САЯСИ НАУҚАН АУДАНЫМЫЗДА ҰЙЫМШЫЛДЫҚПЕН ӨТТІ

Ауданымызда 9 маусым — Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы жоғары деңгейде өтті. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше, аудандағы 38 сайлау учаскесіне 26726 сайлаушы келіп, өз дауыстарын берді. Сайлау күні дауыс беру учаскелерінде түрлі шаралар ұйымдастырылды. Көпшілік учаскелерде киіз үйлер тігіліп, ұлттық салт-дәстүрлер орындалды. Мерекелік дастарқандар жайылып, жиылған халыққа палау, бауырсақ, шұбат, балаларға тәттілер тегін таратылды. Ел ақсақалдары жиылған халыққа батасын беріп, көпшілікті сайлауға қатысуға шақырды.

Осындай айтулы күнде көп балалы ана Айым Суюкуловаға «Алтын алқа» табысталды. Әжелер хоры көпшілікке концерттік бағдарламасын ұсынды. Екі бүлдіршіннің тұсауын еңбек ардагері Дәулетжан Елеусізов пен аудандық мәслихат депутаты Орал Уксакбаев кесті. Балалардың ата-аналары оларға шапан жапты. Сол күні некесін қидырып, отбасын құрып жатқан Айбат Досмұханов пен Гауһар Досымова сайлауға келіп, өз таңдауларын жасады. Оларға заңды некелері туралы куәлік салтанатты түрде табысталды. Аудан әкімі Бауыржан Қаниев шаңырақ иелерін құттықтап, өз атынан сыйлық табыстады. Сонымен қатар спорттық жарыстар, жәрмеңкелер ұйымдастырылып, сайлаушылар арасында лоторея ойындары ойнатылды. Сондай-ақ, алғаш рет дауыс берген 18 жасқа толған жас сайлаушыларға, сайлау учаскелеріне бірінші келіп, дауыс берген сайлаушыларға сый-сияпаттар берілді. Бұл күні мүмкіндігі шектеулі жандарға инватакси қызмет көрсетті.

ЕЛІМІЗДІҢ ОДАН ӘРІ ӨРКЕНДЕЙТІНІНЕ СЕНІМ МОЛ

Көп ұлтты Қазақстан халқын отыз жылдай уақыт басқарған қазақтың кемеңгер ұлы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай ірі тұлғаның аңсаған арман ойы мен мақсаты толықтай орындалды деп айта аламын. Ол өзінің бір сөйлеген сөзінде айтып еді: — Менің алдыма қойған негізгі мақсатым мен арманым — ол өмір бойы азаппен өмір сүріп келе жатқан қазағымның, Қазақстан халқының гүлдей жайнап өмір сүргенін көрсем, — деп. Міне, осы ой-арманы орындалды. Қазақты, Қазақстан халқын әлем халқы таныды, сол елдердің басшылары танып-білді. 

Бүгінде Қазақстан экономикасы дамыған, білімі мен мәдениеті өркендеген алдыңғы лекті елдердің қатарына енді. Ендігі мақсат — 30 елдің қатарынан көріну. Көрініп қана қоймай осы 30 елдің үштігінде болуға қол жеткізу, Алла қаласа, бұл арманға да таяу жылдарға жетеріміз хақ.

Елбасымыздың әуелі экономика, сосын саясат деген ұстанымы да Тәуелсіздік алған жылдардың ішінде, көз алдымызда дәлелденді. Бір ғана, әуелі Астана, бүгінде Нұр-Сұлтан болып аталған шаһардың өзі айтып тұрған жоқ па?!

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап барлық қиыншылықтарды бірге көріп, біліп, оларды жеңу жолдарында бір болған, тынымсыз қызмет еткен, Елбасымыздың бірден-бір жақын серігі болған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың да еңбегі ұлан-ғайыр. Ол кісінің Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануын өте құптаймын. Енді еліміз одан әрі дамитынына сенімім мол.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев салып берген сара жолды Қасым-Жомарт Кемелұлының жалғастыратынына сенімдімін, ел бірлігі сақталып, өркендей берейік.

Қартбай ҚАБАҚБАЙ, тыл ардагері.

ТУҒАН КҮНІМДЕ ДАУЫС БЕРДІМ

№3 орта мектепте орналасқан №495 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берген жас сайлаушы Мирман БОЛАТ: — Мен І. Үргенішбаев атындағы орта мектебінің биылғы түлегімін. Яғни, биыл мен  осы білім ордасын тәмамдағалы отырмын. Бүгін — мен үшін нағыз есте қалатын тарихи күн. Олай дейтін себебім, бүгін 18 жасқа толған туған күнімде ең алғаш рет дауыс беру құқығына ие болдым. Мен үшін бұл — үлкен мәртебе. Сайлау учаскесіне келіп, егеменді еліміздің жарқын болашағы үшін өз таңдауымды жасағаныма қуаныштымын.