КИЕЛІ ҚАРА ШАҢЫРАҚТЫ АҢСАУ

Осы өткен саналы өмір жолымдағы ең бақытты және қанша жыл өтсе де кешегі күндей жадымда сақталып қалған күндер ол балалық шақ пен мектептің табалдырығын алғаш аттап, мектеп қабырғасында өткізген күндер деп есептеймін. Әлі есімде, 1959 жылдың 1 қыркүйегінде шешемнің қолымнан ұстап, қаланың шетіндегі «Селивановка» шағын ауданынан қала ортасында орналасқан қара шаңырақ №1 Шалқар қазақ орта мектебінің 1-класына апарғаны. Мектеп маған өмірімде бірінші рет көрген ең әдемі, ауласы жасыл желекпен жайқалған, аса зәулім ғимарат болып көрінді. Мектеп дәлізінің оң жағында орналасқан еңселі, терезелері керемет үлкен, әдемі бөлме біздің класс екен. Бұрын үйден шығып көрмеген балаға мектептің ауасы да басқаша көрінді. Класқа менімен қатар балалар мен ата-аналар жиналып жатыр екен. Шешем қолымды кіреберісте қарсы алған апайға ұстатты. Кейіннен танысқан соң білдік қой, ол кісі үлкен тәжірибелі, сол кездегі бастауыш оқытудың қас маманы, ағарту саласының үздігі  Ұлдай Боташева апай екен. Мен ол кісіні пір тұтам, осы күнге дейін сондай ұлағатты ұстаздан алғаш тәлім алғаныма және сондай кісінің алғашқы мұғалім болғанын мақтанышпен айтып жүремін. Кейіннен Ұлдай апай «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атағын алды, ол да біз үшін үлкен қуаныш болды.

Уақыт өте тағы бір байқағаным, сол жылдары біздің мектепте жасы ересек мұғалімдер көп болатын және олардың көбісі ер адамдар еді. Кейіннен біле-білсек сол ұстаз ағайлардың көбісі Ұлы Отан соғысының ардагерлері екен. Олар — Ә.Күзенбаев, Ә.Меңдияров, О. Дайрабаев,   Н. Майлыбаев,   Ә. Омаров,

Х. Шакиров, Б. Дабылов, І. Мұратов, С. Асқаров, Ә.Бодықов, Ә.Байсанов, Ә. Құлекешов, Ә. Жұмағалиев. Осы ағайлардың жүріс-тұрысына қызығатынбыз, олардың жастары егде болса да тұла бойларында сыпайылық, әдеп, ілтипат сезіліп тұратын, киімдері қарапайым болса да тап-таза, күнде тойға жиналғандай киінетін. Ол кісілердің сабақ беру тәсілдері, сөйлеу мәнері мен балаларға деген ықыласы да ерекше болатын. Біздің ұлағатты ұстаздарымыздың мінез-құлқы, қоғамға, жас жеткіншектерге деген көзқарасы басқаша болуы мүмкін де емес, себебі олар жастайынан өткен ғасырдың басында болған қиыншылықтарды басынан өткізген, сұрапыл соғыстың зардабын шегіп, өмір елегінен өткен азаматтар. Жалпы бізге тәлім-тәрбие берген ұстаз апайлардың да орны басқаша еді. Атап өткен Ұлдай Боташева мен Бөпей Көрпебаева апайлардан басқа Ұлжан Шолақова, Орынша Беркімбаева, Інжу Омарова, Халила Жакешова,  Бижамал Жақсымбетова, Қойжан Жұмағалиева,  Зинеп Дүйісова, Балшекер Жантурина апайлардың сабақ түсіндіру тәсілдері, сөйлеу мәнерлері ерекше еді. Ол апайлардың оқушылары үнемі сабақта да, тәртіпте де алда, басқаша болуы мүмкін де емес сияқты. Мен осындай мұғалімдердің оқушысы болғаныма әрдайым мақтаныштымын. Аты аталған ұстаздардың көпшілігі кейіннен республика, одақ деңгейіндегі үлкен-үлкен марапат-атақтарға ие болды, ол кісілердің орасан еңбектерінің халық алдында еленіп, мадақталғанына оқушылары өте риза.

Мектеп қабырғасындағы соңғы класс жетекшіміз Бөпей Көрпебаева апай болды. Қарап отырсам, бірінші мұғалімім Ұлдай апай мен Бөпей апай арасында ұқсастық көп екен — екеуі де сабырлы, аса талапты, қатаң тәртіп иелері, дауыстарын көп көтермейді, балаларды тәртіпке қабақтарымен шақыратын үлкен психологтар.

Осы күні біз сондай ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алғанымызға мақтаныш етіп, олардың өмірден озғандарының әруағының алдында басымызды иеміз. Мұндай ұстаздардан терең білім алып, азаматтық қасиеттері дарыған жеткіншектерден болашақта қандай түлектер шығатыны белгілі, соның айғағы шығар Шалқардың «қара шаңырағының» түлектерінің әр салада аудан, облыс, республика, тіпті әлемдік деңгейде әйгілі болуы немесе не бір жетістікке жетпесе де қарапайым азаматтық қасиеттерін сақтауы. Ұстаздарымыз бізді Отанымызды шексіз сүюге, үлкенді сыйлап, кішіге ізет етуге, қарапайымдылыққа, жалпы адами қасиеттерді сақтауға және сыйлауға, достық туын әрдайым биік ұстауға үйретті.

Кішкентай болсақ та көріп, сезіп жүрдік сол кездердегі жылдардың соғыс зардабынан әлі де арылып болмаған, ауыр жылдар екенін. Бастауыш кластарда мектептің негізгі ғимаратында оқысақ (онда шамамен он шақты класс бөлмесі болатын), кейінде ешқандай талапқа сай келмейтін еңсесі төмен, тар, едені жоқ мектеп ауласындағы жертөледе оқығанымыз. Ол кезде оқушылардың саны да көп болатын, әр класта кемінде 35-45 бала оқитын. Мектепте сабақ үш ауысыммен өтетін.

Біз оқу бітіргенше мектепте спортзал да болмады, сондықтан спортзалы бар мектептердің оқушыларына қызығып қарайтынбыз. Бірақ оған қарамайды екен, біздің мектеп оқушыларының спорттағы нәтижелері аудан орталығының басқа мектептерінен асып жатты, мектеп шәкірттері спорттың әр түрінен облыс, республика деңгейінде көрініп жүрді. Оған дәлел біздің класс оқушыларының спорттағы жетістіктері. 1968 жылы одақ көлемінде мектеп оқушылары арасында спорттың әр түрінен аудан, облыс, республика және одақ көлемінде үлкен жарыстар өткізілген. Сол жарыстар ережесімен аудан көлемінде мектепаралық біріншіліктер ұйымдастырылып, біздің мектеп оқушылары аудан чемпионы болған. Ал облыстық дәрежедегі жарыстарда спорттың баскетбол және жеңіл атлетика түрлерінен облыс чемпионы атақтарына ие болып, республикалық жарыстарда Ақтөбе облысы атынан сайысқа түскен. Егер сол кезде облыс көлемінде қаншама арнайы спорттық мектептер бар екенін ескерсек, біздің мектеп оқушыларының спорттағы жетістіктерінің қандай дәрежеде екенін біле беріңіз. Сол республика деңгейіндегі жарыстарға қатысқан оқушылардың басым көпшілігі біздің кластың оқушылары болғаны осы күнге дейін мақтаныш. Ондай көрсеткіш мектеп тарихында бізге дейін болып көрмепті, ол жөнінде сол кездегі ұстазымыз және осындай жетістіктеріміздің бас ұйымдастырушысы Әбілез Омаров ағайымыз әрдайым мақтанышпен айтып жүретін.

Қазіргі уақытпен салыстырғанда ол кездегі мектеп құралдары да қиын жағдайда болатын. Сумка алуға жағдай болмағандықтан көп балалар кітап салуға матадан тіккен дорбаны пайдаланатын. Жазуға темір перолы қаламсап қолданғаннан кейін әр оқушыда сия құятын жеке сиясауыты деген болатын. Сиясауытты ұқыпты ұстау керек, егер ондағы сия төгілсе ол бір бәле, бәрін бүлдіреді және тазаласаң кетпейді. Ал артық пероң болмаса, немесе ол сынып қалса диктантты, не бақылауды жазбай «2» деген бағаға тура жол ашылды дей бер. Бұлар біз оқушы болған кездегі бір естен кетпейтін және бүгінгі заман оқушылары түсіне бермейтін ерешеліктер ғой. Мектеп тарихындағы мұндай қиын сәттерді неге еске алып отырмын, себебі бүгінгі оқушылар, болашақ жас жеткіншек аға-апаларының білім алу жолында кезінде қандай қиын жағдайда оқып, тәрбие алғандарын біліп, жадында сақтауға тиіс деп ойлаймын. Мектептің осы күнгі талаптарға сай жағдайы сол қиыншылықтардың арқасында емес пе?

Осыдан тура 50 жыл бұрын, яғни 1969 жылы оқу бітірген №1 Шалқар қазақ орта мектебі түлектерінің әр 5-10 жыл сайын бас қосып, мектеп қабырғасына жиналуы киелі шаңыраққа деген сағыныш сезімнің уақыт өте артып, дәріс берген біз үшін ұлы тұлға ұстаздарымызға деген өшпес тағзым, ризашылық деуге болады. Биыл, міне, мектеп қабырғасынан ұшқанымызға жарты ғасыр толып отыр. Сол жылы мектеп бітірген әр оқушы өмірден өз орнын тауып, Абай атамыз айтқандай «әрқайсымыз бір кірпіш боп қаланып» Отан алдында шамамыз келгенше абыройлы еңбек етіп, бала-шағалы болып, бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп, немерелердің қызығын көріп отырмыз.

Мектептің үлкен мерейтойы қарсаңында мектеп ұжымын, барлық жылдардағы мектеп түлектерін, оқушыларды алтын ұямыздың 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, барлығына зор денсаулық, бақыт, шығармашылық табыстар тілеймін.

Серікбай КЕНЖЕБАЕВ,  Ақтөбе қаласы.