Балалар қуанышқа кенелді

31 МАМЫР — САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ

1 маусым — Балаларды қорғау күні мерекесі аудан орталығында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ертеңгілік Орталық саябаққа Есет Көтібарұлы көшесімен бет түзеген «Нұрлы болашақ» балалар мен жастар оркестрлері және ансамбльдерінің республикалық шеруі өтті. Саябақ төріндегі сахна алдында шеруге қатысқан мектеп, балабақша ұжымдарының дайындаған концерттік бағдарламар көрсетілді. «Біз — бақытты баламыз!» атты мерекелік шарада да балаларды баурап алатын түрлі қойылымдар, әуезді әндер саябақ алаңында шырқалды.
Қала тұрғындарымен бірге бұл мерекелік шараны ауданның мекеме, бөлім басшылары да тамашалады. Аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов жиналған қауымды балалар мерекесімен құттықтады. Осы сәтте Газшылар қалашығындағы «Алау» стадионында футбол ойыны да қызықты өтіп жатты.
Сары Батақұлы атындағы Мәдениет үйінде №12 бөбекжай-бақшасының ұйымдастыруымен «Біз — бақытты баламыз!» атты мерекелік шара өтті. Онда аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, бір топ тәрбиешілерді аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің Алғыс хатымен, аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлзира Махат бірқатар балабақша меңгерушілері мен қызметкерлерін республикалық салалық, облыстық, аудандық кәсіподақтарының Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары және ауданның білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Түс ауа аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әлия Бурамбаеваның қатысуымен ерекше қажеттілігі бар балаларға тәттілер пакетін табыстау, 16 жасқа дейінгі бір балаға кресло беру рәсімдері өтті.
Мерекелік шаралар кешкілік Орталық саябақта өткен «Біз — бақытты баламыз!» атты концертпен қорытындыланды. Онда «Балғын балалар — біздің болашағымыз!» атты ашық аспан астында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар бүлдіршіндер арасында түрлі ойындар ойнатылып, сыйлықтар табысталды.
Қала әкімі Гүлсім Мұқанова балаларды мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен балаларға тегін балмұздақтар таратылды.
Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Өз тілшімізден.