СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЛАДЫ

25 мамыр күні  ауданымыздың барлық білім ордаларында соңғы қоңырау соғылды. Құшағы гүлге толған түлектер алтын ұя мектептерімен, ұстаздарымен қимай қоштасты. Осы рәсімге аудан активтерінің барлығы да қатысып, өз тілектерін білдірді.

Әр мектептің басшылығы мектепті биіктерден көрсетіп жүрген ұстаздарды, оқушыларды жиналған жұртшылық алдында Алғыс хаттармен марапаттады. Биылғы оқу жылында аудан бойынша 35 мектепті 8303 оқушы аяқтады. Алтын ұяларынан ұшқалы отырған 437 түлектің 54-і — «Алтын белгіге» үміткер болса, 25-і — «Үздік аттестат» алуға талапты.

Осы күні аудан әкімі Бауыржан Қаниев Мөңке би ауылындағы М.Тәжин атындағы орта мектептің «Құлақта қалар мәңгілік,  қоңырау үні жаңғырып» атты соңғы қоңырау салтанатты жиынына қатысты. Мерекелік шарада мектеп түлектері келген қонақтарды құрметпен қарсы алып,  мектептің тарихымен, жетістіктерімен таныстырды.

Түлектерді, ұжымды құттықтауға арнайы келген аудан әкімі Б.Қаниев табысты еңбек етіп келе жатқан, өзіндік орыны бар М.Тәжин атындағы мектеп ұжымының өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы жүйелі жұмыстарын оң бағалады, түлектердің алдағы ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетулеріне тілектестігін білдіріп, оларға ақ жол тіледі.

Өз кезегінде 1-сынып оқушылары және мектепті әр жылдарда бітірген түлектері өздерінің жүрекжарды игі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, 11-сынып оқушылары да өз ұстаздарына, мектебіне деген арнау тілектерін айтса, олардың сынып жетекшілері де ыстық лебіздерін жеткізді.

Осы мектептен 10, 20, 30, 40 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектер өздерінің ұшқан ұяларына деген сағыныштарын ортаға салды және сый-сияпаттарын тарту етті. Мәселен, мектеп бітіргендеріне 40 жыл болған түлектер білім ордасына шағын сыйлық жасаса, 30 жыл толған түлектер округке арнап атжарыс алаңын жасақтады. Ал мектеп бітіргендеріне 20 және 10 жыл болған түлектер округ орталығынан шағын саябақ ашып, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлерге арнап ескерткіш орнатты.

Соңғы қоңырау соғылып, түлектер «Қоштасу вальсін» биледі. Шараның өн бойы өнерпаз оқушылардың өнерімен өрнектелді.

Қыдыралы ӘЛИН.