АНАЛАРДЫҢ МЕЙІРІМІ КҮН НҰРЫНДАЙ ШУАҚТЫ

Өткен жылдың қараша айында ауданымызда аналар кеңесі құрылып, өз жұмысын бастады.  Мереке қарсаңында аталған кеңес төрайымы Маржан Бекетоваға жолығып, әңгімелескен едік.

— Өзіңіздің өмір жолыңыз бен іс-тәжірибеңіз туралы айтсаңыз…

 — 1959 жылы 9 наурызда дүниеге келдім.1965 жылы Шолақжиде бастауыш мектебіне 1-сыныпқа қабылданып, Аяққұм елді мекеніндегі сегізжылдық мектепте жалғастырып,  1975 жылы Айшуақ орта мектебінен онжылдықты бітірдім.Әкем Қалдау Әділханов отыз жылға жуық ферма басқарушысы, анам Набат үй шаруасында болды. Мектеп бітіргеннен кейін анамның  «қыз бала жат жұрттық қой, бір жыл қолымызда болсаң қайтеді әрі жалғызіліктімін», — деген ұсынысымен бір жыл ауылда қолдарында болдым. Кейде бір күнде бірнеше мал сойылып қонақ қабылдайтын кездер де болғанын көріп өскендіктен ата-анамның ұсынысын қабыл алдым.1976 жылы Ақтөбе педагогикалық институтына физика пәні мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1980 жылы  бітірдім.

Алғашқы еңбек жолымды Аяққұм сегіз жылдық мектебінен бастадым. 1983 жылы шалқарлық Темірбек есімді жігітімен бас қосып, үш бала тәрбиелеп өсірдік. Жұбайым көп жылдан бері қаламыздағы газ шаруашылығы мекемесінде жұмыс жасайды. Балаларымыздың барлығы да жоғары оқу орындарын бітірді. Тұңғышымыз Досбек жоғары оқу орнын тәмамдап, әскерге де барып келген еді. Қызметте жүрген кезінде осыдан он екі жыл бұрын жиырма төрт жасында көлік апатынан қайтыс болды. Екі қызымыз  тұрмыста. Үлкен қызым Гүлсана қаламыздағы №4 орта мектебінде еңбек етеді. Айданамыз №8 орта мектебінде мұғалім. Санжар, Нұртілек, Әлімхан есімді жиендеріміз бар.

1983 жылдан бастап 2009 жылдың сәуір айына дейін  қаламыздағы білімнің қара шаңырағы атанған №1 орта мектебінде жұмыс жасадым. Алғашқы жылдары алты жасарлар тәрбиешісі, ұзартылған күн тобында тәрбиеші болдым. 1990 жылдан бастап бастауыш сынып мұғалімі болып орналастым. Қырық жылға жуық ұстаздық еңбек жолымның ширек ғасырдан астамын осы мектепте өткердім. Білім жолы қашанда қиын, жауапкершілігі мол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. Сондай жандардың қатарында ұстаздардың ұстазы болған Аққағаз Құлмағанбетова, Базар Боранбаева, Ақжарқын Елпанова, Орынша Садықова сынды апайларыммен әріптес болдым. Мен үшін бұл кісілердің орны ерекше бөлек. Бірі қатаң талапшыл, енді бірі бала жанын баурап алатын керемет қылығымен, әйел болмысына тән ибалығымен, үлкенге де кішіге де сіз деп тұратын әдептілігімен ерекшеленетін. Міне, өз тәжірибемде осы ұстаздардан өзіме қажет-тісін алдым десем де болады.

2009 жылы Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша қаламыздан бой көтерген №8 орта мектеп территориясына қарайтын оқушылар сол мектепке жіберілді. Менің сыныбымның  жартысынан көбі сол мектепке ауысатын болды, сондықтан мен де сыныбыммен бірге 2009 жылдың 2 сәуірі күні жаңа мектепте жұмысымды жалғастырдым. Заманауи салынған облыстағы екі мектептің бірі. Жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Ұжымның дені жастар болды. Осы мектепте зейнеткерлікке шыққанға дейін жұмыс жасадым.

Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы —  ұстаз берген білім. «Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды» демекші, ұстаз қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Еңбек еткен жылдарым жеміссіз болған жоқ. Көптеген шәкірттерім талай додаларда топ жарып, жүлделі орындарды иеленді. Ұстаз қай кезде де шәкірт жетістігімен мақтанады.  Дәріс берген шәкірттерім еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүр, мәселен, Тойжан Мұзафарова есімді оқушым Қазақстан Республикасы Парламенті материалдық қамтамасыз ету басқармасының ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің бас сарапшысы болып қызмет атқарады.

«Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз» деген екен Қаныш Сәтбаев. Сол айтқандай, ең алдымен, өз кәсібіңе деген зор сүйіспеншілік болғаны абзал. Міне, қазір зейнеткерлікке шықсақ та қарап отырғанымыз жоқ, бірнеше қоғамдық жұмыстарды атқарып жүрміз.

— Аналар кеңесінің құрылудағы мақсат-міндеті қандай? Оның құрамына тоқталсаңыз…

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де әйел-ананың ақ сүті мен ақ ниетінен тарайды» деген тамаша сөзі бар. Шынымен де өмірде нәзік, ал істе мығым, дәстүрге адал әйелдер қауымынсыз қоғамның даму үрдісін көзге елестету мүмкін емес.

Өткен жылдың қараша айында аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев бірқатар ардагер-ұстаздарды шақырып, аналар кеңесін құру қажеттілігі жайында ақылдасқан болатын. Көп ұзамай аналар кеңес құрылып, оның мүшелері сайланды. Көпшілігі ардагерлер, қызметте жүрген қыз-келіншектер де бар. Мүшелері түрлі сала иелері. Атап айтсақ, мұғалім, дәрігер, көп балалы аналар, кәсіпкерлер… Сонымен бірге мүшелері тек қаладан ғана емес әрбір ауылдық округтерден де сайланды. Олар Күлай Жұмағалиева, Сәндеш Нұралина, Өрік Наурызғалиева, Бақтылы Спанова, Ділдаш Батырғарина, Айна Лепесбаева, Роза Дәуітова, Гүлжан Сәкенова (Бозой ауылдық округі), Гүлшат Зарипова (Біршоғыр ауылдық округі), Задагүл Қангереева (Айшуақ ауылдық округі), Гүлнар Амантаева (Есет Көтібарұлы ауылдық округі), Рая Иманбаева (Кішіқұм ауылдық округі), Клара Елеусізова (Тоғыз ауылдық округі), Күлаш Сейтжапарова (Жаңақоныс ауылдық округі), Қалима Тұрмағанбетова (Қауылжыр ауылдық округі). Алдағы уақытта басқа да салалар бойынша  қызметкерлерді  тарту жоспарда бар. Бір таңқаларлығы, біздің кеңес мүшелері бір емес бірнеше қоғамдық жұмыстарды атқарады.

Мақсат — Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жалпыадамзаттық ұлттық дәс-түрдегі рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу арқылы қазіргі қазақстандық қоғамның сұраныстары мен талаптарына сәйкес, көпшілік сананың, жаңа толқынын қалыптастыруға ықпал ету, ұрпақ тәрбиесіндегі аналардың қадір-қасиетін арттыру. Осыған орай бірқатар міндеттерді алға қойдық. Атап айтар болсам, отбасы және ана беделі негізінде қоғамдық келісім мен ел бірлігін қамтамасыз ету, сондай-ақ, отбасылық құндылықтар мен қасиеттерді сақтау, ана мен бала құқығы жөніндегі шараларды жүзеге асыру, келешек ұрпақ тәрбиесіне баса назар аудару, көп балалы, аз қамтылған отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек беру шараларын ұйымдастыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулықты нығайтуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру.

— Кеңес жұмысы жөнінде не айтасыз?

— Екі ай сайын кеңес мүшелерінің отырысы өтіп, түрлі тақырыпта шаралар қойылып, атқарылған және алдағы жұмыстар жайында пікірлесулер болады. Осы уақыт аралығында өткізілген үлкен шараларымыздың бірі — Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жерлесіміз Гүлімай Әбішқызының «Сәлеметсіз бе, бақыт?» атты шығармашылық кеші. Шара барысында Ақтөбе қаласындағы «Рухнама» шығармашылық орталығының жастары ақын шығармашылығынан лирикалық мюзикл әзірлесе, шалқарлық ақын қыздарымыз өз өлеңдерін оқыды. Кеш жоғары деңгейде өтті. Енді алдағы уақытта ұйымдастырылғалы отырған шараның бірі «Қайырымдылық сөресі» деп аталады. «Қайырымды іс жаса, қайырлы болар әр ісің» демекші, мұқтаж жандарға көмектесу, шын жүректен жақсылық, қамқорлық жасау әр адамның парызы. Сонымен бірге  әйелдер құқығы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрсетілген ұлы есімдер және түрлі саладағы еңбек адамдары, өнер иелері, көп балалы аналар туралы мақалалар аудандық «Шалқар» газетінде жарық көруде. Ауданымызда жақында ғана бұрынғы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен «Тәрбие. Отбасы. Қоғам» тақырыбындағы кездесуде кеңес мүшесі Күлай Жұмағалиеваның «Отбасындағы бала тәрбиесі» тақырыбында жасаған баяндамасы көпті ойландырды. Біздің кеңес жаңадан құрылып жатқандықтан жоспарға сәйкес атқарылыр жұмыстарымыз әлі алда.

— Жалпы отбасындағы бала тәрбиесіне байланысты өзіңіздің ой-пікіріңізді білсек…

— Тәрбие төркініне келетін болсақ, «Бала — болашағымыз» деп санайтын ата-бабаларымыз ұрпақ тәрбиесіне аса байыппен, сақтықпен қараған. «Ұл тәрбиелей отырып  жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз»  дейді халық даналығы. Өзіңізге белгілі қазіргі таңда көпті алаңдатып отырған жайттардың бірі де осы  бала тәрбиесі, оның ішінде жастар, әсіресе, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Тәрбиелі бала қашан да қоғам мақтанышы. Тәрбие тал бесіктен бастау алады. Әр ата-ана бала болашағынан үлкен үміт күтеді, алайда қай жерде, қандай кемшілік кеткенін білмей қаламыз. Отбасы бұл ұлттың, елдің, әлемнің негізі, сондықтан әр ата-ана бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарымыз бен асыл қасиеттерімізге баланы кішкене кезінен сөз бен де іспен де тәрбиелеу  керек. Қандай жағдай да балаға ең бірінші ата-ана жауапты екенін әсте естен шығармаған жөн. Қарапайым мысал ретінде айтайын, мектептегі ата-аналар жиналысы тағы басқа іс-шараларға  көп жағдайда аналарымыз ғана келеді, ал әкелер қайда? Отбасында әкенің рөлін қашанда жоғары ұстаған халықпыз. Сондықтан отбасында бар жүкті аналарымызға ысырып қоймай, әкелеріміз де ойлану керек. Сондай-ақ, «Егер елдің жағдайын білгің келсе мектепке бар» деген бабаларымыздан қалған  керемет сөз де бар. Сол ұлылар айтып кеткендей, қазіргі таңда мектептер өз жұмысын қалай жүргізіп жатыр? Мектепте қандай ұстаным, мінез-құлық нормалары, құндылықтар мен дәстүрлер басым? Мектеп мұғалімдері жаңа бағдарламадағы оқушыларға қажетті машық пен дағдыны бере ала ма? — деген ойлар да көпті мазалайтыны жасырын емес. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Жүсіпбек Аймауытов ұстаз қызметін «Ұстаз шәкірттерге сабақ берумен, білім үйретумен шектелген маман иесі емес ол шәкірттерінің алдағы өмірін көз алдына келтіріп, өз басынан кешірген тәжірибесіне таянып, келешекте жазатайым аяғын шалыс басып, өмірден соққы жеп, өкінбеске күні бұрын сақтандыратын қорғаушысы», — деп бағалаған. Ендеше, біздің ұстаздарымыз, оның ішінде тәрбие ісі жөніндегі мамандарымыз осы бағаға лайықты болу керек. Қалай десекте мектеп пен ата-ана арасында үнемі байланыс болғанда  ғана нәтижелі жұмыс болады. Қазір жасөспірімдер тәрбиесіне тек мемлекеттік мекемелер ғана емес, көптеген қоғамдық ұйымдар да атсалысып жатыр. Әрбір мектептерде әкелер, аналар, қамқоршылық кеңестері құрылды. Мектептерде кеңес мүшелері ата-аналар, оқушылармен бірлесе отырып көптеген шаралар өкізуде. Мұндай шаралардың да бала тәрбиесіне берері мол.

— Мерекелік тілегіңіз…

— Барлық аналарды, қыз-келіншектерді көктемнің көрікті мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Әрбір отбасына амандық, ырыс пен ынтымақ, бақ пен береке тілеймін.

— Әңгімеңізге рахмет!

   Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ, «Шалқар».