ЗИБА ӘЖЕНІҢ 105-ШІ КӨКТЕМІ

Шалқар ауданы бойынша ең жасы үлкен адам — Бозой ауылында тұратын Зиба Келімбетова есімді әже. Ол осы жылдың баcында 105 жасқа толды. Кіндік қаны тамған жері—Қызылорда облысының Арал ауданы. Әке-шешесі сол заманның бақуатты кісілерінің қатарынан саналған. Содан болар, әкесі Ернияз «пәрменділердің» бұйрығымен қудалауға ұшырайды. Бала Зибаны сол тұста Махамбет Келімбетов деген ауылдасы өзінің перзенті болмағанын алға тартып, атына жаздыртып алады. Бойжеткен шағында Зиба Аралға қарасты Құланды ауылының азаматымен  тұрмыс құрады. Арал теңізі кемелденіп тұрған сонау шақта олар балық аулау ісін  отбасылық кәсіпке айналдырған.

  — Әйелдің  ошақ басындағы тірлігі таусылған ба?! Біз де жас кезде өзімізге қараған кез-келген үй мен тыстың шаруасын уақытпен санаспай атқара беретінбіз. Егін ордық, сиыр сауу, т.б. жұмыстарға аянбай араластық. Әйтеуір отағасының жанынан қалмай, ерлерше жұмыс істегеніміз рас. Оның қайсысын айтып тауысасың, көп қой,— дейді ғасыр куәгері.

Ұзақ жасаған әже: «Өз қалауыңмен адал дастарқаннан ауқаттану денсаулыққа пайдалы. Тамақты әлі күнге дейін талғай бермеймін», — дейді. Ал көп жасаудың сыры неде деген сауалымызға ол: «Жас кезімде малдың сүтін саумалдай, яғни, жылылай ішуді дағдыға айналдырдым, мүмкін содан болар. Осы күнге дейін басты байлыққа шағым айтқан күндерім аз  деп жауап қатты,— Зиба әже.

Оны назардан тыс қалдырмай баптап, батасына кенеліп отырған шаңырақтағы келін Күнсұлудың да беделі ауылдастарының алдын бір төбе. Енесіне  деген қамқорлығы көпке үлгі.  Бір қыз бен бір ұлды өмірге әкелген қарт кісі қазір ұлынан 4 немере, 2 шөбере, қызынан 5 жиен немере, 12 жиен шөбере сүйіп отыр. Бозойлықтар Зиба әжені сөзге ұста адам деп біледі. «Ол кісіден асырып кім айтқан дейсің?!» — деп тауып айтатын шешендігіне тамсанады. Ал қолдағы немере-шөберелері әжелерінің әрдайым сүйеніші. Үлкен кісі елдегі жаңалықтардың анығын кейде солар арқылы естіп алады.

«Менің  шашым  жас кезімде өте ұзын болды, тіпті  екі бұрымымды орап күлтемнің екі қалтасына салып алатын едім»,— деген әже жастарға былай деп өсиетін айтып, Ұлыстың ұлы күнініне орай батасын берді.

— Болашақ тұтқасын уақыт көшімен алмасып жаңа жас ұрпақ ұстайтыны ақиқат. Сол жастармыз зейінді, ұлтқа адал, елдік дәстүрден аттамауы тиіс. Оның барлығы берекелі шаңырақтағы тамшыдай тұрақты берілетін тәрбиемен қалыптасады. Әрбіріміз осыған мығым болсақ, келешегіміз жаман болмас.

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі әр шаңыраққа бақыт, мол ырыс, несібесін әкелсін! Басты байлық деннің саулығы, бауырдың бүтіндігі, әрбіріміздің амандығымыз ғой. Ырыс, несібе, адал ниетпен, маңдай термен келеді. Баршаңызды соған апаратын жолдан адастырмауға Тәңір жазсын! Жыл басы — Наурыз мерекесі құтты болып, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! — деп батасын берді Зиба әже.

Бата, тілекті қашаннан да үлкеннен сұраған халықтың ұрпағымыз. Ендеше, ғасыр әженің айтқандары қабыл болғай!
Мұхтар МЫРЗАЛИН.