БІРІНШІ БАЙЛЫҚ – ДЕНСАУЛЫҚ …

Аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Асқар Есмағамбетовпен ауданның денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгімелескен еді.

— Асқар Мұхамбетәлиұлы, денсаулық сақтау саласында қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайында айтсаңыз…

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл- ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің аса маңызды компоненті болып саналады деп атап көрсетті. 

Ең алдымен, әсіресе, ауылдық жерлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ауруларды емдеу ісін басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңмен 20 пайызға көбейтуді тапсырамын, — делінген.  

Аудан медицинасы саласы үшін де көп міндеттер жүктеліп отыр. Соның бірі саламатты өмір салтын насихаттай отырып, әр адамның өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру мақсатында жастарына қарай тұрғындарды жүрек-қан тамыр, қант диабеті, глаукома ауруларының, тоқ және тік ішектің, жатыр мойыны,сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында  скринингтік тексеруден өткізілуі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу кезең-кезеңмен жүзеге асырылуда. Бұл жүйенің артықшылығы тұрғындар тапқан табысына қарамай кең көлемде жоғары деңгейдегі медициналық көмек алу болып табылады.

Даму мед ақпараттық жүйесіне қосылу арқылы халыққа электрондық қызмет көрсетілуде. Осы жүйенің мобильдік қосымшасы арқылы тұрғындар алдын ала өз алқаптық дәрігеріне тіркеліп, медициналық көмек ала алады. Бұл өз кезегінде уақытты үнемдеуге және кезекте тұрған адам санын азайтуға септігін тигізеді.

— Өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталсаңыз…

— 2019 жыл Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуының соңғы жылы. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға дайындық жұмыстары жоғары деңгейде журуде.  Қазір аудан тұрғындарына аудандық аурухана 75 керуеттік орынмен, тәулігіне 250 адам қабылдайтын емхана, 71 керуеттік күндізгі стационар бөлімі, 7 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 19 медициналық пункт медициналық қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын нығайып келеді. Ауданда былтыр жылдар бойы айтылып келген қаланың Жұмысшылар қалашығы бетінен күндізгі емдеу бөлімі ашылды. Құны 248 млн. теңге тұратын компьютерлік томограф аппараты іске қосылып, халық игілігі үшін қызмет атқаруда. Бұдан бөлек тәулік бойы қызмет көрсететін стационарлық бөлімге қанның биохимиялық көрсеткіштерін тез анықтайтын биохимиялық анализатор, операция барысында қолданылатын электрокоагулятор, емханадағы  физиоемдеу бөлмесіне төменгі жиілікті радиус, гальванизатор поток, магнитотерапиялық диамаг аппараты орнатылды. Инсульт орталығын ашу мақсатында 10 керует және 2 функционалдық керует сатып алынып орналастырылды.

Ауданда 72 дәрігер, 309 орта буын медицина қызметкерлері тұрғындарға қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді.  Медицина саласына жаңа инновациялық  технологияларды енгізу және дамыту үшін медициналық білімді жетілдіруді қажет етеді. 2018 жылы 20 дәрігер, 27 медбике өз салалары бойынша білімдерін жетілдіру курстарынан өтті. Осы мақсатта аурухана есебінен оқу мен іссапар шығындарына 5,5 млн. теңге қаражат жұмсалды.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіштерін тұрақтандыруға және жақсартуға қол жеткізілді. Туу көрсеткіші 2017 жылмен салыстырғанда 11,2 %  көбейді, табиғи  өсу 14,2%  өсті. Туберкулезбен науқастану төмендеді.

Жұмысымыздың басты бағыттары профилактикалық яғни аурулардың алдын алу шараларын, скринингтік зерттеулерді сапалы жүргізу, негізгі әлеуметтік маңызы бар аурулар мен жарақаттардың диагностикасын, емдеу мен сауықтыруды жетілдіру болып табылады. Балалар арасында ауруды ерте анықтау, ересектер арасында жүрек-қан тамырлары  аурулары, әйелдер арасында сүт безі мен жатыр мойны қатерлі ісіктерін, қант диабеті, су қараңғылық, тік және тоқ ішек, қуық асты безінің, өңеш пен асқазанның қатерлі ісіктерін ерте анықтау үшін халықтың мақсатты топтарының денсаулық жағдайын бақылау бағытында Ұлттық скринингтік бағдарлама көптеген жылдар бойы іске асырылуда. Жоспар бойынша тұрғындардың барлығы толықтай қаралып, арасында табылған науқастары бойынша есепке алынып, сауықтыру шаралары  жүргізілуде.

Екпеден бас тарту да бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Оның дәлелі биыл тіркелген бірнеше қызылша жағдайы. Балаларына екпеден бас тартқан ата-аналармен жұмыс жүргізу мақсатында 1 бала дәрігері арнайы жауапты маман ретінде тұрақты жұмыс жүргізеді. Ауданда мобильді топ құрылып, үй аралап, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жыл басынан 90 бала екпеден бас тартқан болса, оның 2-і екпе алып, 3-і басқа жаққа қоныс аударған.

 Денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмекті сапалы ұйымдастыру үшін медициналық ұйымды  еркін таңдау мүмкіндігі қарастырылып, емдеуге жатқызу бюросы арқылы жоспарлы жатқызу көзделген. 2018 жылы жатқызу бюросы порталы арқылы 1290 науқас жатқызылса, оның 514-і аудандық ауруханаға, 742-і облыстық клиникаларға, 34-і республикалық клиникаларға жатқызылды. Сонымен қатар тұрғындарды тіркеу порталы жұмыс жасап, қазір аудан бойынша 46524 адам тіркелген. Бұл порталда 26 алқап тіркелген, 15 қала бойынша, 11-і ауылдық елді мекендерде. Аудан тұрғындарына бастапқы медициналық санитарлық көмекті көрсетуді жетілдіру мақсатында қосымша 2 жалпы тәжірибедегі дәрігер алқабын аштық. Бұрын әр алқапта 1900-2000-нан тұрғын болса, қазір әрбір алқапта тұрғын саны 1700 адамнан аспайды. Бұл да тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуға септігін тигізеді. Соңғы жылдары диспансерлік есепте тұрған науқастар порталға енгізілуде. Әлеуметтік маңызы бар аурулардың бірі туберкулез ауруы болса, осы бағытта бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Туберкулезді ерте анықтау мақсатында 22402 адам флюорографиялық тексеруден, бактериоскопиялық әдіспен 757 адам қаралды. Бірінші рет туберкулезбен табылған адам саны 2017 жылы 11 болса, 2018 жылы 22 адам. Туберкулезді ерте әрі тез анықтайтын G xpert құрылғысы алынып, пайдаланылуда. Аталған аппарат арқылы 580 адам өз денсаулығын тексеруден өткізді.

Ана мен бала денсаулығы ұдайы басты назарда.  Аудандық ауруханаға қарасты емханада сау балалар бөлмесінде тіркеуде тұрған әрбір баланың ата-анасы және жүкті әйелдер дәрігерлерден кеңес алып, емін-еркін әңгімелесуге жағдай жасалған. Сонымен қатар емханада «Артериялдық гипертензия және жүректің ишемиялық ауруы», «Диабет»,  «Жас аналар», «Отбасын жоспарлау», «Босануға дайындық», «Егде жастағылар», «Темекіге қарсы күрес», «Қауіп-қатер факторымен күрес» мектептері және «Желкен» атты жастар денсаулық орталығы жұмыс жасайды. Аудан тұрғындарының арасында салауатты өмір салтын насихаттауды тұрақты санитарлық ағарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы 46 мақала жарияланып, 364 дәріс оқылып, 109 акция ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 34 «Ашық есік»  күні,122  дөңгелек үстел өткізілді.

— Қандай маман дәрігерлер жетіспейді?

— Аудандық ауруханаға қазіргі таңда анестезиолог реаниматолог, неонатолог, хирург сияқты мамандар тапшы. Биыл бітіріп келетін түлектер арасынан осы жетіспейтін мамандықтармен толығады деген сенім мол.

— Болашаққа бағыт-бағдар қандай?

— Аудандық аурухана және аудандық емхана ғимараттары осыдан оншақты жыл бұрын салынды. Дегенмен елді мекендерде орналасқан денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, дәрігерлік амбулатория, медициналық пункт  ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізу, жаңадан салу мәселелері бар. Әсіресе, теміржол бойында орналасқан елді мекендердегі  медициналық пункт құрылыстарын салу  мәселесі  бүгінгі таңда ең өзекті мәселенің  бірі  болып отыр. Мекемеге қарасты дәрігерлік амбулаторияларда энергия көзін үнемдеу басты мақсат. Жылытудың экономикалық тиімді көздеріне ауысу бүгінгі заман талабы. Осы ретте былтыр ауылдық жерлерде орналасқан 3 медициналық мекемені  дизельдік немесе көмір отынынан электр тогымен жылытылатын пешке ауыстырдық. Бұл өз кезегінде қаражатты тиімді пайдалануға және заман талабына сай халыққа қызмет көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.

Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жер бөлдіру, жер актілерін дайындау жұмыстары үнемі басты назарда. Болашаққа сеніммен қарай отырып, өңірдің даму жоспарына  сәйкес медициналық нысандардың  құрылыс жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп, халық үшін қалтқысыз қызмет етеді  деген сенімдемін.

— Әңгімеңізге рахмет!

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,«Шалқар».