ӘКІМ КУБОГЫ САРАПҚА САЛЫНДЫ

5-7 маусым күндері қаламыздағы Газшылар қалашығында орналасқан «Алау» стадионында Жастар жылына және Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған футболдан аудан әкімі кубогінің жүлдесі үшін аудандық ашық біріншілік өтті. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов сөз сөйлеп, спортшылардың жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестік білдірді.

Біріншілік мақсаты — ауданда салауатты өмір салтын ұстанушылардың қатарын және спорттың бұқаралығын арттыру. Оған Ақтөбе қаласы және көршілес аудандардан барлығы 9 команда қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Финалдық ойындарда Бозой, Қауылжыр ауылдық округтері және Шалқар қаласының намысын қорғаушы «Алау» командалары бақ сынасты.

Бозой, Қауылжыр ауылдық округтері тең нәтижеде ойын көрсетсе, Бозой ауылдық округі мен «Алау» командаларының нәтижесі бойынша «Алау» жеңіске жетті. Жарыстың салтанатты марапаттау рәсімінде аудан әкімінің орынбасары А.Қонақбаев сөз сөйлеп, жүлдегерді марапаттады.

Аудан әкімінің кубогін Қауылжыр командасы жеңіп алып, екінші орынды «Алау» командасы еншіледі. Үшінші орынды Бозой командасы иеленді. Асхат  Сәкенов (Бозой командасы) «Үздік қақпашы», Нұртас Әлмұханов (Қауылжыр командасы), «Үздік ойыншы», Дауренбек Сағынаев («Алау» командасы) «Үздік қорғаушы» атанды.

Нұржан Шойғарин, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы.