№1 мектеп-гимназиясы өзінің ғасырға жуық 95 жылдық мерейтойын атап өткелі жатқанынан көпшілік хабардар. Үндеу жарияланды, «95 жылға — 95 шара» деген атпен ауқымды мектеп тарихының түрлі кезеңдерін қамтитын тәрбиелік мәні зор, рухани, мәдени, спорттық іс-шаралардың басталып кеткеніне де біраз уақыт болды. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың мақсаты — мектептің 95 жылдық тарихындағы өткерген қиындықтар мен ізденістерді, игіліктер мен жақсылықтарды, озық дәстүрлерді жаңғыртып, жас ұрпақты жалғастыратын тағылым беру. Қара шаңырақтың ұйымшыл, білімге құштар, тәртіпті, өнерлі, спортты жанына серік ете білген шәкірттер тәрбиелеп шығаратын өз пәнінің білікті мамандары ғана қызмет ететін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» ауызбіршілігі мол, ұйымшыл ұжымға айнал-ғалы қашан?!
Мектептің 95 жылдығына орай өмірден ерте кеткен Әбу Боқаев, Талғат Әлиев, Тимур Ерсұлтановтарды еске алуға арналған «Ұлықтаймыз ұстаздардың есімін» атты аудандық білім беру қызметкерлерінің арасында волейбол, шахмат, үстел теннисінен өткізілген еске алу турнирі өтті. Шараның ашылу салтанаты «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Қамқор-вагон» депосының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Орал Уксакбаев пен кәсіпкер Абай Ноғаевтың демеушілігімен сахнасы жаңартылған акт залда өтті. Мектеп директоры Жанар Сейтмағанбетова, ауданның білім бөлімінің басшысы Абзал Абдыков, т.б. шақырылған құрметті қонақтар сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Салтанатты шараға мектептердің, қосымша білім беру мекемелерінің басшылары, үш азаматтың отбасылары, бірқатар зейнеткер ұстаздар қатысты.
Ақтөбеден осы азаматтармен бірге ұстаздық еткен Жұмамұрат Иманғалиев, Дәурен Ділманов, Түгел Жадырасынов, Талғат Әлиевтің кластасы, мектебіміздің түлегі, Марат Әленов арнайы келді. Бірқатар азаматтар демеушілік жасаған. Олардың арасында мектебімізде қызмет істеп кеткен мұғалімдер, қазір түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектер де бар. Алғашқы екі күнде білім беру саласының қызметкерлері шахмат, үстел теннисінен сайысқа түсті. Финалдық ойындар жеңімпаздарды анықтады.
Екінші күні басталған волейбол ойындарының жеңімпазын №8 орта мектеп пен №2 мектеп-гимназияның командалары арасында болған тартысты жарыс шешті. Тартысты өткен ойында №8 орта мектеп ойыншылары өздерін мойындатты.
Үш күнге созылған турнирде жалпы командалық есепте І орынды №1 мектеп-гимназиясы, ІІ орынды №2 мектеп-гимназиясы, ІІІ орынды №8 орта мектеп командалары иеленді. Спорттың үш түрінен жеңімпаз болған команда мүшелеріне, жекелеген үздік ойыншыларға мектеп әкімшілігі, ұйымдастырушылар тарапынан естелік медальдар, заттай сыйлықтар, кубоктар тапсырылды. Үш ұстаздың аналарына сый-сияпат жасалды. Ә.Боқаевтың, Т.Әлиевтің, Т.Ерсұлтановтың жарлары, ата-аналары, бауырлары сөз сөйлеп, алғыстарын білдірді, сый-сияпаттарын тапсырды. Ауданның білім бөлімі кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлзира Махат мектеп басшылығына кәсіподақтың ақшалай сыйлығын табыс етті.
Шара соңында дастарқан жайылып, ас берілді, әруақтар рухтарына Құран бағышталды. Мектеп түлегі, еңбек ардагері Дәулетжан Елеусізов мектеп басшылығына ризашылығын білдірді. Дастарқан басында асыл азаматтарымызды сағынышпен еске алдық, барымызды бағаладық. Марқұм Әбумен қатар қызмет жасаған ағалары Жұмамұрат, Давид, Түгел, Дәурен, марқұм Талғатпен қызметте де, өмірде де ағалы-інілідей боп араласқан Мұхтар, кластасы Марат, екеуіне сабақ берген ұстазы, кейін қызметтес болған Райхан апай олардың жақсы қасиеттерін сөз етті.
Әбу зайыбы Райса екеуі оқып жүрген кездерінде-ақ мектептің үздік спортшылары атанды. Әбудің жолын жалғастырған ұлы Әсет баскетболдан республикалық жарыстарда облыс командасының намысын қорғады. Кіші баласы Самат әкесінің жолын қуып, мектепте дене тәрбиесінен сабақ береді.
Әбу дене тәрбиесі мен еңбек пәні мұғалімдерінің кафедра жетекшісі болып, модульдік технологияны меңгеруде көптеген жетістіктерге қол жеткізді.
Талғат Әлиев мектепте информатика пәнінен сабақ берген алғашқы мұғалімдердің бірі, компьютерлік сауат ашу орталығының оқытушысы болды. Талғат кабинет ұстаудың, мектеп мүлкіне жауапкершілікпен қараудың кейінгілерге үлгісін көрсетті.Тәрбие саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып, жемісті еңбек етті. Әбу де, Талғат та мектептің, ауданның қоғамдық-саяси, мәдени өмірінің қайнаған ортасында жүре білді. Екеуі де сахналық қойылымдарда өздеріне берілген образдарды шынайы сомдайтын. Талғат жаңа жылда Аяз ата, Наурызда Қызыр ата, мектептің 75 жылдығында Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы желісінде жасалған қойылымда актерліктің әдемі өрнегін көрсетіп еді екеуі.
Талғат мектептегі мұғалімдік қызметін қазақ қызының ұяңдығы мен биязылығын бойына жиған аппақ ару келіншегі Жансәулемен қол ұстасып бірге келіп бастаған еді. Мерекелік кештерде ерлі-зайыптылардың жарасымды жұбына сүйсінетінбіз. Кейін Талғат марқұм ағасы Жұмасейіттің баласы, інісі Қайратты да қолына алды. Оны да мектептің сан-салалы ішкі-сыртқы жұмыстарының қыр-сырына үйретті. Еңбегі еш кетпеді. Қазір Қайрат мұғалімдікпен қатар қоғамдық-саяси шаралардың басы-қасында жүретін маманға айналды.
Марқұм Әбу мен Түгелдің, Мұхтар мен Талғаттың араларында жүретін қазақы болмысты көрсететін риясыз жеңіл әзілдер әріптестердің жадынан еш уақытта ұмытылмайды. Жеткізе білген адамға мұның өзі бір дастанға татырлық дүние.
Ұстаздардың сөздерінен, құрметінен үшінші азаматымыз Тимур Ерсұлтанов мектепте не бары екі жыл қызмет жасаса да аға әріптестерінің сенімді ізбасарына айналып, өзіндік орнын таба білгенін сездік. Тағылымды қызметтің өнегесін көрсеткен, әдемі өмірдің «сегіз қырлы, бір сырлы» азаматтары.
Ас кезінде Жанар мен Жарасқанның, Мақсат, Омар, Сәрсенғали, Аманғали, Абайдың, мұғалім келіншектердің тікесінен тік тұрып, қызмет көрсетуі мектептің аға ұрпақтан қалған тәрбие үлгісінің, қонақ күту дәстүрінің жалғасын тауып жатқанына көзіміз жетті.
Ас ішіп-жеу, асып-тасып емес, ұлағаттылық өнегесі болды. Кездейсоқ сәйкестік пе, әлде тарихи заңдылық па білмедім?! Мектептің 75 жылдығы 1999 жылы Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы жылында тойланса, 95 жылдығы Жастар жылында аталып өткелі отыр. 75 жылдықты мектеп түлегі, сол кезде жас директор Марта Малайдарова өткізсе, 95 жылдықта тағы өзіміздің түлегіміз, жас басшы Жанар Сейтмағанбетова тізгінді ұстап отыр.
Задаш Алдакенова,
зейнеткер-ұстаз.