ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ОРТАҒА САЛЫНДЫ

Шалқарлықтар  жұмыс сапарымен ауданға келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі Аманғали Бердалинге бірнеше мәселенің  шешілуіне атсалысуын сұрады.

Мәжіліс депутаты алдымен «Қамқор Локомотив» ЖШС-ның Шалқар сервистік орталығына барған болатын. Теміржол мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысып, жөндеу цехында теміржолшылардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Депоның аға шебері Аман Құрманғали халыққа берілетін несие пайыздарының тым жоғары екендігін, айлық көтерілген сайын азық-түлік бағасының да құбылатынын жеткізсе, жөндеуші Жетпісбай Сисенбай теміржолшыларды зейнеткерлікке шығаруда нақты жүйе болу керектігін айтты. Ол экологиялық аймақта тұрып, теміржол саласында жұмыс істейтін азаматтардың денсаулығы бірінші кезекте ескеріліп, зейнетке шығу жасы да соған сай нақтыланса дейді.

Теміржол кәсіпорнының санитарлық бригадасының бригадирі Ләйлә Бисенбаева өз қарамағындағы азаматтардың мұң-мұқтажын халық қалаулысына жазбаша  тапсырды.

— Ғасырдан астам тарихы бар осы теміржол мекемесінде санитарлық бригада бұрыннан жұмыс істеп келеді. Онда еңбек ететіндерге 2011 жылға дейін жақсы айлық төленіп, уақытында еңбек демалысына шығып тұрды. Бертін келе мекемеден тысқары деген қағида қалыптасып, біздің еңбекақымызды белгілеу жыл сайын тендер арқылы ұтатын жеке адамға тиесілі болды. Айлығымыз мардымсыз, қазір қолға алатынымыз — 60 мың теңге. Экологиялық апатты аймақта тұрсақ та заңда көрсетілген үстемеақы бізге төленбейді, еңбек демалысы деген мүлдем жоқ. Биыл тендерді Нұр-Сұлтан қаласынан «4 ISTO.KZ» деген жеке кәсіпкер ұтып алды. Жыл сайын осылай тендерден жеңімпаз атанатындарға осы мұң-мұқтажымызды айтамыз, бірақ нәтиже жоқ. Жұмыс ауыр, қарамағымда 17 адам бар. Үлкен кәсіпорынның еденін жуудан бастап, ішкі барлық тазалық жұмыстарына жауаптымыз, — дейді теміржол саласында 40 жыл еңбек еткен Ләйлә Жексенбайқызы.

Депутат теміржолшылардың айтқан бұл ұсыныс-тілектеріне назар аударып, тиісті орындарға жеткізетіндігіне уәде етті.

Одан кейін мәжіліс депутаты Аманғали Бердалин Шалқар көлінің табанын тазарту жұмыстарының барысымен танысты.  Көл жанашырлары атынан сөз алған Ерлан Әбдікәрімов шалқарлықтар туған мекеннің ортақ байлығы — айдын көлдің келешегіне алаңдайтындығын, сондықтан оны тазалау жұмыстарына асқан жауапкершілікпен қарау қажеттігін айтып, осы тұрғыдағы өз ұсыныстарымен бөлісті.

Бірнеше жылдан бері көл жағасына көкөніс егіп, мал ұстайтын Саржан Жантілеуов бір топ табиғат жанашырларының  көл жағасында шаруа қожалықтары болмауға тиіс деген талаптарына қарсы өз уәжін айтты.

— Үкімет Шалқар көлінің келешегі үшін қыруар қаржы бөліп, тазартып жатқанда, оның іргесін бүлдіріп отыра беру жөн болмас, сондықтан ортақ мәселелерге біржақты қарамайық, — деді мәжіліс депутаты.

Аудандық орталықтандырылған кітапхананың «Коворкинг» залында өткен кездесуде қала тұрғыны Қуаныш Жарылғасынов ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып, дамыту үшін үлкен орталықтың қажеттігі және бұл санаттағы балалармен жұмыс істейтін мамандардың жергілікті жерлерде әлі де тапшы екендігін жеткізді.

— Субсидияны әр өңірдің мүмкіншілігін ескеріп, оның табиғатына қолайлы малдарды асылдандыруға көбірек беруді қарастыру керек. Мәселен, шөлді аймақ болып саналатын Шалқар ауданында түйе шаруашылығын дамытуға болады. Бірақ түйенің басын асылдандыру үшін субсидия берілмейді, — дейді мал шаруашылығын дамыту жөнінде ой бөліскен Болат Мұңайтбасов.

Аудан белсенділері бұдан басқа да өзекті мәселелерді қозғап,  аудандық мәслихаттың депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі Жарылғасын Шамбалаев жергілікті халық қалаулылары атынан ауданға ортақ бірқатар ұсыныстарды жазбаша түрде Мәжіліс депутатына тапсырды.

Шалқарлықтармен кездесу қорытындысында Аманғали Бердалин көтерілген әрбір талап-тілектер мен ұсыныстардың барлығы назарында болатындығын айтты.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН.