ҰЛЫҚҰМНАН ШЫҚҚАН БІЛІКТІ МАТЕМАТИК

( немесе ғалым  Д. ҮМБЕТЖАНОВ туралы бір үзік сыр)

Дәулет Үмбетжанұлы Үмбетжанов —  қазақтың ұлы математигі, физика-математика ғылымдарының докторы (1983), профессор (1984), Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі (1994). Ол 1932 жылы 25 шілдеде Шалқар ауданының Ұлықұмның бірінші ауылында дүниеге келген. Дәулет 1950 жылы Шалқар қазақ орта мектебін «Алтын медальмен», ал 1955 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін қызыл дипломмен, Москва мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1959-1973 жылдары Қазақтың мемлекеттік университетінде аға оқытушы, ал 1965 жылдан математикалық анализ кафедрасында доцент қызметінде болды. Д.Үмбетжанов — математика ғылымының күрделі саласы — тербелістер теориясы мен дифференциялдық теңдеулердің сапалық теориясына сүбелі үлес қосқан ғалым. Ол осы салада 1964 жылы кандидаттық диссертациясын «О квазипериодических и почтипериодических решениях нелинейных систем дифференциальных уравнений содержащих малый параметр», Киевте 1983 жылы докторлық диссертациясын «Исследование почти многопериодических решений некоторых систем дифференциальных уравнений в частных производных» тақырыптарында қорғады. Жүз отыздан астам ғылыми еңбегі, 1979 жылы Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының «Ғылым» баспасынан «Дербес туындылы дифференциялдық теңдеулердің көппериодты дерлік шешімдері» атты 14 баспа табақ және осы баспадан 1980 жылы 12 баспа табақ көлемінде шыққан «Почти периодические решения эволюционных уравнений» деген монографиялары жарық көрді. Сонымен бірге оның осы жолдар авторы С.Елубаевпен бірігіп жазған «Математикалық индукция және оның қолданылуы» («Білім» баспасы, 1979) кітапшасы бар. Дәкең 1966 жылдан Қазақстанда дифференциялдық теңдеудің периодты және периодты дерлік шешімдері жөніндегі ғылыми зерттеу жұмысын басқарып, отыздан астам ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын дайындады, бірнеше адамға сенімші, консультант болды. Д.Үмбетжановтың теориясы жаңа ұшу аппараттарын жасауда (ракета, космостық кемелер, ұшақтар), газдар және гидродинамика, көшу теориясында (бұлттың көшуі, судың ағысы, тау жынысының, қардың қозғалысы, т.т.), сондай-ақ, тұтас орта механикасы тарауларында қолданыс табады. Ақ мектеп түлегінің дүниежүзі математикасына қосқан үлесі осындай. Тағы да: өзі «Степанов кеңістігі» деп атаған «Үмбетжанов кеңістігін» ашты.

Шалқар қаласындағы сордың оңтүстік батысында орналасқан бір қабат, ақ кірпіштен қырқыншы жылдары салынған, екі басында екі есігі бар, шәкірттері әлемге әйгілі мектеп — жұрт тілінде ақ мектеп деп аталады. Шалқардағы екі жылдық орыс-қазақ мектебінің негізін 1902-1903 жылдары «Қалың мал» романының авторы Спандияр Көбеев қалаған-ды. Соның ізі — осы ақ мектеп. Мектеп баста «Родина» кинотеатрының орнында болған. Бір шеті Шалқар көлінен басталып, 1902 жылы салынған теміржол вокзалына дейін созылатын көше жақ бетіне, мектепті көркейтпек болып 1956 жылы қараағаштар ектік. Олар зәулім болып бойлап, көрген сайын бізді қуантады. Ақ мектепті кейін басқа ұжымдар иеленгенімен, жарына Д.Үмбетжанов туралы естелік тақта орнатылды. Мрамор мемориал тақтаны дайындаушы Қазақстанға белгілі, осы мектеп түлегі Ерген Николайұлы Дошаев. Тақтаны орнату кезінде мектептегі ұстазы Бижамал Жақсымбетова сөз сөйледі. Шалқар аудандық әкімшілігі мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті Дәулет  Үмбетжановтың туғанына 65 жыл толуына орай «Ғылыми-практикалық конференция» №1 Шалқар қазақ орта мектебінде өткізілсе, ғалымды еске алуға арналған ас Амангелді Бегімбетұлының үйінде өткізілді.

Асқа жиналғандарға Дәулет өмірі жазылған «Қазақтың байырғы қара есептері және қазақ математиктері» кітабымды үлестірдім. Осы жолы профессор Д.Үмбетжанов атында көше ашылып, Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп жарына естелік мрамор тақта орнатылды. Оны дайындаушы туысы Ерлан Жылқыбайұлы Елубаев. Алайда бұл тақтаны бұзақылар сындырып тастаған. №1 қазақ орта мектебінің 75 жылдық мерейтойында Дәулет Үмбетжановтың және менің портретім салынып сыйға тартылды. Портреттерді салушы С.Еңсепов. Осы мектепті 1956 жылы бітірген мен мектеп мерейтойында сөйлеп, оқушыларға стипендия тағайындап, егер мектеп республикалық конкурстарға қатысып, жүлделі орын алатын болса, онда музыкалық ансамбльдік аспап сыйлаймын, мектеп тарихын кітап етіп жазып баспадан шығарамын дедім. Кітапшаны «Шалқар мектептерінің қара шаңырағы» деп атап «Дәуір» баспасынан 1999 жылы шығарып, айтылған уәдемнің екіншісін де орындап, келесі оқу жылының аяғында тарту еттім. Мектеп тарихына арналған еңбегімде осы мектепті бітіріп, еліне еңбегі сіңгендердің өмір жолынан мәліметтер берген кезде мектеп түлегі Д.Үмбетжанов туралы да сондай-ақ, Шалқар қаласына 130 жыл толуына арналған «Шалқарым — құт мекенім» («Дәуір», 2000), «АЯ. Ұлы математиктер» («Универсал фото», 2000), «Қазақтың байырғы қара есептері және қазақ математиктері» («Қазақстан», 1996) кітаптарымда жаздым. Дәулет Үмбетжановтың туғанына 70 жыл толуына байланысты 2002 жылы «Универсал фото» баспасынан «Асқарлы аға. Естелік» кітапшамды 2000 дана етіп шығардым. Аз өмір сүрсе де мазмұнды іс тындырған майталман ұлы ғалым, ұлы ұстаз Дәулет қандай ортадан шықты, тәрбиесі қалай болып еді, қайда оқыды, мұғалімдері мен ұстаздары кімдер, туған-туысы, ата-тегі кім еді? — деген сұрақтар кімді болса да ойлантады. Бұларды мен жазбасам, кім жазады?

Дәулеттің әке-шешесі өмір бойы біздің ата-анамызбен бірге өскен, бірге жүрген, туыс. Олардың иненің жасуындай істерін балалық шағымнан білем, туыстықтан айырылған емеспін. Сырт көзден гөрі менің айтуым жөн сияқты. Жоқтаушысы жоқ талай батырлардың, шешендердің, күйшілердің тасада қалғандығын жасыра алмаймыз. Ғалымның жетпіске толуына байланысты Ақтөбе университетінде ғылыми конференция ұйымдастырылып, жинақ шығарылды. Бұл жинақта менің, Нәрен жеңгейдің Дәулет туралы мақаласы және басқалардың ой орамдары бар. Дәулет Үмбетжанов 1973 жылдан 1985 жылға дейін Қазақтың қыздар педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, физика-математика факультетінің деканы болып қызмет істеді. 1985-1996 жылдар аралығында Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының зертхана меңгерушісі, әрі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры қызметін атқарды. 1994 жылы Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды. Ол көрнекті ғалым, әділ іскер сарапшы ретінде жоғары аттестациялық комиссиясының математика ғылымы бойынша эксперттік кеңесінің төрағасы, Ұлттық Ғылым Академиясының докторлық диссертация қорғау жөніндегі арнаулы ғылыми кеңестің, Ұлттық университеттегі кандидаттық диссертация жөніндегі арнаулы кеңестің мүшесі болды. Өзінің саналы өмірінің қырық жылын жоғары мектеппен байланыстырды. Алматыда жүрсе де өзінің туған жері Ақтөбе өңірінің ғылымы мен мәдениетінің дамуына өз үлесін қосты. Ақтөбедегі физика-математика мектебінің негізін қалады. Қ.Жұбанов атындағы университетінің арнайы шақыруымен ғылыми дәрістер оқыды, ғылыми-стажерлар, аспиранттар дайындады, кандидаттық, докторлық диссертацияларына жетекшілік жасап, оппонент болды. Бірнеше дүркін университетте мемлекеттік емтихан төрағасы да болды. Жастарға ғылым жолына түсуіне жәрдемдесті. Мәселен, Шалқардағы №1 қазақ орта мектебінің түлектері, математик, ғылым докторы, профессор Жайшылық Сартабанов, ғылым кандидаты Амантай Бержанов Дәулеттің шәкірттері. Біздерге: «Математикаға оқыңдар, сендерден бірдеңе шығады», — деген де осы кісі.

Мен алғаш рет Дәулет ағама жетінші класта оқып жүргенде хат жаздым. Оған себеп — тарих және физика кітаптарының жетіспеуі. Сол кезде Алматыда қазақ тілінде бұл оқулықтар болмай, маған орыс тіліндегі оқулықтарды салды. Сөйтіп мен бұл пәндерді орыс тілінде оқи бастадым. Дәулет математиканы терең білетін, икемі бар жастарды қамқорлыққа алып, ең болмаса ақыл-кеңесін беріп отыратын. Оларды қонаққа үлкендермен бірге шақырып, пікірлесуге, ашылуға мүмкіндік беретін. Сондай інілікке жарағандар арасынан Нұрлан Темірғалиевті, Рысқұл Ойнаровты, Мұқтарбай Өтелбаевты, Дулат Жұмабаевты ерекше сыйлайтын. Бұлардың бәрі кейін атақты математиктерге айналды. Олар да Дәуке, Дәуке деп алдынан кесе өтпейтін. Дәукеңнің ерекше сыйлайтын адамдарының ішінен Орынбек Жәутіковті, Әбдіжәміл Нұрпейісовті, Кежек Ысқақовты, Назарбай Блиевті, Өмірзақ Сұлтанғазинді, Хасен Ибрашевті атар едім. Дәукең үшін Бақытжан Төлегеновтың, Вадим Харасахалдың, Енгван Кимнің орны бөлек. Вадим Дәулеттің ғылыми жетекшісі, Хасен университтегі ұстазы, аспиранураға оқуға жіберуші. Талантты ғалым, педагог ретінде Дәулет Үмбетжанұлы республикамызға жоғары дәрежелі ғылыми-педагогикалық мамандарды даярлауда зор үлес қосқаны үшін «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбектегі тамаша табыстары үшін» медальдарымен, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озаты», «СССР жоғары мектебінің озық қызметкері» белгілерімен марапатталған. Ол өзінің наградаларының қатарына докторлық диссертациясын қорғаған кездегі кластастары атынан Киев почтасына түскен доцент М.Тәжиннің, З.Байдосовтың, А.Тұрмағанбетовтың, Алматы халық шаруашылығы институтының доценті Қ.Асқаровтың, Алматы теміржол ауруханасы донорлық поликлиника меңгерушісі Аймырза Ахметовтың, шәкірті Ж.Сартабановтың, академик О. Жәутіковтың, ғылым докторы М.Өтелбаевтың жедел хаттарын да қосады. Шалғай жерлерден, шетелдерден түскен хаттардың мазмұны мен сыры өз алдына. Олардың бәрі де Дәукеңнің математиканы бір мысқал жоғары көтергеніне қуанады.

Республикамызда алпыс жылда математиктерден шыққан он бес докторының саны бірге артқанына қуанады. Д.Үмбетжанов жан-жақты білімдарлығымен, әділдігімен, талапкерлігімен, адамға деген құрмет-ізеттілігімен ғалымдардың, ұстаздарының, жолдастарының, шәкірттерінің, құрбы-құрдастарының, болашақ жастардың есінде мәңгі қалмақ. Өйткені ол туралы талай ғалымдар өз еңбектерінде атын атап, әлемдік математик ретінде есімі кітаптарға, энциклопедияларға түскен. Қазақстан жерінде туған Үмбетжанов әдісін, есебін, теоремаларын, Үмбетжанов кеңістігін жер жүзі ғалымдары пайдаланады. Соның бір айғағы 2014 жылдың 11 қыркүйегінде Алматыдағы «Ғылым ордасының» шығыс жақ бетіне Дәулет Үмбетжанұлы Үмбетжановқа естелік тақта тас орнатылды. Бұл — математиктер арасынан тұңғыш рет қойылған естелік мемориал тақта. Дәулет Үмбетжанұлы 1996 жылы 30 шілдеде дүние салды. Ол «Кеңсай1-ге» жерленсе, зайыбы Нәрен Нұржанова қасына қойылды. Ол 2018 жылдың 10 тамызында қайтыс болған еді. Нәрен апай  №1 мектепте қыздар инстиутын бітіріп келіп, математикадан біздерге сабақ берді. Кейін Абай атындағы педагогикалық институтта, әл-Фараби атындағы университетте қызмет істеді. Арғы аталары қырғыздың тата тайпасынан шыққан Қайдауыл, Орыс батырлардан тарайтын Қалматай тармағына жататын Өсербайұлы Үмбетжанның үш ер баласы болды. Үлкені — Дәулет, ортаншысы — Дәуренбек, кенжесі — Құрмантай. Мергенші атанған атамыз әрі аңшы, әрі үй басатын шебер, көксауырлап кеуіш пен мәсі тігетін етікші, обалы болады деп қара шыбынды да өлтірмеген иманды жан. Бүкіл шаруашылықты өзі істеп, біреу маған бәлен керек десе болды, соны тынымсыз істеп, бітіретін. Одан бәлен бер деп сұрамайтын, дәретін алып, намазын тастамайтын. Біреуден жақсы ат көрсе, бәрін беріп соны алатын. Үмбетжан атамыз ақкөңіл, ешкімнен ештеңе дәметпейтін, өле-өлгенше еңбек еткен теміржол жұмысшысы, жол бұрушы,«Еңбек Қызыл Ту» мен «Құрмет белгісі» ордендерінің, бірнеше медальдарының иегері. Біреуге қолғабысын тигізіп, көмегін беріп, ақша деп құлқынын теспей жүрсе де несібесі кетпей, дастарқаны берекелі болды. Содан да ел-халық сыйлады, ұста Үмбетжан, мергенші Үмбетжан, мергенші ата атанды. Дәулет анасы Зиба әжеміз де атамыздың атын атамай мергенші дейтін. Дәулеттің мінез-құлқы әкесіне ұқсап, шағыл құмдармен қыста шаңғытып, шаңғысымен төбеден құстай ұшып, әкесі сияқты қолмерген болды. Әжеміз Зиба Дәулеттің анасы ақсары, толық, еңгезердей, күліп отыратын, ел сыйлаған адам. Балаларын қақпайтын, қайда барса да оларды ертіп жүретін, әңгімешіл кісі болатын. Біреуді жамандап не жазғырып сөйлемейтін. Әжеміз жеңсік тамақтар мен дәмді астарды тәуір көретін. Тамақтың дәмін алып, асықпай ішетін. Дәулет әкесін әке, шешесін әже деп сөйлейтін. Шешей айтса болды, келіндері мен қыздары айтқанын екі етпей орындайтын, қорыққаннан емес сыйлағандықтан. Осындай ортада өскен Дәукеңнің үйінен қонақтар арылмайтын. Осы үйде мен талай асылдармен дәмдес болып, тәрбие алдым. Кішіпейілділік пен қарапайымдылықты, ғалым болудың қыр-сырын ұқтым. Ол әкесі мен шешесі сияқты сырбаз мінезді, маңдайы ашық, қолы мырза, дастарханы кең азамат. Үлкенді де, кішіні де бірдей сыйлайтын. Олармен сырласа сөйлесіп, керек жерінде домбырасын алып жіберіп, «Ақбақайды», «Көкшетауды», «Жиырма бесті», «Сұрша қызды» көтеріңкі дауыспен салып, жұртты сергітіп тастайтын. Керек жерінде қарқылдап күліп те алатын. Адамды көтермелеп, жауапкершілікті айтпай ақ жүктейтін. Пианиноны да еркін меңгеріп, ойнап ән салатын. Көпшілікке мұндай талантты бермегені анық. Қонақ келсін, мейлі өзіміз отырайық Дәукең ән салмай отыра алмайтын. Үлкен жиындарда ән салса ұшар құстай қомданып, жинақыланып, жауапкершілікпен кеудесін көтеріңкі ұстап, мәшіне, өзіне, бабына келгенде нағыз әртістердей өнер көрсететін. Тамағын кенеп қойып, келесі әнге сұратпай-ақ көшетін. Әсіресе, ол халық әндерін жақсы көретін. Мұны жақсы білетін Нәрен Дәукеңнің туған күнінен бір күн бұрын Қазақ радиосына барып Байғабыл Досымжановтың орындауында «Ақбақай» әнін Дәукеңе арнап беруін сұрады. Әнді естігенде Дәукең бір рахаттанып, сергіп, сырқатынан жазылып кеткендей болды. Дәукең бұдан жазылмады. Тағдырдың жазуы бойынша өмірден өтті. Қонақ алдында Нәренге де, маған да күй тарт дейтін, өйткені біздер студент кезімізде оркестрге қатысқанбыз. Нәрен «Қосалқаның» екінші түрін дүрілдетіп тартатын. Қолым домбырадан шығып кеткен соң оны мен тартпаймын. Есесіне Қызым Рауан жүздей күйдің авторы. Оның кейбіреуін ағасына тартып берген. Дәукең Рауанға шалқарлық Батақтың Сарысының бір әнін үйретіп кетті. Сары — әнші, композитор, ақын. Оның әнін Ахмет Жұбанов «Амангелді» фильмін түсіргенде пайдаланған. Дәулет, Жылқыбай, Аймырза Ахметовтер Ақтүбектегі бастауыш мектепте бірге оқыған. Мұғалімі Іскендір Құрманов. Кейін олар №1 мектепте оқығанда Зәкіратдин Байдосовпен, Мұхамбетқазы Тәжинмен бірге оқыған. Менің ағам Жылқыбай 6-класта оқып жүргенінде 1945 жылы Шалқарда теміржол училищесі ашылып, соған қырық баланың бірі болып оқуға түсіп кетеді. Сонда Зиядин Әбдуәлиевпен бірге оқып, жоғарғы дәрежеде бітіреді. Жәкең де өлең жазып, кітап шығарды. Мысалы, оның «Ата жолы» (Алматы, 2002) кітабында әкесі Елубай басқарып, Еңсепбай мен Кемал Аралшиде, Сарықамыста мектеп құрылысын жүргізгендігі сөз болады. Ол домбыра тартып, ән салған. Техникалық құралдарды өзі жасаған қас шебер. Шалқар вокзалы алдында болған Құрмет тақтасы мемориалының авторы сол болатын. Ерен еңбегі үшін Алматыдағы теміржолшылар мұражайында суреті ілулі тұр. Бұл да мектебіміздің қуанышының бір көрсеткіші. Дәулет Үмбетжановтың жастар қамқоршысы болғандығын мына бір ақиқаттан байқауға болады. Республикалық «Білім» қоғамының төрағасы О.Жәутіков орынбасары болып, республикада математикалық білімнің тарауы мен дамуына үлес қосты. Мәселен, Қыздар педагогикалық институты жанынан «Білім» қоғамының бөлімшесін ашып, Алматы қаласы және Алматы облысы мектептерінің оқушылары мен мұғалімдеріне «Математикалық лекторий» арқылы және орталық теледидар арқылы сырттай оқушы студенттерге арнап дәрістер оқыды. Мен де орталық теледидар арқылы оқушыларға арнап «Есепті қалай шығару керек?» тақырыбында сегіз дәріс оқыдым. Кейін ол кітап болып басылды. Сондай-ақ, Көкшетау, Алматы, Қарағанды облыстарына барып, Шалқардағы №1 қазақ орта мектебіне келіп, мұғалімдерге компьютерді сабақта пайдалану туралы дәріс оқыдым. Бұл кезде әлі мектепке компьютер енбеген болатын. Ол туралы шалқарлықтар газетке мақала да жариялады. 

Кемерге соғатын теңіз толқынындай Ұлықұмның ұлы ұланы Дәулет Үмбежанов туралы көп әңгіме саралауға болар еді, оқырманды жалықтырмас үшін сөзімді былай аяқтағым келеді. Қазақ, орыс тілдерінде шұрайлы, қысқа сөйлеп, жаза білетін ол француз, ағылшын тілдерін де жетік меңгерген, иманды, адамгершілігі мол, уақыт таңдамай қиын ғылымға мойын бұрған жан. Оның өмір жолы жастарға үлгі.

Советбай Елубаев,

педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, мемлекеттік сыйлықтың және «Алтын медаль» иегері, Шалқар қалалық қазақ орта мектебінің 1956 жылғы түлегі.