№3 орта мектебіне — 60 жыл
Қаламыздағы №3 орта мектебі алғашқыда Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту кезінде шопан балаларына арнап ашылған мектеп-интернат болды. Оған бұрынғы РТС мекемесінің 5 екі қатарлы үйлері берілді. Олардың біреуі оқу корпусы, қалған төртеуі оқушылар жатақханасына арналды. 1959 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған білім ордасында алғашқы уақытта 164 оқушы оқып, 10 мұғалім, 12 тәрбиеші еңбек етті. Бұл жылдары мектеп-интернат директоры болып Өксікбай Тілеубергенов, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Емберген Тереков, аға тәрбиеші болып Зағипа Лепесова бекітілді. Кейін 1961 жылдан 1982 жылға дейін мектеп-интернатқа Шәумен Елмағанбетов басшылық етті. Ол осынау білім ордасының материалдық базасының нығаюына үлкен еңбек сіңірді. Атап айтқанда, 500 балаға арналған оқу корпусының, 100 орындық асхананың, моншаның жаңадан салынып, іске қосылуына үлкен ықпал етті. Сол жылдары балалар жататын жатақханаларға су құбырлары, жөндеу жұмыстары жүргізілді. 1982 жылы желтоқсанда бу қазандығы және асхана табиғи газға қосылды. Мектеп ауласы көгалдандырылып, ағаштар отырғызылды, айналасы қоршалды.
Мектеп-интернат ұжымында педагогикалық істің нағыз шеберлері, білімді ұйымдастырушылық қабілеттері жоғары басшылар мен педагогтар жұмыс жасады. Мектеп-интернат ашылғаннан бері қарай Ө.Тілеубергенов, Ш.Елмағанбетов, Ә.Байсанов, Қ.Сартабанов, Н.Мырзатаев, К.Баймағанбетов сынды директорлар басшылық етті.
Олар «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «ССРО оқу ағарту ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған Ш.Елмағанбетов, Қазақ ССР-нің оқу ағарту ісінің үздігі, еңбек ардагері республикалық мұғалімдер съезінің делегаты, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, аға оқытушы қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі З.Лепесова, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Р.Қалыбекова, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері А.Ещниязова, Б.Көбенова, І.Ілиясов, т.б.
1960 жылы мектеп-интернат жанынан Қаз. ССР-нің 40 жылдық мерейтойына орай халық аспаптар оркестрі құрылды. Әртүрлі аспаптарда ойнайтын 60-қа тарта өнерпаздар болды. Ақтөбе қаласында өткен көркемөнерпаздар сайысында оркестр тамаша өнер көрсетіп, арнаулы дипломдармен марапатталды. Оркестрді ұйымдастыруда мектеп ұстазы, музыкант Ізбасар Ілиясовтың еңбегі зор болды.
Білім ордасы 60 жыл ішінде талай білімді, саналы шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Мектеп-интернат кезінде білім алған, қазіргі уақытта шаруашылықтың әртүрлі салаларында еңбек еткен мектеп түлектерін мақтанышпен айтуға болады. Олар Серік Шаңғұтов, Жұмабай Баешов, Зияш Төлеуова, Аманғазы Бақтыбаев, Тұрғанбай Мұхамбетов, Жеткерген Өтегенов, Қойшыбай Әминов, Рая Ақылбекова, Сембай Қобыландин, т.б. Шопан балаларына аға да болған, пана да болған мектеп-интернат 1991 жылы жалпы орта білім беретін мектеп болып қайта құрылды. Қазақстан тәуелсіздігін алған жылдары орта мектепке айналған білім ордасына С.Көпенов, К.Жұмағалиева, С.Шаншаров, Қ.Бұхарбаев, Қ.Тілеш, М.Әлиева басшылық жасап, директор қызметін атқарды.
2009 жыл қаңтар айының 13-і күні ашылған мектеп мұражайында мектеп тарихы туралы толық мәліметтер жинақталды. 2016 оқу жылының қаңтар айында мектеп басшысы болып Айгүл Қуанышқалиқызы Шалабаева тағайындалды.
ҰБТ, МАБ қорытындылары бойынша мектеп ұжымы жақсы нәтижелерге қол жеткізгенін, мектеп түлегі Мөлдір Аренова (2008-2009 оқу жылы), Дария Бұхарбаева (2011-2012 оқу жылы), Әділбек Пұсырманов (2012-2013 оқу жылы), Анар Досқалиева, Айгерім Нарынбаева (2014-2015 оқу жылы), Қаракөз Амангелдина, Ақниет Есқарина, Нұрлы Көпжасар (2015-2016 оқу жылы), Жұлдыз Алдабергенова, Меруерт Көпжасар (2016-2017 оқу жылы) «Алтын белгі» белгісін мақтанышпен айта аламыз.
2017-2018 оқу жылында «Самұрық-Қазына» АҚ Компаниялар тобы бар өңірлердегі «Менің Елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы Ақтөбе облысының орта білім беру ұйымдары арасында өткен «Биіктерге бірге!» үздік спорттық жоба-байқауына қатысқаны үшін №3 орта мектебіне «М+» типті спорттық жабдықтар кешені берілді. Мектебімізде спорттық жабдықтар кешенімен бір кабинет жабдықталып, ұстаздар мен оқушылар пайдалану үстінде.
2017-2018 оқу жылында мектебіміз «№3 ЖОББМ» КММ-сі болып өзгертілді. Биыл алпыс жыл толатын білім ордасында 115 ұстаз бен кіші қызметкерлер еңбек етеді. 57 мұғалімнің ішінде 20-ы — жоғары санатты,13-і — бірінші санатты, 16-ы — екінші санатты. Мектепте жоғары білімді 49 мұғалім, орта арнаулы 8 мұғалім еңбек етеді. Мектеп ұстаздары СТО, БИС, жаңартылған білім мазмұнымен сабақ береді.
2017-2018 оқу жылының І жарты жылдығында робототехника құрылғылары келді және мынадай құрылғылардан тұрады: базалық түрі, ресурстық түрі, ардуина, 3D принтер. Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілікті арттыру курсынан робототехника бағдарламасы бойынша мектебіміздің информатика пәні мұғалімі Б.Берниязова бітіріп шықты. Мектебімізде «Робототехника» үйірмесі өз жұмысын бастады. Осы технология арқылы мектебімізде бірнеше семинарлар өтіп, мұғалімдер өз тәжірибелерімен алмасты. Сонымен бірге «Қылқалам» жас суретшілер, «Шебер қолдар» тігін үйірмелері, спорттық секциялар жұмыс жасайды.
2018-2019 оқу жылында «№3 ЖОББМ» КММ-де 404 оқушы білім алуда. Аз қамтылған отбасынан шыққан оқушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Аз қамтылған отбасы балалары үшін мектепте «Мектепке жол», «Қамқорлық» акциясы өткізіліп отырады.
Мектеп ұстаздары мен шәкірттері аудан, облыс, республика көлемінде өткізілген іс-шараларға белсене қатысып, биіктерден көрінді. Атап айтқанда, 2016 оқу жылында «№3 ЖОББМ» КММ «Үздік мектеп жастары» атағына ие болды. Аудандағы білім беру ұйымдарының өнер аясындағы озық тәжірибелерін жинақтау және өмірге енгізу мақсатында ұйымдастырылған аудандық 28-ші Универсиада ойындарының өту барысында жастар арасында қысқы спорттық шарада Алғыс хатпен марапатталды. Республикалық «Орта білім беретін үздік ұйым» конкурсында ІІ дәрежелі дипломын иеленіп, Айгүл Қуанышқалиқызы Халықаралық педагогика және инновациялық технологиялар ғылым академиясы басшысының Алғыс хаты, Астананың 20 жылдық мерейтойына орай білім беру ұйымдары директорларының арасында өткен «Үздік директор — 2018» атты республикалық байқауынан І дәрежелі диплом және төсбелгімен марапатталды. Жыл сайын өтетін дәстүрлі аудандық пәндік олимпиадада 2017-2018 оқу жылында командалық ІІ орын, 2018-2019 оқу жылында командалық ІІІ дәрежелі дипломды иеленді. «Бақытты отбасы — бақытты балалық шақ» партиялық жобасы аясында өткізілген «Үлгілі отбасы» атты эстафеталық сайыста Оралбаевтар отбасы І орынмен Күнімкүл Қазмағанбет, Амангүл Шакеева, Гүлзада Дәуітова — Қазақстан Республикасы білім беру саласында шығармашыл, тәжірибелі ұстаздық еңбегі үшін «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталды. Әнуар Даулетбаев дене шынықтыру пәні мұғалімдері арасындағы тоғызқұмалақтан Қазақстан чемпионатында І орынмен Жансерік Жандос, Мейрамбек Жандос Қазақстан кубогінде ерлер арасында 40- 49 жас ерекшелігі бойынша ІІ орын және «Спорт жұлдыздар» республикалық журналының, Қазақ спорт және туризм академиясының, Қазақстан шахмат федерациясы Дипломымен марапатталды. Гүлзира Жайылғанова Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Астана — ғылым мен білім ордасы» атты облыстық педагогикалық эссе-байқауына қатысып, тіл байлығы мен ойлы орамдарды шебер қолдана білгені үшін ІІ орынмен, республикалық «Үздік әдістемелік жинақ» байқауынан І орын иеленіп, «Жыл үздігі —2018» төсбелгісімен марапатталды.
Ләззат Жандосова Қазақстан Республикасы Білім беру жүйесінің үздік қызметкерлерінің «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» атты жинаққа еніп, биология пәні мұғалімдері арасында өткен облыстық пәндік олимпиадада ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Дәмиға Нөкешова облыстық «Ұстаз тағылымы» энциклопедиясына еніп, республикалық салалық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасымен, Сәрсенғали Құлетов, Дәмиға Нөкешова облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен және Сәрсенғали Құлетов республикалық деңгейде «Үздік төреші» номинациясы бойынша дипломмен марапатталды. Жаңылсын Ашықбава, Меңдіхан Тажмағанбетова, Жанар Наурызалы, Гүлзада Дәуітова, Света Құрман, Лора Жандосова «Жыл үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Света Құрман, Лора Жандосова Халықаралық педагогика және инновациялық технологиялар ғылым академиясы басшысының Алғыс хатымен Жанар Наурызалы, Меңдіхан Тажмағанбетова, Шынар Машакова Республикалық «Нұрлы Жастар» өнер орталығының грамотасымен марапатталды. Айнұр Құламанова Астана қаласының 20 жылдығына орай білім беру ұйымдары педагогтарының арасында өткен «Үздік қазақ тілі пәні мұғалімі — 2018», Самал Утегенова «Үздік орыс тілі пәні мұғалімі — 2018» атты республикалық байқауынан ІІ дәрежелі диплом және төсбелгімен марапатталды.
№3 орта мектебінде жақсы педагогикалық ахуал және ұйымшыл еңбек ұжымы қалыптасты. Өзінің 60 жылдық мерейтойын мектеп ұжымы толағай табыстар, жаңа жетістіктерімен қарсы алғалы отыр.
Гүлназ Қожанова,
№3 орта мектебінің қосымша білім беру педагогы.