоотикалық жағдайды бағалауды ескере отырып, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің импортына және транзитіне рұқсат беру, жоғары сұранысқа ие мемлекеттік тіркелу нөмір белгілерін беру, т.б. салаларында мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелерін реттеуші бірқатар нормативтік құқықтық актілер қабылданды.
Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысымен құқықтық техника ережелері, тілдің анық еместігі мен қолданылатын терминдердің түсініксіздігімен байланысты судьялардың сот процесі тараптарына сот шешімін түсіндіру практикасы енгізілді.
«Табиғи монополиялар туралы» жаңа Заң қабылданды. Бұл заңда табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыруды және тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылауды күшейту қарастырылған. Тарифтік саясат бойынша кеңес және Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін тұтынушылардың қоғамдық бірлестігі сынды жаңа екі Қоғамдық бақылау институты енгізілді. Бизнесті мемле­кеттік бақылау мен қадағалау жүйесі концептуалды өзгеріп, профилактикалық бақылау институты құрылды.
Мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезіндегі ашықтық пен бәсекелестікке ынталандыруды арттыру үшін бір көзден сатып алу негіздері қысқартылды. Сондай-ақ алдыңғы конкурсты өткізбеген жағдайда тапсырушы қайта конкурс өткізуге міндеттелді. Сатып алу барысын жеңілдететін жаңа тәртіп енгізілді. Енді маңызы аз сатып алулар үшін конкурс өткізу талап етілмейді, бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100 АЕК-тен 500 АЕК-ке дейін, ал ауыл әкімдіктері үшін 3 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметті қолжетімді ету үшін де қолайлы жағдай жасалған. Атап айтқанда, ыңғайлы фронт-кеңселері бар сервистік әкімдіктер ашылып, open space енгізілуде. Оның құрамында 180-нен астам мемлекеттік мекеме жұмыс істейді.
«Digital Agent» және «Ашық бюд­жеттердің интерактивті картасы» IT-өнімдері іске қосылды. Ол кез келген қазақстандыққа мемлекеттік сервисті жақсартуға және ұялы телефон арқылы бюджеттің шығыстарын, құрылыс сапасын, жол жөндеу жұмыстарын бақылауға мүмкіндік береді.
Бизнес-қоғамдастық та айтарлықтай дамып келеді. Бизнесті және инвестицияларды қорғауға арналған «Protecting Business and Investments» жобасы қолға алынды. Оның шеңберінде агенттік 300-ден астам компаниямен ынтымақтастықта жұмыс істеуде. Олар бизнесті парасыз – адал жүргізуге міндеттелді.
Ал мектептерде «Адал ұрпақ» клубтары ашылған. Бұл өскелең ұрпақтың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарас қалыптастыруға жол береді. Колледждер мен жоғары оқу орындары деңгейінде академия­лық адалдық қағидаларын және олардың ашық қызмет көрсетуін нығайтуға бағытталған «Саналы ұрпақ» жобасы қолға алынған.
Сондай-ақ Елбасы тапсырмасына сәйкес Adaldyq alańy – «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» республикалық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оған мемлекеттік қызметтің сапасын жақсартуды және тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюды көздейтін кез келген адам қосыла алады.
Сонымен, мемлекеттік органдарда, жоғары оқу орындарында, мектептерде, соттарда, тіпті полицияда сатушысы жоқ «Адалдық дүкендері» ашылған. Соңғы жарты жылдың ішінде олардың саны 3700-ден асты.
Агенттік төрағасының айтуынша, аталған жеке жобалар мен іс-шаралар ауқымды көрінбегенімен, олар ортаны және қоғамдық сананы өзгертетін пазл іспетті. Барлық бастама «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттің ғана емес, барлық азаматтардың міндеті» деген ұғымды әрбір қазақстандықтың сана-сезіміне жеткізуге бағытталған.

Майя МҰРАТБЕК