АЙБОЛАТ ИМАНБАЕВТЫҢ ЕРЛІГІН ЕСКЕ АЛДЫ

Қауылжыр ауылындағы ГКС-12 орта мектебінде осы ауылдың түлегі, ҚР Ішкі істер министрлігі «Сұңқар» арнайы мақсаттағы жасағының бөлімше командирі, полиция майоры, қызметтік міндетін орындау кезінде қаза болған Айболат Иманбаевты еске алуға арналған шара өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев, ҚР Ішкі істер министрлігі «Сұңқар» арнайы мақсаттағы жасағы ардагерлер одағының төрағасы Тілеулес Ахметов, аталған жасақтың вице-президенті Нұрғиса Жиренбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қорғанбек Исаев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Серік Құдайсүгіріов және ішкі істер саласының ардагерлері Қонысбай Дәулеталин мен Сайлау Калкентаев қатысты.

Айболат Серікұлы 1981 жылы 13 мамыр күні Қауылжыр ауылында дүниеге келген. 1998 жылы ГКС-12 орта мектебін тәмамдайды. 1998-2002 жылдар аралығында ҚР Ұлттық кауіпсіздік комитеті Әскери институтында білім алады. Институтты тәмамдағаннан кейін ҚР Ішкі істер министрлігі «Сұңқар» арнайы мақсаттағы жасақ бөлімінің шабуылшысы қызметіне қабылданады. 2007 жылдың мамыр айында осы жасақ бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалған.

2011 жылдың шілде айында ҚР Ішкі істер министрлігі «Сұңқар» арнайы мақсаттағы жасағы осы министрлікке қарасты Ішкі әскерлерінің «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесімен және Ақтөбе облысының ішкі істер департаментімен бірігіп, Темір ауданының Шұбарши ауылында қаруланған аса қауіпті қылмыстық топты құрықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізеді. 8 шілде күні Кеңқияқ ауылында іздеуде жүрген қылмыстық топ табылады. Жеке тұрғын үйде жасырынған қылмыстық топты құрықтау кезінде олар тәртіп сақшыларына қарулы қарсылық көрсетеді. Сол арада қиян-кескі атыс басталып, үйдің есік алдына тосқауыл қою барысында Айболат Серікұлы екінші шабуыл тобын басқарады. Қылмыскерлердің орналасқан орнын бақылау кезінде жасырынып отырған бір қылмыскердің атқан оғынан полиция майоры жарақат алып, сол жерде қаза табады.

Заңдылықты сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде қайсарлық танытып, ерлік көрсеткені үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Айболат Иманбаев ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен (қайтыс болғаннан кейін) наградталады.

Шарада сөз сөйлеген А.Қонақбаев қызметтік міндетін орындау кезінде ерлікпен қаза болған тәртіп сақшысының ерлігі ешқашан ұмытылмайтындығын айтып, Т.Ахметов пен Н.Жиренбаевқа аудан әкімінің Алғыс хаттарын табыстады. Жиналған қауым А.Иманбаевты 1 минут үнсіздікпен еске алды. Өз кезегінде сөз алған Т.Ахметов аудан әкімдігіне аталған жасақтың ардагерлер одағының атынан Алғыс хат және Қ.Дәулеталин мен С.Калкентаевқа да Алғыс хаттар табыстады. Н.Жиренбаев Айболат Иманбаевтың анасы Жәмилә Үмбетиярқызына «Полицияның анасы» төсбелгісі мен мектепке спорттық құрал-жабдықтар табыстады. Жәмилә Үмбетиярқызы, А.Иманбаевтың нағашы ағасы Жанділдә Нұрмағанбетов Айболаттың ерлігін ұмытпай, оған құрмет көрсетіп жатқан арнайы жасақ өкілдері мен аудан әкімдігіне отбасы атынан ризашылығын білдірді. ГКС-12 орта мектебінің мұғалімі Айымгүл Сүйінова А.Иманбаевқа арнаған арнауын оқып, өнерпаз оқушылар Альбина Сағитжанова мен Темірлан Амангелді патриоттық әндер шырқады.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ.