Елдігіміздің салтанаты

4 МАУСЫМ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІ КҮНІ

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері күніне орай қаламызда автошеру ұйымдастырылды. Мырзағұл Шыманұлы ескерткішінен бастау алған автошеру Әйтеке би, Есет Көтібарұлы көшелерінің бойымен жүріп өтіп, Орталық саябақта аялдады.
Саябаққа келген қала тұрғындары онда өткен мерекелік концертті тамашалады. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев жиналған қауымды мерекемен құттықтап, Рәміздердің ел өміріндегі маңызын атап өтті.
— Еліміздің Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер — халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер», — деп Рәміздердің ел өміріндегі маңызын ерекше атап өткен болатын. Елбасының бұл сөзіне Елтаңбамыз, Туымыз, Гимніміз қазақ елінің барша болмысын, бүгіні мен ертеңін  бойына сіңіріп, жүрегімізді мақтанышқа толтыратындығы дәлел. Отан деген сөздің өзі нақ осы Тудан, Елтаңба және Гимннен бастау алады. Оларды жүрегіне басып, маңдайына тигізіп, қадірлеу арқылы егемен елдің еңсесі биік азаматтары қалыптасады.
Түрлі спорттық жарыстарда жерлестеріміз чемпиондық тұғырға көтеріліп, еліміздің көк байрағы биік желбіреп, Әнұранымыз шырқалғанда барша отандастарымызға зор мақтаныш сезімі орнайды. Бұл да болса Рәміздер құдіретінің бір көрінісі болмақ, — деді.
Шараның өн бойы аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасымен өрілді.